Бітпеген құрылысқа қаржы аударған кімдер?

0 19

Құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан мердігер мен тапсырыс беруші мекемеге қойылатын талап қатал. Мердігер ғимаратты белгіленген мерзімде пайдалануға беруі қажет болса, ал тапсырыс беруші аталған құрылыс нысаны үшін қазынадан бөлінген қаржыны уақытылы игеруі керек.

Қаржы республикалық бюджеттен бөлінсе, толықтай игерілуі керек. Ал игерілмеген қаржы мемлекетке кері қайтарылатыны белгілі. Сол үшін жыл аяқталарда мердігер нысанды аяқтауға үлгере алмай жатса да тапсырыс беруші мекемелер қолдағы қаржыны уыстан шығарып алмас үшін түрлі амалдарға барады.
Облыс әкімдігінде өткен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстағы Әдеп жөніндегі кеңесінің отырысындағы күн тәртібіне қойылған 9 мәселенің екеуі қаржы игеруге байланысты заңбұзушылыққа барған тәртіптік істі қарауға арналды. Облыс прокурорының аға көмекшісі Бекен Абдулиннің айтуынша, Байзақ ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұрлан Мекебаев пен Байзақ ауданы әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Ербол Садыров нысанның құрылыс жұмысы көрсетілген уақытта бітпесе де мердігердің есепшотына қаржыны түгел аударып жіберген.
– Жүргізілген қызметтік тергеп-тексерудің нәтижесінде аталған бөлім мен «ҚазМұнайҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында «Жамбыл облысы, Байзақ ауданының Бурыл ауылындағы су жинау ғимараттары мен су құбыры желілерін қайта жарақтау» жұмыстарын жүргізу үшін 820 709 326,08 теңгеге мемлекеттік сатып алу туралы №89 келісімшарты жасалған. Прокуратура органдары тарапынан жүргізілген талдау нәтижесінде нысанда асфальт бетондық жабындылар және су мұнараларын сырлау жұмыстары орындалмағаны анықталды.
Бұл ретте көрсетілген жұмыстар бітпегені, ол жұмыстар ауа райының қолайлы кезінде атқарылатыны туралы мердігер былтыр 28 желтоқсанда аталған бөлімге кепілхат жолдаған. Сол күні бөлім басшысы Н.Мекебаев жұмыстың бітпегенін біле тұра актіге қол қойып, серіктестіктің есепшотына тиісті қаражат толық аудырылған. Аталған бөлім «Жамбыл облысы, Байзақ ауданының Қостөбе ауылында су қабылдау құрылыстары мен су құбыры желілерін салу» жұмыстарымен айналысқан «FORTIS» серіктестігінен де нысанды қабылдап, мердігердің есепшотына қаржыны толығымен аударып жіберген. Өз кезегінде мердігер орындалмаған жұмыстарды алдағы уақытта аяқтау үшін атқарылмаған жұмыстарға төленетін тиісті қаражатты бөлімнің депозиттік есепшотына қайтарған,– деді Бекен Серікұлы.
Байзақ ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Ербол Кыдыралыұлы да мемлекеттік сатып алулар бойынша заңбұзушылықтарға жол берген. Ол да бітпеген нысанды қабылдамағанымен, қаржыны игеру үшін мердігердің есепшотына тиісті қаржыны аударған. Мұнда да мердігер атқарылмаған жұмыстарды аяқтауға кететін қаржыны бөлімнің депозиттік шотына аудара тұрған. Биыл қаңтар айының соңында мердігер жұмысты толық аяқтағанда депозиттік шоттағы қаржы оларға берілген.
Жиында Нұрлан Мекебаев пен Ербол Садыров қаржыны игеру үшін заңбұзушылық әрекетке барғанын айтып, өз кінәларын толық мойындады. Өз кезегінде кеңес төрағасы Шәкір Сұлтанхан кінәлілерге құрылыс нысандарын мерзімінде аяқтауға әу баста күш салу керектігін, уақытында қадағалауға алып, белгіленген мерзімде өз міндетін орындамаған, жұмыс кестесінен кешіккен мердігерді сотқа беру, қаржыны игерудің амалын заң аясында атқару қажеттігін айта келе, заңмен санасу керектігін баса ескертті. Басқосу барысында аталмыш Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің ұйғарымымен екі бөлім басшысына да қызметіне толық сәйкес емес деген ескерту берілді.
Бұдан кейін жиында сыбайлас жемқорлық, құқықбұзушылықтардың және мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзудың алдын алуға бағытталған шаралары туралы Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұловтың, Мойынқұм ауданы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі мен басқа да бірқатар мекеменің әдеп жөніндегі уәкілдерінің былтыр және биыл атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Сондай-ақ медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Мадина Шыналиеваға Әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен өткен жылдың қараша айының соңында «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған екен. Десе де ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Б.Байсеркин Мадина Сейдалықызының өз жұмысын адал атқарып отырғанын және тәртіптік теріс қылық жасамағанын алға тарта отырып, қолданылған жазаны мерзімінен бұрын алып тастауға келісім беруді сұраған екен. Алайда кеңес мүшелері ол бойынша келісім беруден бас тартты.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.