БІРЛІГІ БЕКЕМ ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ БАЯНДЫ

0 0

Қазіргі уақытта еліміз ғана емес, әлем қылпылдаған пышақтың жүзінде отырғандай күй кешіп тұр. Әуелгіде біріміз күле қарап, біріміз мән бәрмеген, енді біріміз жалған ақпарат деп білген коронавирус індеті қазір ғаламдық қауіпке айналды. Статистикасына көз жүгіртсең, аза бойың қаза болып қоя береді. Мыңдаған адам өмірімен қоштасса, талайының тағдыры қыл үстінде тұр. Өкініштісі әлем вирустың алдында дәрменсіздік танытып, қайғылы жағдайлар әлі де жалғасуда.
Жер бетіндегі миллиардтаған халықтың үрейін алып, қорқыныш құшағында қалдырған инфекция біздің елді де айналып өтпеді. Қазақстан қалаларында да коронавирус жұқтырғандар саны күн санап өсіп, елдің есін кетірді. Егер дер кезінде алдын алу жұмыстары жүргізіліп, сақтық шаралары жасалмағанда елдегі жағдай мұнан да күрделі болған болар еді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен індетті індетпеу мақсатында көп жұмыстар жүргізілуде. «Біз сіз үшін жұмыста қалдық, ал Сіз біз үшін үйде болыңыз» деп қиын сәтте басын бәйгеге тігіп, қауіпке қарсы күресіп жүрген мамандардың еңбегі ерен. Мемлекеттің мүддесі үшін қазақстандықтар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жұмыла жұмыс жасауда.
Кәрі тарихқа көз жүгіртсек, қазақ көрмеген қасірет жоқ. Бірақ балталаса бұзылмайтын бірлігінің, ыдырамайтын ынтамағының арқасында кез келген қиындықты еңсере білді. Береке-бірліктің арқасында Тәуелсіз мемлекет бола білдік. Сондықтан «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бірлессек бұл сынақтан да өтетінімізге сенімдімін.

Болат БЕКЖАНОВ, А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры

Leave A Reply

Your email address will not be published.