«Бірліктің берік үлгісін көрсетейік»

0 6

Балабек НАРБАЕВ,
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

– Ел тарихындағы ерен тұлға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев күрделі кезеңде дүйім елге демеу болып, рухты көтерген жаңа мақаласын жария етті. Мақаланы оқи отырып, мемлекетіміздің мығым да мықты елге оңайлықпен айналмағаны тағы бір ойландырады. Өйткені тарихтың «тар жол, тайғақ кешуі», қиын-қыстау кезеңінде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы жарқын жобалар жасады. Қалайда Қазақстанның қанатын қатайтып, кереге қанатын кеңге жайғызамын деп кірпік ілмеді. Ерен еңбек пен салқын ақылын – саяси сарабдалдыққа айналдырды. Әлем елдеріне мемлекетімізді мойындатты. Азаттықтың ақ таңы сыйлаған бақыттың бал дәмін, қуаныштың ақ құсын алақанымызға қондырды.

Ұлт көсемі ұлт саулығы сынға түскен бүгінгі күні баршаны байсалдылыққа, сабыр мен сенімге шақырып отыр. Елбасы Алаш еліне ақ тілеулі сөзін арнады. Халқымызға денсаулықтың қадірін түсіндірген қазіргі сәтте қатаң талаптарды сақтау арқылы жұқпалы дертті жеңетінімізді жақсы жазып көрсеткен. Ауызбіршіліктен айнымай, бірліктің берік үлгісін көрсетуді, даурықпауға шақырған. Өзге елдерде өршіген коронавирустың таралуын тез арада зерттеп, зерделеу арқылы елімізде шұғыл шаралар қабылданды. Таралу ауқымын тию үшін, тұсаулап ұстау үшін – медициналық жабдықтар мен бақылау бекеттерін құрдық. Медицина мамандарына көмек, қаржы беруден бастап барлық жағдай қарастырылды. Күштік құрылымдарға қолдау көбейді. Өйткені біздің ардақты Ата Заңымыздың бірінші бабында: «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі», – деп нақты жазылған.

Жалпы бұл мақала бойымызға қуат берді, санамызға шуақ сыйлады. Әрбір адам өзінің жанұясына жанашырлықпен, жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі. Сондықтан біз бекем бірліктің бастауы болып, шаңырағымызда шаттық шырағын жағу үшін, жұқпалы дертті жеңе білу үшін Бауыржан Момышұлының салиқалы сөзіне қайырыламыз. Ендеше «Тәртіпке бас иген құл болмайды». Біз біргеміз!

Leave A Reply

Your email address will not be published.