Сұхбат

«Бірліктен асқан бақыт та, байлық та жоқ»

Written by Aray2005

Қазақстан. Құшағы ыстық, құлашы кең байтақ өлке. 130-дан астам ұлт пен ұлыстың егеменді елімізде ырыс пен ынтымақта өмір сүріп келе жатқаны бұл сөзіміздің анық айғағы. «Түрі басқа болса да тілегі бір, тілі басқа болса да жүрегі бір» деп білген қазекең қай дәуірде де өзгені өзекке теппеген, жатты жақыным деп білген. Мұндай бірлігіміз бен ынтымағымыздың мызғымай тұрғаны, әрине, ең бірінші Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегенділігі мен сарабдал саясатының арқасы.
Облысымыздың өзінде бүгінде 30-ға жуық этномәдени бірлестік бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Олардың басын бір арнаға тоғыстырып, ұлт пен ұлысқа бөлмей ұйыстырып отырған ол – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Осы орайда татулықты ту еткен өзбек этномәдени бірлестігінің көшбасшысы, облыстық мәслихаттың депутаты, өңірлік қан орталығының директоры Гулам Умаровпен кездесіп, кейіпкеріміздің өмір жолы, медицина саласында болып жатқан түрлі жаңалықтар және өңірдегі ұлттар достығы төңірегінде әңгіме өрбіткен едік. 

– Гулам Мұхтарұлы, еңбек өтіліңіз бен өмір жолыңызға көз жүгіртсек, тұтас ғұмырыңызды медицина саласына арнаған жан екенсіз. Айтыңызшы, не себепті осы саланы таңдадыңыз?
– Біздің отбасыны дәрігерлер династиясы десе болады. Әкем Мұхтар Умаров Жамбыл облысына танымал хирург болған. Содан әкем ұл-қыздарым жолымды қуса деген арманмен мені 9-сыныпты бітіргеннен кейін жедел жәрдем қызметін көрсету мекемесіне санитар маман етіп кіргізіп қойды. Осы жерде екі жыл жүріп, медицинаның алғашқы әліппесін таныдым. 1992 жылы мектепті бітіргеннен соң Ақмола облысындағы Целиноград медициналық академиясына оқуға түстім. Аталмыш білім ордасын жоғарғы деңгейде тәмамдап, 1998 жылы интернатураны Тараз қаласындағы қазіргі №1 ауруханадан өттім. Осы жылдары қосымша бірнеше емханаларда және жекеменшік ауруханаларда да еңбек етіп, біліктілігімді шыңдай түстім. Уақыт өте келе, 2004 жылы жолдастарымның кеңесі бойынша «Ақ көгершін» қоғамдық бірлестігін құрдым. Шынымды айтайын, осы бірлестіктің жұмысымен тұңғыш рет Жамбыл облысындағы бүкіл ауылдарды аралап, шалғайдағы халықтың тыныс-тіршілігімен таныстым. Бір сөзбен айтқанда, бұқараның сол кездегі күйін көрдім. Және елді мекендердегі жастардың жайын жіті бақылап, оларға қол ұшын берейін деген ниетте жастар саясатына да араласа бастадым. Белсенділігімнің арқасында көзге түсіп, Президент жанындағы жаңадан құрылған Жастар саясаты жөніндегі кеңеске облыс атынан мүшелікке алындым. Және Тараз қалалық мәслихатына депутат болып сайландым. Жалындаған жастық жігермен биік мінберлерде сөз сөйлеп, «Жастар саясаты туралы» заң жобасының қабылдануына өзіндік үнімді қостым. Осындай еңбегім ескеріліп, екінші шақырылған Тараз қалалық мәслихатының да депутаты атандым. 2009 жылы Тараз қалалық №2 аурухананың бас дәрігерінің орынбасары сынды қызметтерді атқара жүріп, облыстық мәслихаттың депутаттығына өттім. Ал өткен жылы облыстық қан орталығының директоры қызметіне тағайындалып, осында еңбек етудемін. Қазір әке арманын орындадым деп ойлаймын. Себебі өзім бір мекеменің директоры болсам, әпкем педиатр, кіші қарындасым құлақ пен мұрын ауруларының дәрігері. Ағам қаржыгер болғанымен, оның жұбайы да медицина саласының маманы. Енді кейінгі буын немере іні-қарындастарымыз да медицина саласына бет бұрып, жоғары оқу орындарында білім алуда. Әке аманаты ардақталды деген осы болар.
