Қоғам

Бітер істің басына, Жақсы келер қасына

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей ықпалымен «Жеңіс» саябағының қайта жаңғырып, «Ерлік» мемориалдық кешені ретінде еңсе тіктеуі ел-жұрттың қуанышын еселеді. Оны редакциямызға толассыз келіп жатқан хаттар легінен де айқын аңғаруға болады. Әсіресе, жалынды жастардың аймақ басшысына алғысы шексіз. Олардың бірқатары мемориалдық кешенде бой көтерген майдангерлер есімі жазылған мәрмар тақтадан ата-апаларының аты-жөнін кездестіргеніне дән риза.

Редакциямызға хат жолдаған Тараз қаласының жас тұрғыны Ләззат Есбергенова да ұрпаққа ұран боларлық ұлағатты іс тындырған облыс басшысына айрықша алғыс сезімін жеткізіпті.

Биылғы Жеңіс күні Тараз қаласында жылдағыдан өзгеше, ерекше сән-салтанатымен аталып өтті. Біраз жылдан бері қараусыз қалған жеңіс паркінде көктем шыға салысымен құрылыс жұмыстары басталып кетті. Әрине, оған бастамашыл болып жүрген облыс әкімі Асқар Мырзахметов екенін жақсы білеміз. Бір кездері ішіне кіруге қорқатын саябақ қазір адам танымастай өзгеріп, құлпырып шыға келген. Орталықта тұрса да, онша елене бермейтін Бауыржан Момышұлы атамыздың еңселі ескерткішінің осы саябақтан орын тапқаны өте құптарлық қадам болды. Өйткені, батыр атамыздың ескерткіші саябақтың тура ортасына орнатылып, оны айнала Жамбылдан шыққан Кеңес Одағының батырларының есімі қашалған гранит тастар сап түзеген. Ал, ескерткіш алдында «Мәңгілік алау» оты маздап тұрса, артқы қос қапталын бойлай алты қатарға Жамбыл жерінен соғысқа аттанған барша жерлестеріміздің есімі мәңгілік өшпестей тасқа қашалып жазылыпты. Бұл кешеннен құдды бір ер Бауыржанның ұлы майдандағы ерлік әрекеттеріне барша соғысқа қатысқан жауынгерлер бас иіп, құрмет көрсетіп тұрғандай әсер алдық.

Соғыстан хат-хабарсыз кеткен адам қаншама… Солардың бірі – менің атам Базарбай Балпышев. «Ерлік» мемориалдық кешенінен аты-жөнін көргенде, көңілім босап, жүрегім толғанып қоя берді. Бір жағы майдангер атама деген мақтаныш сезімі кернесе, соғыс деген сұрапыл болмағанда менің атам да бүгінде немере-шөберелерінің ортасында отырар ма еді деген ой көңілге тыныштық бермеді.

Осындай керемет істі ұйымдастырып, әр әулеттің ардагерін ұрпағына естелік етіп, атын мәңгілікке тасқа жаздырған, халықтың ыкыласы мен алғысына бөленіп отырған облыс басшысы Асқар Исабекұлына үлкен рахмет айтамыз! Ел ағаларының еңбегі еселене бергей!

Ләззат ЕСБЕРГЕНОВА,
Тараз қаласының тұрғыны

 

ПІКІР