Қоғам

Бірлігімізді шыңдаған шақ

Written by Aray2005

Бүкіл әлемді алаңдатқан короновирус пандемиясын таратпау үшін елімізде жарияланған төтенше жағдай бірлігімізді шыңдаған шақ болды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев карантиннің салдарынан халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын тұралатпау негізінде екінші рет Үндеу жариялады.
Онда қолға алынған шұғыл шараларды айта келе «Мен төтенше жағдай кезеңінде азаматтарымызға қолдау көрсетуге арналған шаралардың екі топтамасын жария еттім. Бұл шаралар барынша жүзеге асырылуда. Қоғам тарапынан айтылған орынды сын-пікірлер де бар. Оны ескереміз. Бүгінгі күні 4 миллион 250 мың азаматқа қаржылай көмек көрсетілді. 570 мыңнан астам адамға азық-түлік таратылды» деді.
Мұндай игі шарадан «Nur Otan» партиясы да қалыс қалған жоқ. Тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға қолдан келгенінше көмек көрсетілуде. Осы кезеңде 50 000 теңгеден жәрдемақы беруге республика бойынша іріктелген қалалардың ішіне біздің облыстың орталығы Тараздың енгізілуі де үлкен қолдау болды. Көптеген азаматтар жәрдемақы алып, қажеттіліктерін өтеді.
Партияның қоғамдық қабылдауында дамыл жоқ. Жай-жағдайын айтып, көмек сұраушылардың ешбірі де назардан тыс қалып жатқан жоқ. Мемлекет басшысы мұны «Nur Otan» партиясы белсенді жұмыс атқаруда» деп атап өтті.
Кез келген қиындықтан халық ұйыған ынтымағымен өтері анық. Бұл талай ғасырлардан бері дәлелденіп келе жатқан мәселе. Тағы бір медет етеріміз – адамның арқауы саналатын азық-түліктің жеткіліктілігі. Бұл жайтты да Президент «Елімізде азық-түлік тапшылығы жоқ» деп, оның сапасына қатысты да ұдайы мониторинг жүргізіліп отырғанын ескертті. Жергілікті билік органдары әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылауда ұстап отырғанын да сөз етті.
Қазіргі уақыттағы қиындыққа қарамастан ауылдық аймақтарда көктемгі егіс жұмыстары басталып та кетті. Президентіміз өз Үндеуінде бұған да тоқталып, дала еңбеккерлеріне ризашылығын айтты. Яғни, бұл азық-түлік тапшылығын болдырмау мақсатында жүргізіліп отырған іс екенін де ескерейік. Барға қанағат етіп, кезіккен қиындыққа сабыр етейік. Қасиетті Рамазан айындағы барша мұсылманның тілегі қабыл болып, бұл сынақтан да сүрінбей өтетінімізге нақ сенейік. Бәріміздің ортақ шаңырағымыз – Отанымыз барда ешбір азамат қиын-қыстауда жалғыз қалмақ емес. «Сабыр түбі – сары алтын» деген бабалардан қалған асыл өсиетті естен шығармайық.

Қанат АРЫСТАНБЕКОВ,
«Нұр Отан» партиясы
Т.Рысқұлов аудандық филиалы
төрағасының орынбасары

ПІКІР