Бірлік болса, алынбайтын қамал жоқ

0 10

Төрткүл әлемді тізерлеткен коронавирус індетінің әлемдік пандемиялық сипат алып, елімізге «аяқ басқанына» осы аптада тұп-тура бір жыл болды. Осы мерзім ішінде қанша адам бақилыққа аттанып, ел медицинасы кеселмен әлі күнге күресуде. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та пандемияның салдары мен қиын кезеңде атқарылған жұмыстар туралы «Twitter»-дегі парақшасында жазба жариялап, отандастарымызды сақтық шараларына әлі де аса мұқият болуға кезекті мәрте шақырды.

«Бір жыл бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемияның басталғанын жариялады. Содан бері Қазақстан бүкіл әлеммен бірге көптеген қиындықты бастан өткерді.
Мемлекет азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін пәрменді шаралар қабылдады.
Төтенше жағдай кезінде табыссыз қалған тұрғындарға қаржылай және басқа да көмек берілді. Біз береке-бірлік пен өзара қолдаудың арқасында өршіген індетті еңсердік. Бірақ дерттің қатері әлі де сейілген жоқ. Вирусты вакцинация арқылы ғана түбегейлі ауыздықтай аламыз. Барша отандастарымызды ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге шақырамын», – деп жазды Президент.
Шынында, әлемдік пандемия елімізбен қатар облысымызға да оңай соқпады. Өңірде осы таңға дейін COVID-19 індетінің 6 073 жағдайы тіркелді. Пневмониямен 1 686 адам ауырды. 5 791 азамат сауығып шыққанымен, коронавирустен 64 жамбылдық көз жұмды.
Бүгінде инфекциялық стационарда 285 адам жатса, оның ішінде 28-і реанимацияда ем қабылдауда. Карантиндік стационарға 68 тұрғын орналастырылған.
Індеттің болжамды екінші толқыны кезінде облыстық ауруханаларда 1 200 инфекциялық төсек қоры дайындалып, 155 карантиндік стационар жұмыс атқаруда. Коронавирусқа шалдыққан науқастарды сауықтыру мақсатында «Атлетик» спорт кешенінен 120 орынға арналған реабилитациялық орталық өз жұмысын жүргізуде.
Биылғы 1 ақпаннан бастап 850 тұлғаға вакцина салынды. Ал індетпен күрес барысында өзіне ауру жұқтырған 283 медициналық қызметкерге өтемақы төленді. Сондай-ақ COVID-19-дан көз жұмған 12 қызметкердің отбасына 10 миллион теңгеден төленді.
Әлемдік пандемия кезінде тәртіп сақшыларының еңбегі ерен болғаны сөзсіз. Бұл тұста облыстық полиция департаментінің қызметкерлері карантиндік шаралардың қатаң сақталуы үшін аянбай тер төкті. Атап айтсақ, өңір бойынша 43 жерге блок-бекеттер қойылып, бұл бағыттағы жұмыстарға 250 полиция қызметкері жұмылдырылды. Алайда 1 маусымнан бастап әкімдердің қаулысымен барлық бекеттер алынып, жұмыстары тоқтатылды.
Ал облыс көлемінде 48 мобильдік топ карантиндік шаралардың сақталуын қадағалауда. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарына дейін олардың күшімен 3 384 нысан тексерілді. Елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантиндік шаралар күшейтілген кезде «Nur Otan» партиясы алдыңғы шептен табылды. Елбасы – «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамасымен «Birgemiz» қоғамдық қоры құрылып, 33 мыңнан астам облыс тұрғынына материалдық көмек көрсетілді.
Одан бөлек «Biz birgemiz» акциясы аясында «Nur Otan» партиясының мүшелері мен еріктілер 24 мыңға жуық отбасыға азық-түлік себеттерін жеткізді.

