Қоғам

Бірлігі бекем елдің берекесі артады

Written by Aray2005

– Ширек ғасыр ауқымындағы еліміздегі орасан өзгерістер мен қол жеткізген табыстардың табиғатына зер салсақ, бір нәрсеге анық көз жеткізер едік. Тәуелсіз мемлекеттің жетістіктері мен табыстарының қайнар бастауында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қайраткерлік тұлғасы тұр, қайталанбайтын қолтаңбасы жатыр. Әлемнің айбарлы елдерімен тізе қосып, терезені тең ету – ердің бағына біткен қасиетті міндет.
Соңғы бір ай көлемінде елде көптеген саяси өзгерістер орын алды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы 20 наурыздан бастап өзінің конституциялық құзыретін алдын ала тоқтататынын мәлімдеді. Ал халқына қалтқысыз қызмет етуге ант беріп, баянды болашаққа, кемел келешекке бастау бағытындағы нәтижелі жұмысын бастап кеткен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сейсенбі күні Қазақстан халқына Үндеу жариялады. Жарияланғанға дейін халықтың санасын санға, ойын онға бөлген Үндеуде Қасым-Жомарт Кемелұлы кезектен тыс Президент сайлауы ағымдағы жылдың 9 маусымында өтетінін мәлім етті. Яғни тәуелсіздік алған ширек ғасырдан астам уақыттан бері сан соқпақтан, сындарлы кезеңнен сүрінбей өткен, асқар шыңмен түндіктес, алапат даламен кіндіктес Қазақстан халқы тағы бір маңызды қадамға аяқ басқалы тұр.
Шынтуайтына келгенде, халық бар игілігіміздің бастауы болған тәуелсіздігіміздің, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманымыздың мәңгілік болғанын қалайды. Әрине, кейбір сәттерде қай-қайсысымыз болмасын пендешілікке салынып кетіп жатамыз. Алайда шын жүзінде арқамызды кеңге салдырған азаттығымыздан артық бақыт жоқ. Сондықтан билігіміз ауысса да, береке-бірлігіміз жоғалмаса екен. Ал қай кезде де татулықты ту етіп, ынтымақты ұран қылып ұстаған Ұлы дала елінің кезекті тарихи қадамын шалыс баспайтыны анық. Халқымыздың қадірлі ақыны Қадыр Мырза Әлі «Бұрын әр ауылдың өзіне тән бөркі болған. Ол заман өтті. Енді біз бәріміз бірігіп, бір ұлттың көркі болуымыз керек», дейді. Сондықтан да қарға алатын топтанған қаздың керін келтірмей, жұмыла жұмыс жасап, ауызбіршілік танытқанымыз абзал. Сақтан қалған салтты, ғұннан қалған ғұрыпты ұстанған халқымыздың Рухы түспесін. Рухы биік елдің ғана еңсесі биік.

Тәкен МОЛДАҚЫНОВ,
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері

ПІКІР