Бірлік барда сенімге селкеу түспейді

0 0

Қордай ауданында өткен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Мирас» аймақтық кеңесінің көшпелі отырысында бірлік пен келісімді нығайту мәселесі күнтәртібіне қойылып, ұтымды ұсыныстар мен орамды ойлар ортаға салынды. Жиынға кеңес мүшелерімен бірге облыстағы этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдері қатысты.

Шараны партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев ашып, жүргізіп отырды. Мұнан соң Махмұт Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің жетекшісі Мухаббат Турдыева сөз алып, көпшілікті қазақ тілінің насихаттаушысы болуға шақырды.
– Бүгінде қазақ елінде ұйғырлардың төртінші ұрпағы ғұмыр кешіп келеді. Олардың барлығы да қазақтармен, осындағы өзге ұлт өкілдерімен тығыз байланыс орнатты. Менің отбасымда да күйеу балаларым мен келіндерімнің арасында қазақ, өзбек, қырғыз сынды ұлт өкілдері бар. Сондықтан да мен кейде «Біз – кішкентай Ассамблеямыз» деп әзілдеймін.
Меніңше Қазақстанда тұратын әрбір ұлт өкілі қазақ тілін жетік білуі керек. Мемлекеттік тілді жақсы меңгергендер оны өзгелерге насихаттауы қажет, – деді М.Турдыева.
Ал ауданда орын алған жағдай бойынша құрылған қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов ұлтаралық мәселенің өршуіне себеп болған жайттарды нақты мысалдармен келтірді.
– Қордай ауданындағы орын алған жағдай бойынша құрылған қоғамдық келісім кеңесіне 6 ауылдық округтің әрқайсысынан 3 адамнан мүшелікке өтті. Қазір кеңестің 21 мүшесі болса, оның 8-і дүнген ұлтынан шыққан азаматтар.
Кеңес мүшелерімен қақтығыс орын алған ауылдық округтерде жүргізілген зерделеу жұмыстары расында бірқатар кемшіліктерді анықтады. Ең әуелі дүнген жастарының Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарында әскери борышын өтемейтіндігі белгілі болды. Сондықтан дүнген этносынан шыққан жастардың әскерге баруға жарамдыларының толық тізімін жасақтау қажеттігі туындайды.
Одан соң туыстық қатынастағы некені тоқтату керек. Осындай некелесу салдарынан ауылда мүгедек балалардың саны артқан. Кәмелеттік жасқа толмай жүкті болатындардың да саны көбейіп келеді. Ең бастысы дүнген балалары оқитын мектептерде көктемгі, күзгі дала жұмыстары кезінде оқушылардың сабаққа қатысу көрсеткіші төмендейтіні өзекті болып тұр, – деді Ә.Сейілханов.
Келесі сәтте кеңес мүшесі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Үміт Битенова, «Ахыска» түрік этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі Камила Дургалова, «Отечество» славян этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі Любовь Харченко сөз алып, күн тәртібіндегі мәселеге қатысты пікір білдірді.
Жарыссөзге шыққан ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шырын Мамасерікова, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Тәкен Молдақынов, ҚР Еңбек сіңірген артисі, актер Асқарбек Сейілхан сынды азаматтардың ойлары да өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқып-үйретуге мән берілсе дегенге сайды.
Кеңес мүшесі, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілхановтың ұсыныстарын хаттамаға енгізіп, партия тарапынан бақылауға алынса деген ұсынысын жеткізді.
Өз кезегінде Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет пен «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дамира Сүгірбай көшпелі кеңес отырысында көтерілген мәселелердің орындылығын тілге тиек етті. Ал Масаншы бастауыш партия ұйымының жетекшісі Ясауи Имаров дүнген жастары арасында бірлік пен біртұтастықты насихаттау жұмыстарын өз деңгейінде қолға алуға уәде берді.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Қордай ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.