Қоғам

«Биржадағылар» көше сыпырғысы келмейді…

Written by Aray2005

Мемлекет тарапынан әлеуметтің әлеуетін арттыру бағытында түрлі бағдарламалар қабылданғанымен, жұмыссыздық түбегейлі жойылмай келеді. Алысқа бармай-ақ, қаладағы жалдамалы жұмысшылар тұратын нүктедегі жастарды көріп, еріксіз қарның ашады.

«Биржаның» өз тәртібі бар

Жоғары оқу орнын тәмамдап, әуел баста мамандығы бойынша еңбек етіп, кейін жалдамалы жұмысшылардың қатарына қосылған адамдар арамызда жоқ емес. Әрине, әркімнің әртүрлі себебі бар. Біреу тіршілік тауқыметімен отбасын асырау үшін тағдырының осылай өрілгеніне көндіксе, кейбірі жалқаулықтың кесірінен бір реттік арзан жұмысты жөн көруде. Қалай десек те, жұмыссыз отырып, туған-туысына, ата-анасына масыл болмай, нәпақасын өзі тауып жүргені кейде көңілге медет сыйлайды. Сонда да бұл жастар қашанғы осындай ортада жүреді, тепсе темір үзер шағында алтындай уақыттарын неге сарп етеді екен деген жанашыр ой да мазалап қоймайды…
Сыртынан тон пішіп, сөз ету айтар ауызға ғана оңай, әрине. Сондықтан, жалдамалы жұмысшылардың жай-күйін мейлінше сезініп, олардың мұндағы «жұмыс кестесінің» қалай өрбитінін көзбен көру мақсатында таң азанмен Тараз қаласындағы әл-Фараби көшесінің Қаратай Тұрысов көшесімен қиылысар тұсындағы көпшілік «Биржа» атап кеткен орынға жол тарттым. Білгенімдей, мұндағылар өздерінің өскен өңірлеріне қарай бірнеше топқа бөлінеді екен. Мен қарағаштың көлеңкесінде күннен бой тасалап отырған төрт азаматтың қасына жайғастым. Іштей «Бұл бастамам қалай болар екен, жұмысшылардың талабын көремін деп жүріп, таяғын жеп қайтпаймын ба?» деген ойлар да болды. Қуанышыма орай, менің ортамда ересек адамдар жиналыпты. Жастары шамамен қырық пен елудің арасы. Мұнда кез келген тақырыпта қаузайтын кілең әңгімешілдер жиналған ба дерсің. Сөздеріне құлақ салсақ, біразының ащы судан ұрттап алғаны анық байқалып тұр. Ал, бізге қарама-қарсы жолдың арғы бетіне жайғасқан адамдар карта ойнап отыр. Одан ары көз тастасаңыз көбіне үй қызметіне қарасатын түрлі жастағы бойжеткендер мен келіншектер көрінді.

Даниярдың діттегені не?

Осындай көріністерді сырттай зерттеп тұрғанымда жұмысшыларға қымбат автокөліктердің талайы келіп кетті. Әйтеуір, ауқатты адамдардың жұмысшылар айтқан бағасымен мүлде келіспей, біраз пікірталас жүргізгеніне қарағанда ортақ бір шешімге келудің өзі қиын екен. Оның үстіне мұндағылар кез келген жұмысты ұршықша иіретін бесаспап екенін сөздерінен аңғардық. Әсіресе, дәнекерлеуші, механизатор, құрылысшы азаматтар көп-ақ. Онымен қоса, біздің ортамыздағы Данияр есімді азаматтың жүрекжарды әңгімесін де тыңдап көрдік:
– Мен өзім жастайымнан жеке кәсіпкер­лік­пен айналысып, жақсы табыс тауып жүрдім. Алғашында бәрі мен ойлағандай болғанымен, сын сағаты келгенде ішкілікке салынып, кейін соны әдетке айналдырып, ұзақ уақытқа дейін ес жия алмай жүрдім. Содан күнделікті арақ-шарабымның ақысын айыру үшін әртүрлі ауыр жұмыстарды осында келіп атқара бастадым. Мұнда үш жыл жүрсем де, тапқан табысымның берекесін көрдім деп айта алмаймын. Себебі, жұмыс болмай қалған кезде карта ойнаймыз. Кейде ақшамның барлығын сол картаға салып жіберген кездер болды. Осы уақыт аралығында жеңіл әрі тиімді жұмыс іздеп көруге тырыстым, жұмыспен қамту орталығына да бардым. Онда тек көше сыпырушының жұмысы табылып, жалақысы аздығынан ол ұсыныстан бас тартып, қайта осында келдім. «Тағдырдың басқа салғанын көресің» деген осы болса керек, – деп сөзін түйіндеген жігіт ойлы жанарымен алыс нүктеге қадала ауыр күрсінгендей болды.

Қыруар қаржы қайда жұмсалуда?

Жоғарыда мемлекет тарапынан жұмыс­сыз­дықты жою бағытында бағдарлы бастамалардың көтеріліп жатқанын айттық. Соның бірі – «Нәти­же­лі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған бағдарламасы.
Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы берген мәліметке сүйенсек, бағдарлама аясында өткен жылы барлығы 9,2 миллиард теңге мақсатты жұмсалып, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 38 178 адам тартылыпты.
Соның ішінде бос жұмыс орындарына 20 670 адам орналастырылып, техникалық және кәсіптік білім беру бойынша 772 адам кәсіптік даярлау курстарына жолданған. Қысқа мерзімдік кәсіптік оқытуға 6 429 адам тартылса, 1 125 азамат кәсіпкерлік негіздеріне оқудан өтіпті. Ал, 651 адам шағын несие алса, 1 533 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына, 2 261 түлек жастар практикасына, 535 адам инфрақұрылымдық жөндеу жұмыстарына және 4 217 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған. Биыл да бұл бағытта жүйелі жұмыстар жалғасуда.
Бірақ, неге осындай жарқын жобаның жемісін жалдамалы жұмысшылар сезінбей отыр? Құзырлы мекеменің қызметкерлері неге «Құлбазарға» барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізбейді? Әлде, әлеуметтің өзі талпынуы керек пе? Сонда қараша халықтың игілігіне бағытталған қыруар қаржы қайда кетіп жатыр? Сұрақ көп. Жауап жоқ.

Сәндібек ПІРЕНОВ,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың 2-курс студенті

ПІКІР