Uncategorized

Бірлігі бекем елдің тірлігі көркем

Written by Aray2005

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында қарқынды дамып келе жатқан прогрессивті мемлекет құруымызға бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің ролі айрықша болғанын баса айтты. Шынында, тәуелсіздік таңы атқан тұстан Ұлт көшбасшысы татулық пен тұрақтылық, ынтымақ пен берекеге ерекше басымдық беріп, осынау құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай бағалап, қорғауымыз қажеттігін ескертіп келеді.

Президент бұған дейінгі Жолдауларында елді экономикалық және саяси тұрғыдан жаңғыртуға күш салған болса, былтырғы құнды құжатында халықтың тұрмыс ахуалын арттыруды көздеген мақсаттарды белгілеп берді. Жолдауда еңбек нарығын нығайту, білім беру мен денсаулық сақтау саласын жандандыру, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға баса мән берілді. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының алдына халық қауіпсіздігі, сыбайлас жемқорлықпен күрес, экономиканы жеделдетілген технологиямен жаңғырту, тұрғын үй құрылысын дамыту, жастарды ынталандыру сияқты бірқатар өзекті мәселелер қойылды. Елбасының биылғы жылды «Жастар жылы» деп атауының өзінде де үлкен мән жатыр. Мұндағы басты тілек – жас ұрпақтың болашағына даңғыл жол ашуда өз елінің табиғатын, әдебиетін, мәдениетін, тарихын қадірлеп, қастерлеп өсуге баулу, патриоттық рухын биіктету болып отыр. Қазақстанымыздың көпұлтты халқының жұлдызының жоғары болуы, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнауы тікелей жастарға қатысты екені бәрімізге де белгілі.
Сонымен бірге ауылдан қалаға қарай бет алған халықты қолжетімді баспанамен әрі жұмыспен қамтамасыз ету де маңызды міндеттердің бірі екені даусыз. Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құрып, сапалы өмірді қамтамасыз етуді көздеген Мемлекет басшысы спортты дамытуға, әрбір тұрғын үй аулаларын спорттық алаңқайларға айналдыруға үндеуі де ұтымды ұсыныс. Ел болашағы – білімділік пен біліктілікте, сондықтан Президентіміздің орта білім беру жүйесінде ауыл, қала мектептерінің оқыту сапасын Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі аясында жоғары деңгейге көтеруге көңіл бөлуі әлемдік асуларды меңгерген білікті де білімді, тәрбиелі, өнегелі жастарды тәрбиелеуге мықты негіз болары айқын.
Адам капиталын дамытуға жасалған осы шаралардың бәрі қазақстандықтардың өмір сапасының артуына кепіл болары сөзсіз. Мұның барлығы да берекелі бірлікпен жүзеге асады. Еліміздің нығайып, халықаралық беделінің өскенін көрген әрбір қазақстандықтың кеудесінде мақтаныш сезімі маздайтындығы айтпаса да түсінікті. Осы орайда қоғамдық бірлестіктер мен өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері «Қазақстан –
2050» Стратегиясына сүйене арнайы бас­қо­сулар өткізіп, Жолдаудан туындаған міндеттердің облыс, қала аумағында іске асырылуына атсалысуда.
Мемлекет басшысы ел туралы толғаныстарының бірінде «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – тәуелсіз Қазақстан» деген болатын. Расында да біз бір Отан, бір мүдде, бір болашақ идеясы төңірегінде тату-тәтті ғұмыр кешіп келеміз. Берекелі бірлік пен жарасымды тірліктің арқасында сындарлы жылдарда биік белестерді бағындырдық. Елдің дамуына Елбасының сарабдал саясатымен өмірге келген Қазақстан халқы Ассамблея­сының да қо­сып отырған үлесі қомақты. Ассамблея – әлемде теңдесі жоқ құры­лым. Ол Ұлы даланы мекендеген ұлттар мен ұлыс­тардың құқықтары мен мүд­делерін қамтамасыз ете отырып, достық дәнекеріне, татулық тірегіне айналды. Қазір қай азаматты әңгімеге тартсақ та, «Қазақстан – менің Отаным, менің туған елім!» деп асқақ рухпен айтады. Өйткені Қазақстан – баянды бола­шаққа қадам басқан халқымыздың киелі бесігі.
Шүкір, еліміз стратегиялық мақсат­тардың нәтижесінде жылдан-жылға өркендеп келеді. Елбасының жаңа Жолдауына орай уақыт талабына сәйкес қадау-қадау міндеттер атап көрсетілді. Бұл өркендеу бағытындағы өміршең бастамаларға тың серпін беретіндігі сөзсіз.

Рано Убайдуллаева,
облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы

ПІКІР