Бірлігі бекем ауылдың берекесі артады

0 5

Осыдан 2 ай бұрын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсын жариялаған еді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға және жергілікті маңызы бар мәселелерді тиімді шешуге үлес қосқан, жұмыста жоғары практикалық нәтижелерге жеткен үздік ауыл әкімдерін анықтап, көтермелеуге бағытталған байқаудың облыстық кезеңіне жалпы 11 үміткер қатысқан болатын. Осы қатарда Т.Рысқұлов ауданы Абай ауылының әкімі Мұратбек Арыстанбеков үздік атанды. Алтын бесік – ауылды көркейтуге қандай үлес қосып, халыққа сапалы қызмет көрсетуде нендей тиімді тәсілдерді қолданатыны және ауылдықтарды толғандыратын бүгінгі мәселелер не екені жөнінде әңгімелесіп, сұхбаттасқан едік.

– Мұратбек Дәкенұлы, еңбегіңіз елене берсін! Облыс көлемінде қандай талаптарға сай келіп, «Үздік ауыл әкімі» атандыңыз?
– Бұл тек менің еңбегім, менің жеңісім деуден аулақпын. Қандай жетістікке жетсек те ол тек ауылдастарымның бірлігінің арқасында. Білесіздер біздің ауыл үлкен жолдың бойында, таудың етегінде орналасқан. Яғни шаруаға жайлы, топырағы құнарлы, тұмса табиғаты тамылжыған тамаша жер. Аудан орталығына да жақын. Көшіп келуші болмаса, қоныс аударушы жоқтың қасы.
Аталмыш байқау талаптары бойынша алдымен ауылда тұрғындардың игілігіне атқарылып жатқан жұмыстарды көрсету болды. Жалған ақпарат беріп, мақтанған жоқпыз. Барын бар деп, жоғын жоқ деп көрсеттік. Мойындаймыз, біздің ауыл зауыт, фабрикасы бар, дүркіреген мекен емес. Есесіне орналасу аумағының жайлылығына қарай ауылшаруашылықты кәсіп еткен елдімекенбіз. Халыққа ең керегі инфрақұрылым. Бұл мәселе біздің ауылда толық оң шешімін тапқан. 5 шақырымға жуық орталық және ішкі 7 көшеміз бар. Бәрі де түгел асфальтталған, жарықтандырылған. Тіпті соңғы үй салынатын жаңа көшелерімізге де асфальт төселген.
Естеріңізде болса, 2003 жылы осы ауданда болған зілзаладан кейін Абай ауылы да қайта жаңартылды. Елбасының, Үкіметтің қолдауымен 95 пайыз үйлер жаңа типте қайта тұрғызылды. Сол кезде, біздің ауылдың бағына бұйырып, «ҚазТрансГаз Аймақ» ауылымыздың мектебін салды да газын қоса тартып берді. Ауылға көгілдір отын кірген соң, тұрғындар көше комитеттері арқылы ұжымдаса жұмыс жасап, үйлеріне газ кіргізіп алды. 2004 жылдан бастап, 5 жылдың ішінде ауыл толық газдандырылды. Дегенмен, тұрмыстық жағдайға байланысты бірқатар үйлер көгілдір отынға қол жеткізе алмай қалды. Осындай 21 отбасының үйіне көше тұрғындары мен кәсіпкерлердің демеушілігін ұйымдастырып, 95 мың теңге тұратын жеңілдетілген газ құбыры кіргізілді.
Көшелердің толықтай жарықтандырылғанын әлгінде айтып кеттім. Енді солардың шамдарын соңғы 2 жылда заманауи диодты түріне ауыстырып жатырмыз. Түнде келсеңіздер ауылымыз самаладай жарқырап тұрады. Қарап отырсаңыз, ауылымыздың қаладан ешбір кемі жоқ.
– Ауызбірлікті ту еткен ауылда қылмыс, дау-жанжал секілді келеңсіздіктердің де жолы кесілген болар…
– Әрине, біздің ауылда осы жылдың басынан бері мүлдем қылмыс тіркелген жоқ. Өткен жылы өрістегі мал ұрлаудың 1 фактісі тіркелген болатын. Оны ұрлаған кісіні ұстап, ауыл ақсақалдарының кеңесінде талқылап, көптің алдында енді ешкімнің малына сұғанақтық жасамайтынына ант-су ішкізіп, уәдесін алдық.
