«Бірлігі мығым ел бәрін жеңеді»

0 0

Уалихан Болатбек,
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы:

– Бүгінде әлем Қытай Халық Республикасынан шыққан коронавируспен күресуде. Аспан асты елінен шығып, әлемнің 100-ден астам мемлекетіне дендеген вирус біздің Қазақстанда да тіркелді. Дауасы жоқ дертпен күресу шаралары елімізде уақытында қолға алынды.
Жасыратыны жоқ бүгінде жауапты мамандар кеселмен күресте аянбай еңбек етіп-ақ жатыр. Оларға қоғам болып қол ұшын созуымыз қажет. Сондай-ақ әлеуметтік желідегі жалған ақпараттарға сеніп, опық жеп қалмауымыз керек. Бастысы қандай мәселе болмасын ресми ақпараттарға сүйенгеніміз абзал.
Бүгінде еліміздің тиісті органдары әлеуметтік желіні қатаң бақылауға алды. Қоғамның көз алдындағы желіде ойланбай жазған бір сөз үшін темір тордың ар жағынан шығып кетпесіңе ешкім кепілдік бере алмайды. Коронавирус жағадан алғанда, жалған ақпарат етектен алып жатыр десек, артық айтқандық болмас. Осы жағдайға байланысты елімізде қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқандар да жоқ емес. Бұл әрине, алаңдайтын мәселе. Әсіресе, оқушылар мен жастар үшін. Әлеуметтік желіде «ерігіп» отырған олар, ойланбай жазған бір сөзі үшін өмір бойы опық жеуі бек мүмкін.
Сол себепті індетпен күрес баршамызға ортақ болғандықтан, әлеуметтік желіде ақпарат таратуда ойлану қажет. Бүгінде еліміздің барлық жауапты мамандары, оның ішінде дәрігерлер ауруды болдырмау үшін қолдарынан келгенді жасап жатыр. Тәж тажалы қауіп төндірген сын сағаттарда ақхалаттылардың айтқандарын бұлжытпай орындап, санитарлық-профилактикалық іс-шараларды қатаң сақтауымыз керек. Сонда ғана ауруды таратпауға күш саламыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.