Бірлікке шақырған жемісті жоба

Биыл баянды бастаманың бағыты қандай болмақ?

0 1

«Ынтымақ – оқ өтпес сауыт» дейді қазақ даналығы. Шынында, бірлік пен татулықтан асқан құнды дүние жоқ. Осыны үндеген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев былтыр «Бейбітшілік пен келісім» жобасына жан бітіріп, өңір тұрғындарын ынтымақ пен бірлікке шақырған болатын. Жоба аясында арнайы насихаттық топтар құрылып, ұлттар мен ұлыстар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қара халықтың мұң-мұқтаждығына құлақ түріп, тұрғындардың тұрмысын түзеу бағытында қыруар жұмыс атқарды. Биыл енді баянды бастаманың бағыты қандай болмақ?

Ең әуелі, өткен жылдың өлшеміндегі жұмыстарға көз жүгіртсек, жоба аясында бір ғана Қордай ауданында 618 шара ұйымдастырылған. Оған 15 481 адам қамтылып, нәтижесінде жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 23 адамға 12,8 миллион теңге қайтарымсыз грант беріліп, 24 азамат «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасқан. 44 тұрғын тұрақты жұмыс орнына жолданып, 6 адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген. 4 өтінім беруші 21,3 миллион теңге көлеміндегі шағын несиеге қол жеткізсе, 516 адам стационарлық амбулаториялық ем қабылдаған.
Одан бөлек құрылымдық мекемелердің өкілдерінің қатысуымен 10 елді мекенде көшпелі қоғамдық қабылдау өткізілген. Онда 523 азамат түрлі мәселелерімен қайырылып, оның 482-сіне түсініктеме беріліп, 41 сауал бақылауға алынған. Аталған қоғамдық қабылдаулар ұлттар мен ұлыстар арасындағы өзекті мәселелерді елді мекеннің ішінде шешуге мүмкіндік беріп, талай тұрғынның көкейінде жүрген түйткілінің түйіні тарқатылған.
Жоба шеңберінде ауданда конфессиялық келісімді нығайту, дәстүрлі емес діни идеологиялардың көріністеріне жол бермеу мақсатында «Дін секторы» бөлімі құрылып, қазір теолог мамандар тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Сондай-ақ «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында ұлттар достығын дәріптейтін «Тағылым» фильмі түсіріліп, көпшіліктің көңілінен шығып, кең қолдау тауып отыр.
Ал «Бейбітшілік пен келісім» жобасының ең үлкен жемісі– әрине, ол «Қоғамдық келісім кеңесінің» құрылуы. Қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімі Бердібек Машбекұлының тікелей ұйытқы болуымен құрылған кеңеске Қаракемер, Масанчи, Сортөбе, Ауқатты, Қарасу және Қарасай ауылдарының ақсақалдары үн қосып, жыл ішінде ауыл ағайындарымен 25 кездесу өткізген. Кеңесте тұрғындарды толғандырып жүрген әлеуметтік және басқа да мәселелер қаралып, оларды шешу жөнінде ұсыныстар айтылған.
«Бейбітшілік пен келісім» жобасы өткен жылы өзге аудандарда да үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, Талас ауданының Қасқабұлақ ауылында қазақ пен күрдтер арасында туған түсінбеушіліктің түйінін тарқатуға күш салды. Нәтижесінде халық тұрмыстық жанжал ұлтаралық араздыққа түрткі бола алмайтындығын түсініп, осы таңға дейін Қасқабұлақ ауылында бірде-бір құқықбұзушылық және ерлі-зайыптылар арасында ажырасу фактісі тіркелмегенін жеткізді. Бір сөзбен айтқанда, барлық ұлт өкілдері елді мекенде тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқандарын көрсетті.
Осылайша «Бейбітшілік пен келісім» жобасы былтыр елдің ішін ұйыстырып, татулық пен бірліктің айнымас үлгісін үндеді. Биыл да баянды бастама өз бағытын жалғамақ. Қазіргі таңда жауапты жұмысшы топтар, аудандарға шығу кестесі және іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленіп отыр. Жоспар бойынша насихаттық топтар 131 кездесу өткізіп, 161 қоғамдық қабылдау жүргізуді көздесе, 1300-ден аса азаматты жеке мәселесімен қабылдамақ. 400-ге жуық мешіт жамағатымен кездесу ұйымдастырылу жоспарланып, 147 азаматқа кеңес беру күтілуде. Одан бөлек семинар-тренинг, бизнес-тренинг, спорттық шаралар және бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін бірнеше мәрте өткізу де жоспарда тұр екен.

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.