Ауылдық округ әкімдігінде тұрмыстық келіспеушіліктер, төбелесу, ұрлық жағдайларының алдын алу үшін ақсақалдар мен аналар кеңесі тұрақты жұмыс атқарып отыр. Өткен 2019 жылы біріккен ауылдық кеңесте отбасына жайсыз, алкагольді ішімдікке құмар 2 азаматтың, қоғамдық орында кикілжің тудырған 2 әйелдің, ішімдікке әуес 1 әйелдің және өрістегі малды ұрлауға әрекет еткен 4 тұрғынның мәселесі қаралды. Тиісінше шешім қабылданды.
Бүгінгі қоғамның бір өкініші – ажырасу десек, өткен жылдан бері ауылымызда бір де бір шаңырақ шайқалған жоқ.
Сондай-ақ, ауылдық округтегі бұрын алкагольдік ішімдік сатқан «Нұрасыл» және «Нұрай» дүкендерінің иелері 2019 жылдың қаңтарынан бастап, өз еріктерімен ащы су сатуды тоқтатты.
– Ынтымағы жарасқан ауылда жәрдемге мұқтаж жандарға көмектесу де қалыптасатыны бар. Қайырымдылық шараларын ұйымдастыратын шығарсыз?..
– Қазіргі таңда ауылымызда көмекке мұқтаж 20-ға жуық отбасы бар. Олар біздің тұрақты қамқорлығымызда. Әкімшілік кәсіпкерлерді, тұрмысы төмен отбасыларының ағайын-туыстарын ұйымдастырып, қайырымдылық шараларына ұйытқы болып жүр. Қайырымдылықтың қайтарымы болатыны сөзсіз. Және көмектесу арқылы тағдырдың тәлкегіне ұшыраған жандардың сенімін оятамыз. Қиын жағдайда жүрген жанды ешкім қолдау көрсетпей, жалғыз қалдырса, оның өмірге деген өкпесі артып, елге, билікке сенімсіздікті туындататыны белгілі. Ал қамқорлықты сезінген адам өзі де басқаға қол ұшын беруге, көпшіліктің ортақ шешіміне үн қосуға дайын тұрады.
Қазіргі пандемия жағдайында карантин басталғалы бері ауыл жастары, оның ішінде ауылына келген сыртта қызмет ететін жігіттер де бар, бәрі бірігіп, қиын сәтте ауыл тұрғындарына көмектесуді қолға алды. Және мешіттің қасынан әлеуметтік асхана салуды ұсынып, бірлесіп, көктемнен бері қабырғасын тұрғызып та тастады. Бұл асхана құдайы тамақ тарату, ас беру секілді Құран оқылатын жиындарды ішімдік ішілетін мейрамханаларда өткізбей, таза жерде ұйымдастыру үшін бастаған баянды бастама. Құрылысының аяқталуын 2 жылға деп жоспарлап отырмыз. Алайда асығыстық жоқ, ауыл тұрғындары шамасына қарай әрекет етеді. Мұнда ешқандай мемлекеттің қаржысы жұмсалмаған, сондықтан тұрғындар өз шамаларына қарай аяқтайды. Бұйыртса, биыл бітіруі де мүмкін.
Сонымен қатар 2 отбасыға асарлатып баспана салып беру жобасы да абайлықтардың қолдауына ие болды. Біреуі – жалғызбасты ана, екіншісі бала кезінен мүгедек, көпбалалы отбасынан шыққан жігіт. Бұл жігіт үйінің іргетасын өздері құйып қойған, енді соны ары қарай асарлатып тұрғызбақпыз. Бұлардан бөлек, тағы бір жасы үлкен кісі іргетасын құйып, қажетті кірпіштерін әкеліп қойған. Ауылдықтар болып, қабырғасын қалап, ары қарайғы құрылысына көмектеспекпіз.
«Үздік ауыл әкімі» байқауының шарттарына қарай жазған эссемде «Жастар – менің басты көмекшілерім» деп атап көрсетіп, олардың қайырымдылық істерін арнайы атап өттім. Ауыл жастарының қаржысымен мешітіміз ағымдағы жөндеуден өткізіліп, жастар орталығының ғимаратына дене шынықтыру құрылғылары орнатылып, ауласы абаттандырылды. Сол жастардың ішіндегі белсенділері Алтай Исалиев, Қанат Ботақанов, Шалқар Теңгебаев, Уалихан Екеев, Арман Ақатаев, Руслан Рахимов, Дулат Жұмашевтың еңбектеріне ел риза. Сонымен қатар, Берік Қарақойшиев, Жиекбай Өскенбаев, Бисенбай Нұрботаев, Бақытжан Іңкәрбеков сынды кәсіпкерлеріміздің қолдауы баршылық. Ол кісілерге ауыл тұрғындарының атынан шексіз алғыс айтамын.