– Тараз қалалық мәслихатының екі шақырылымының депутаты болғаныңызды айттыңыз. Бүгінде облыстық мәслихаттың депутатысыз. Сізге халық қандай мәселелермен қайырылып келеді?
– Дәрігер депутат болсын, болмасын халыққа көмектесуге міндетті. Әкем «Егер сенен көмек сұрай келген адам болса, ешқашан бетін қақпа» деп әрдайым айтып отыратын. Бұл – менің өмірлік қағидам.
Ал халық қалаулысы болғаннан кейін, тұрғындардың дені осы медицина саласындағы мәселелермен келіп жатады. Оның ішінде жаңа реформаларды, заңдарды сұрай келетіндер, одан бөлек ауруханаға жату үшін түрлі құжаттарды түсінбей көмегімізге жүгініп жататындар бар. Олардың бәріне мен арнайы уақыт бөліп, мұң-мұқтаждарын, өтініш-тілектерін тыңдап, қолымнан келгенше көмектесудемін. Сондай-ақ газ, су, жол мәселелерімен де келетіндер аз емес. Билік пен бұқараның арасындағы көпір болғандықтан олардың да сұраныс-тілектерін қанағаттандырусыз қалдырмаудамын.
– 2008 жылы АҚШ-тың Солтүстік Королина штатында біліктілігіңізді шыңдап, тәжірибе жинақтаған екенсіз. Еңбек жолыңызда түрлі елдердің медициналық әлеуетін көрген боларсыз? Олармен салыстырғанда бүгінгі біздің медицинаға қандай баға берер едіңіз?
– Ел медицинасы дұрыс бағытта дамып келеді. Әсіресе міндетті медициналық сақтандыру дер кезінде қабылданған бағдарлама деп білемін. Себебі мен АҚШ-тың Солтүстік Королина штатында болған кезімде бір емхананың жылына 1 миллион науқасқа дейін қабылдайтынын көрдім. Емхананың бас дәрігерінен халықтың не себепті мұнша көп келетіндігін сұрағанымда, ондағылар ең бастысы қызметтің сапасында екенін айтты. Онда өмірін сақтандырған адамдар емхананы және дәрігерді де өздері таңдайды. Сондықтан емхана бәсекеге қабілетті болу үшін медициналық мекемені соңғы үлгідегі заманауи құрылғылармен жабдықтап, білікті мамандарды бір жерге шоғырландырып қойған. Осыны көріп отырған халық сол емхананы іздеп келіп емделеді. Қазір де біз осы жүйеге бара жатырмыз. Бүгінде аурухана мен емханалардың бірқатары сенімгерлік басқаруға беріліп жатқандықтан олардың арасында да бәсекелестік туып жатыр. Әр сенімгерлік иесі өз медициналық мекемесіне науқастарды көптеп тартып, үкіметтен қаржы алу үшін барлық жағдайды жасауда. Ал екінші ауруханалар өздерінен білікті мамандар кетіп қалмас үшін олар да әрекет етіп, науқастар мен дәрігерлеріне қолайлы жағдай туғызуда. Міне, бәсекелестік деген осы. Енді ертең міндетті медициналық сақтандыру бағдарламасы толықтай күшіне енсе, науқасты өз емханаларына шақырып, қаржыға қол жеткізу үшін сенімгерлік мекемесінің иесі барын салатын болады. Елбасының көреген саясатының көрінісі осында жатыр.