Қысылтаяң шақта кәсіпкерлер қауымы да күш біріктіріп, індетпен күреске сүбелі үлес қосты. Бірі емдеу мекемелеріне қажетті құрылғылар мен қондырғыларды алып берсе, енді бірі карантинде жатқан азаматтарды ыстық тамақпен қамтамасыз етті. Сондай-ақ тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік жеткізумен айналысқандар да болды. Аталған шаралар ретін елімізде төтенше жағдай жарияланған наурыз айында облыстық іскер әйелдер кеңесі бастап кетті. Ұйым облыстық мейрамханалар мен қонақүйлер және «Шеберлер мекені» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары ассоциацияларымен бірігіп медициналық маскалар тігіп, оларды көпбалалы отбасынан шыққан балалар мен зейнеткерлерге таратса, мұқтаж ұйымдарға санитарлық-гигиеналық құралдарды тегін жеткізіп берді.
Тараздықтар үшін кәсіпкер Алтынай Бекенованың әрекеті ерекше есте қалды. Ол өзінің «Алтын-ай» тігін ательесінде мерекелік демалыстарға қарамастан жұмыс істеп, бетперде тапшылығын болдырмау үшін 4 мың медициналық масканы тегін таратты. Ал тараздық жомарт жандар демеушілігімен облыс орталығында арнайы іріктеліп алынған 100 мұқтаж жан карантин аяқталғанша тегін тамақпен қамтылды.
Індеттің нағыз күшіне мінген шағы – шілде айының кезінде де жамбылдық кәсіпкерлер қарап жатпады. Мәселен Қазақстанның Еңбек Ері, «Казфосфат» ЖШС-ның бас директоры Мұқаш Ескендіров 38 миллион теңгеге облыстық инфекциялық ауруханаға өкпені қолдан тыныстандыратын 10 аппарат сатып алып берді.
Ал «Talas Investment Company» ЖШС-ның бас директоры Бақтияр Алдашов «Biz birgemiz» қорына 100 миллион теңге аударды. Жамбыл облыстық Іскер әйелдер қауымдастығы инфекциялық ауруханадағы дәрігерлер, медбикелер мен санитарларға 100 адамға күнделікті түскі ас жеткізіп, өкпені қолдан тыныстандыратын аппараттың 12 данасына тапсырыс берді. Сонымен қатар «Әмір және Д», «Көкжиек-2030», «Суперфарм» және «Жамбыл цемент өндіруші компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері секілді кәсіпорындар мен кәсіпкерлер (барлығы 38 адам) ауруханалар мен әлеуметтік осал топтарға қол ұшын созып, қажетті құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер сатып әперді. Бұл жолы бас-аяғы 338 миллион теңгенің жәрдемі жеткізілді.
Әлемдік пандемия кезінде ерікті жастар да ерледі. Төтенше жағдай жарияланған тұста «Әулиеата жастары» волонтерлік штабында 717 ерікті қызмет атқарды. Олардың көмегімен 9 352 адамға азық-түлік қораптары үлестірілсе, 2 023 адамға дәрі-дәрмек жеткізіліп берілді. Сонымен бірге еріктілер тұрғындарға 100 000-нан аса тегін маска таратып, 1 743 жалғызілікті қариялардың тұрғын үй шаруашылықтарына көмек көрсетті. Бұдан бөлек «Қазпошта» АҚ облыстық филиалымен бірлесе 65 жастан асқан азаматтарға зейнетақысын үйге жеткізіп беру қызметін ұйымдастырып, барлығы 2 мыңнан астам адамға зейнетақы мен жәрдемақысы үйлеріне жеткізіліп берілді.
Міне, осындай ел басына күн туған сәтте жамбылдықтар жұдырықша жұмылып, бірліктің үлгісін көрсете білді. Қазір де өңір тұрғындары тыныштық пен саулықтың қадірін ұғынып, бір-біріне жәрдемдесуде. Бұл өзге елдерге үлгі, кейінгі ұрпаққа өсиет екені даусыз.

Саян Тілеужан

Leave A Reply

Your email address will not be published.