– Ауылдарыңызда бүгінде нендей мәселе түйткілді болып тұр?
– Қазіргі түйткілді мәселеміз – егіндікке тау суын жеткізу дер едім.
Ауылдық округіміздің жалпы аумағы 30 мың гектар болса, оның 5 мыңы егістік, 200 гектары суармалы жер, 23 мың гектары жайылым. Егістіктің 2 мыңнан аса алқабына дәнді дақылдар егілген. Қант қызылшасын өсіретін «Дауылбай» шаруа қожалығы 2018 жылы гектарына 500 центнерден өнім алып, үлкен жетістікке жетті.
Алайда қант қызылшасын дамытуға бізде су тапшылығы жол бермей отыр. Елімізде «Қазсушар» деген мекеме бар, бірақ бізге оның нақты көмегі болмай тұр. Мысалы ауылда кеңес өкіметі кезінде 200 гектарға дейін қант қызылшасын егетін. Біз қазір 65-70 гектарға еге аламыз. Оны да егуге судың жоқтығы қолбайлау болып тұр. Біздің аумақ тау суын бетон арықтар арқылы алып келумен суғарылады. Сол арықтар қирап, әбден тозығы жетіп тұр. Оны «Қазсушар» да, аудан басшылығы да біледі. Бірақ әлі күнге жөнделмей тұр. Егер сол кедергі болмаса, су жақсы жеткізілсе, қант қызылшасын егуді қолға алсақ, бұл өте өнімді өсімдік. Тозған арықтың салдарынан су жерге ағып, бау-бақшаға аз мөлшерде жетіп жатыр. Біз бұған қатысты аудандық газетке де жаздық, суретке түсіріп, тиісті орындарға хат та жаздық. Бірақ, әлі де нәтиже жоқ.
– Мал шаруашылығының қарқыны қандай?
– Біздің ауыл ерте кезден мал бордақылауға ден қойған. Қазір де сонымен шұғылданатын тұрғындар бар. Әсіресе «Сүйін» шаруа қожалығын атап айтқым келеді. Жастай жесір қалған Сүйін Бәрменқұлова апамыз 4 баласын ешкімнен кем қылмай жеткізу үшін аянбай еңбек еткен, тәлім беріп, өсірген нағыз өнегелі ана дер едім. Балаларын да еңбекке баулып өсіргенінің нәтижесінде ағайынды 4 жігіт отбасылық шаруа қожалығының тасын өрге домалатып отыр.
Осы бір ғана шаруа қожалықтың өзінде 300-ге жуық ірі қара бордақыда тұр. Оның 150-ге жуығы жылқы, 150 мүйізді ірі қара. Бұдан бөлек 200-ге жуық қойды тағы бордақылап отыр. Күн сайын сойып, тапсырыспен ет өндіріп, орнына қайта мал әкеліп бағады. Ең алдымен осы ауданды, Таразды етпен қамтып, содан соң келісімшарт бойынша Алматыға тасымалдайды. Кәсібін кеңейтіп, ет сақтайтын тоңазытқыш салып, консервіленген ет шығаруды қолға алуға ниеттеніп жатыр. Жаңа істі бастап та кеткен еді, мынау пандемия килігіп, уақытша тоқтап қалды.
– Абайлықтар шұғылданатын тағы қандай кәсіп түрлері бар?
– Ауыл аумағында жол бойынан соңғы 2 жылда автокөлікке қызмет көрсететін 2 нысан салынды. Біреуі Шәкен Тойлыбаевтың, екіншісі Сүйін Иманалиевтың кәсіпкерлігі. Сүйін ағамыздың баласы Алмат автолікке қызмет көрсету орталығының қасынан қонақүйін салып жатыр. Құрылысы аяқталып, жұмысын бастаса, алыс жолдан келе жатқандар көліктерін жөндету кезінде қонақүйде тынығып алуға мүмкіндік туады. Бұл кәсіпкерлер логистикалық инфрақұрылымның дамуына үлес қоспақ.