Елбасы «Қағазсыз ауруханаға» көшу жобасын ұсынды. Бұл да өз жемісін беретін бастама. Біздің қан орталығы 2011 жылы құрылған бойда толықтай цифрлық жүйеге көшіп кетті. Мекемемізде қазір бірде-бір қағаз айналымы жоқ. Сондай-ақ Қазақстан бойынша ортақ база құрылуда. Бұл база арқылы біздің мамандар Жамбыл облысының азаматтары қай өңірде қан тапсырып немесе ем қабылдап жатқанын бақылай алады. Яғни біз үшін әрбір тұрғынның өмірі мен денсаулығы маңызды.
2001 жылы Германия мемлекетіне барғанымда электронды жүйеге көшкен халыққа қызмет көрсету орталығын көріп таңғалғанмын. Уақыт өте ондай заманауи халыққа қызмет көрсету орталықтары біздің елде де ашылды. Сол сияқты «қағазсыз аурухана» жүйесіне барлық медициналық мекемелердің көшетін уақыты жетті. Егер осы бастаманы аяғына дейін жеткізе алсақ, ел медицинасы жаңа дәуірін бастайтыны анық.
Осы орайда тағы бір айта кетерлігі, Кеңес үкіметі тұсында «Да Винчи» деген қондырғы болған. Ол құрылғы арқылы ғарышкерлерге қашықтықтан ота жасауға мүмкіндік туған-ды. Қазір сол қондырғымен Нұр-Сұлтан қаласындағы әріптестеріміз жұмыс жасауда. «Да Винчидің» ерекшелігі – Қазақстандағы ауруханада жатқан науқасқа Израиль немесе Германияда жүрген хирург интернет және робот қол арқылы операция жасай береді. Қараңызшы, бүгінгі медицина қаншалықты дамып кеткен. Осындай қондырғылар біздің мемлекетке де жетіп жатқанда ел медицинасының ертеңі жарқын болары сөзсіз. Оның ішінде Жамбыл облысының да медицина саласы қарқынды дамып келе жатыр деп айтуға толық негіз бар. Бір ғана мысал, облыс орталығынан онкологиялық ауруларға қарсы емдеу мекемесінің бой көтергелі жатқаны өңір медицинасын өрістетіп, жаңа биікке көтеретіні сөзсіз. Сондықтан өркениет көшінен бір елі қалмай келе жатқан ел, облыс медицинасының келешегі кемел болатындығына бек сену қажет.
– «Қағазсыз аурухана» жүйесіне көшкен алғашқы медициналық мекеме ретінде облыстық қан орталығының бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталып кетсеңіз…
– Былтыр Нұр-Сұлтан қаласында ІІІ Еуразиялық медициналық форум өткен болатын. Онда әлемнің ең үздік ауруханалары мен емханаларының дәрігерлері бас қосып, өзара тәжірибе алмасты. Сол кезде шетелдік мамандар қауіпсіз қан шығару бойынша Қазақстан әлем бойынша үздік үштікке кіреді деген баға берді. Және жапониялық хирург Қазақстанда өз еркімен қан беруге дайын тұратын адамдардың көптігіне таңғалып, ел медицинасына үлкен құрметін көрсетті. Шындығын айтқанда, қазір дүниежүзінде өз халқына қан жеткізе алмай отырған елдер жетерлік. Ал бізде Құдайға шүкір, қан жеткілікті. Және қауіпсіз қан шығару бойынша алдыңғы қатарда келеміз. Біздің облыстық қан орталығында да қан қауіпсіздігі ең бірінші орында тұрады. Донорлардың қанын зерделеу үшін екі зертханамыз және түрлі сүзгілеріміз жұмыс жасайды. Бір сөзбен айтқанда, орталық өзге өңірлерде жоқ соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған.
Біздің тоңазытқыштарда қан үш жылға дейін сақтала алады. Және мамандарымыз науқастардың дертіне қарай 30 түрлі қан құрамдарын шығаруда. Десе де медицина дамыған сайын кейінгі жылдары қанға сұраныс азайып келеді. Оған себеп, қазір оталардың дені лазерлі сәулелер арқылы жүргізілетіндіктен ауруханалар қанды көп қажет етпеуде. Дегенмен қан мүлде қажет емес деп те айта алмаймыз. Кез келген жағдайға сақадай сай донорларымыз ортақ базада тіркеулі тұр және арнайы топ түрлі мекемелерге шығып, еріктілерден қан жинауда. Біздің ең басты мақсат – барлық жағдайға дайын болу.