Ал, Бақыт Жайлыбаев деген кәсіпкер тәулігіне 10 тонна құрама жем өндіріп отыр. Және Үмбет Жанәділов ағамыз жүн-теріні қабылдап, өңдеу цехымен іскерліктің жаңа әрі ауылдықтарға аса қажет түрін көрсетті. Кәсіпкер Бейбіт Жайлыбаева жер алып, монша, шаштараз, сұлулық салоны бар кешен салуды бастады. Бұлардан басқа, жол бойында кафе, дәмхана, дүкендер де тек абайлықтарға ғана емес, осы аймақтан өтетін жолаушыларға да қызмет көрсетіп отыр.
– «Үздік ауыл әкімі» байқауының тағы бір талабы – мемлекеттік қызметкердің өз отбасылық жағдайына да мән берген екен. Яғни бұл жеңісте жұбайыңыздың да үлкен үлесі бар болып тұр ғой…
– Иә бұл байқау мемлекеттік қызметшінің іскерлігімен қоса, өзгеге үлгі боларлықтай жеке дағдыларын да назарға алды. Яғни хоббиі, отбасылық жағдайына мән берілді. Біз өткен жылы «Үлгілі отбасы» байқауына қатысып, аудандық деңгейінде жеңімпаз атанғанбыз. Әрине, мұның бәрінде де жұбайым Шәкизаттың еңбегі ерен. Үйде отағасы асыраушы, қорғаны, тірегі болса, шаңырақтың шырайын келтіріп, үйдің берекесін арттырып, ішкі жағдайларды реттеп, бәрінің көңілін тауып, үйлестіріп отыратын – әйел адам ғой. Сондықтан да бабаларымыз «Ана – үйдің алтын діңгегі» деген. Шәкизат екеуіміз 3 ұл, 1 қызды тәрбиелеп, өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Екі ұлым журналистика саласында қызмет етсе, кенже ұлымыз медициналық білім алуда. Қызымыз филология саласын таңдады. Бәрі де шаруаға бейім, бойларына иман, адалдық, ұлттық тәрбие сіңіруге барын салдық.
– Қазіргі қоғамның іріңдеген тұстары бала тәрбиесінде кеткен қателіктен орын алып жатқаны айтылып та жүр. Бала тәрбиесінде көбіне неге мән беру керек деп ойлайсыз?
– Ұлттық идеологияға ден қойылу керек деп ойлаймын. Қазіргі жаға ұстататын қылмыстар да, қызметтегі жемқорлық та ұлттық идеологияны назардан тыс қалдырғаннан деп білемін. Біз ертеден қалыптасқан ұлы дала мектебінен аттап кетіп, ештеңеге жете алмаймыз. Ұлан байтақ жері бар қазақ халқы қаншама теперіш көріп, небір азапты бастан өткерсе де, Тәңірдің қолдауымен аман қалды. Әйтпегенде, қаншама ұлт жоғалып кетті. Шүкір, біздің қазақтың бағы бар екен, бүгінгі егемендікке аман-есен жетті. Оның бәрі де жоғалмаған рухтың, заман ағымы қалай өзгерсе де үзілмеген ұлттық идеологиямыздың үрдісімен деп ойлаймын. Тарихқа ой салар болсақ, Абылай хан алты Алашты біріктірді. Ол қазақтың 3 жүзі мен қырғыз, қарақалпақ, құраманың басын қосып, Алаш мемлекетін құрды. Сол бірлікпен Алаштың абыройы асқақтады. Бізге қазір де керегі сол бірлік. Қызметте орын алып жататын жемқорлықтың, кадрдың іскерлік қабілетін бағаламай өзінікіне тартатын рушылдықтың тамырына балта шабатын да осы бірлік.
Ұлттық идеологияның мемлекеттік идеологиядан ешбір айырмашылығы жоқ. Екеуінің де түпкі мақсаты – қалың елді ортақ мүддеге ұйыстырып, бірлікпен тірлік ету, өспірім жас ұрпаққа жоғары адамгершілікпен тәлім беру. Сондықтан ел игілігіне аянбай еңбек етіп, халқының мүддесіне барын арнаған тұлғаларды мектеп бағдарламасында балаларға жеке пән ретінде оқытып, солардың өнегесімен тәрбиелесек деп ойлаймын. Иә ондай тұлғалар туралы тарих, әдебиетте әр сыныпта оқытады. Бірақ дарабоз тұлғаларымыздың өнегесін шашыратпай, бір жүйеге жинақтап, оқытсақ, бала тәрбиесіне қосар үлесі орасан болар еді. «Абылай хан бабамның ұлтты ұйыстырудағы рөлі қандай болды? Батыр бабаларым ел басына күн туғанда қандай батылдыққа барды?» деп бала өзінше іштей ой түйер еді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.