– Жалпы өңірде дәрігер тапшы екені жасырын емес. Бұл бірінші жыл айтылып жүрген жоқ. Өзіңіз айтқан қан орталығында соңғы үлгідегі технологиялардың тілін білетін мамандар жеткілікті ме?
– Осы таңға дейін мамандарымызды шетелде оқытып келдік. Былтыр 45 маманымызды Ресей, Түркия сынды мемлекеттер мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына жолдап, біліктіліктерін шыңдадық. Десе де мамандардың әлі де жетіспейтіні рас. Оған басты себеп– бізде айлықтың аздығы. Сананы тұрмыс билеген бүгінгі таңда көп жас мамандар табысы көп өңірлерде қызмет еткенді қалайды.
Бірақ бір айта кетерлігі, өткен жылы Санк-Петербургте оқыған және
Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс жасаған екі жерлесіміз біздің мекемеге жұмысқа келді. Оларды қуана қабылдадық. Өйткені туған жеріне ту тігу – әрбір азаматтың парызы. Кезінде өзімізде Нұр-Сұлтанда білім алып, туған топыраққа оралдық қой. Сол сияқты қазіргі жас мамандардың да бойына туған өлкеге деген бір патриоттық сезім қажет сияқты. Мен АҚШ-та болғанымда ондағы дәрігерлер Ауғанстанға, Иракка кетіп жатқандарын көрдім. Бұның себебін сұрағанымда майдан алаңында жүрген медицина мамандарына көп ақша төленетіндігін білдім. Сонда АҚШ-тағы дәрігерлерге ақша жетпей, соғыс болып жатқан мемлекеттерге амалсыз кетіп жатқанда, бізге не жорық? Ақша ол бәрібір жетпейді. Сондықтан бейбіт ғұмыр кешкен таңымызда жастарды туған топырақта қызмет етуге шақырамын.
– Бүгін сіз көтеріп отырған мәселелердің дені Елбасының халыққа жолдаған «Қазақстан­дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында жан-жақты айтылып, шешу жолдары да айқындалды ғой…
– Дұрыс айтасыз, Жолдау бізге көп міндетті жүктеді. Оған қоса Жолдау арқылы Елбасы көп нәрседен хабардар екенін көрсетті. Әсіресе мен айтып өткен медицина саласының мамандарының айлық жалақасын өсіру, жас мамандарды баспанамен қамту сынды тапсырмалар көптің көңілінен шыққаны анық. Президент коммуналдық мәселені көтеріп еді, бүгінде барлық төлемдер төмендетілуде.
Жолдаудың тағы бір ұнаған тұсы аграрлық саланы дамытып, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзартуы болды. Бұл ел ертеңі үшін жасалып жатқан нәрсе. Себебі қалай алып қарасаң да, Жамбыл облысы аграрлық өңір. Сондықтан біздің асыраушы салаға басымдық бергеніміз жөн. Ал кәсіп ашуға ниетті азаматтардың қатары күн санап артып келеді. Міне, «Бизнестің жол картасы– 2020» бағдарламасы осындай тұлғаларға көп көмек болары сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, Жолдаудың алты бағыты да біздің ертеңгі өмірімізді айқындап берді. Енді тек осы жолдан таймай, бағдарымыздан жаңылмауымыз керек.
Өздеріңіз байқап қараңыздаршы, күні кеше ғана Тараз қаласы мүлде басқа кескінде болған. Алайда облысқа Асқар Мырзахметов әкім болып келгелі саябақтар мен скверлер жаңғырып, қала көркі ажарлана түсті. Дәл сондай, талай жыл бойы айтылып жүрген Жуалы ауданындағы тау шаңғысы спорты кешенінің де бойына қан жүгіріп, құрылысы биыл біткелі тұр. Менің өзім жамбылдықтар қысқы спорт түрлеріне және туризмге арналған кешенді көреді дегенге сенбеген едім. Енді міне, соған қол жетуде. Жолдауда айтылған әр бастамаға біз сенуіміз керек. Бүгін болмаса да ертең оның жемісі боларына күмән келтірмегеніміз абзал. Сонда ғана баянды болашаққа бірге жете аламыз.
– Еліміз қай кезде де ынтымақ пен татулықты ту еткен ауызбіршілігімен көпке үлгі болып келеді. Ең бірінші, бұл ұлт пен ұлысқа бөлінбеген халқымыздың біртұтастығының арқасы екені анық. Өңірдегі өзбек этномәдени бірлестігінің көшбасшысы ретінде айтыңызшы, сіз үшін бірліктің бағасы қандай?
– Елбасы Қазақстан халқы Ассам­блея­сын құру арқылы төрткүл әлемге татулығымызды көрсетті. Соның арқасында елімізде тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілі бір шаңырақ астына бірігіп, бір атаның баласындай болып кетті. Қазір көршілес бірде-бір мемлекетте біз сияқты көп ұлт тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан жоқ. Біз осыны бағалай білуіміз керек.
Тұңғыш Президент «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Ұлттық код» туралы айтты. Бірақ Елбасы «мынау сенің, ал мынау ананың ұлттық коды» деп бөлген жоқ. Біз ортақ қазақстандықтар болғандықтан барлығымызға бірдей «Ұлттық кодты» ұмытпай, ұрпақ санасында оны жаңғыртуды тапсырды. Мен өз басым Қазақ хандығының туы тігілген Жамбыл жерінде тектен-тек ғұмыр кешіп жатырмын деп ойламаймын. Бұл менің пешенеме жазылған бақ. Басқа қонған осы бақты жанұяммен бағалап, әрбір таңыма шүкіршілік етемін. Әйелімнің қазақ болғанына, екі қызымның бірі қазақ мектебінде, екіншісі балабақшада тәрбиеленіп жатқанына, түптеп келгенде күнделікті көретін жұмыстағы әріптестерім мен көршіме дейін қазақ екеніне қуанамын. Себебі қан орталығының директоры ретінде айтсам, біз қандаспыз. Біздің бойымызда бір қан жүгіріп, Отанға деген ортақ сүйіспеншілік тұтанып тұр. Сондықтан мен үшін бірлік пен татулықтан асқан бақыт та, байлық та жоқ.
– Бүгінгі қоғамда сізді не алаң­датады?
– Екі бала тәрбиелеп отырғаннан кейін, ең бірінші, мені ұрпақтың ертеңі ойландырады. Рас, қазір жастар үшін барлық қолайлы жағдай жасалуда. Қалайсың ба, мемлекеттік бағдарламаға қатыс та кәсіп аш немесе тіл үйреніп, шетелде біліміңді шыңда. Ол аз десеңіз, Елбасы биылғы жылды «Жастар жылы» деп бекітті. Бұның барлығы ел ертеңі саналған жас буын үшін жасалып жатқан дүние. Бірақ көптеген жасөспірімдердің түсінігі таяз. Осынау жасалып жатқан жақсылық пен қолдауды қабылдамай, өзге таныммен өмір сүреді. Бейне бір Үкімет олардың қалтасына қаппен ақша әкеліп салып беру керек сияқты. Міне, осындай жаңсақ, теріс пікірден арылуымыз қажет. Сондықтан мен өз балаларымды еңбекқорлыққа, отансүйгіштікке, адал өмір сүруге тәрбиелеп келемін. Бұл әрбір әкенің бала алдындағы парызы болуы керек.
– Бос уақытыңызда немен шұғыл­данасыз? Сүйікті хоббиіңіз бар ма?
– Көбіне кітап, журнал, мерзімді басылымдарды оқимын. Ал сүйікті хоббиім – кітап жинау. Жарна­маларды ақтарып жүріп көшіп бара жатқан адамдардың кітапханасында сақталған ескі кітаптарды сатып аламын. Сонымен қатар бала-шағаммен аптасына бір рет кітапханаға барып, әртүрлі кітап оқимыз. Бұл біздің отбасылық дәстүріміз.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Саятхан Сатылғанов

ПІКІР