Айна

Биыл балалар лагерінің бағы жанбай тұр

Written by Aray2005

Өңірде жастардың жазғы еңбек маусымын ұйымдастыруда шешімін табуы керек мәселелер жетерлік. Өткен жылы кейбір аудан әкімдіктері еңбекші жастардың мүддесі ескерусіз қалдырған. Жазғы демалысын тиімді пайдалануға ниеттенген жастар жатын орны мен тамақпен қамту және жалақы көлеміне қатысты өз наразылықтарын білдірген. Ағымдағы жылы осы тектес мәселелерге жол бермеу жайы облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың төрағалық етуімен өткен жиында пысықталды. Аталған басқосуда өңір басшысының орынбасары карантин жағдайында Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізудің жай-жапсарына да жан-жақты тоқталды.

Күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты сөз алған облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа жастардың бос уақытын тиімді пайдалану бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды жіпке тізіп атап өтті. Биыл да жазғы еңбек маусымына орай жоспарланған жұмыстар аз емес. Дегенмен осы бағыттағы жұмыстың жүруіне кейбір аудан әкімдіктері белсенділік танытпай отырған көрінеді. Бұл орайда жұмысшы жастардың жағдайын назардан тыс қалдырған Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Меркі аудандарымен Ержан Жұматұлы онлайн байланысқа шығып, мән-жайды сұрастырды. Өз кезегінде Жамбыл, Т.Рысқұлов және Меркі аудандары жазғы еңбек маусымына қаражат қарастырған. Ал Байзақ ауданында бұл жұмыстар сылбыр жүргізілуде.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков былтыр жұмыс берушілер тарапынан кеткен кемшіліктер биыл қайталанбаса деген ұсынысын жеткізді. Атап айтқанда өткен жазғы еңбек маусымында 13 нысанда жұмысқа тартылған студенттердің жатын орны, тамақпен қамтылуы және жалақы төлеуі үлкен мәселеген айналған көрінеді. Тіпті кейбір студенттер 50 мың теңге еңбекақыны қанағат еткен. Осы ретте ТарМУ ректоры жалақыны 70 мың теңгенің төңірегінде болуын сұрап, еңбек маусымының ашылуы мен жабылуын жастар арасында үлкен мерекелік шара ретінде салтанатпен атап өтуді ұсынды. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы да еңбек жасақтарының базасын ертерек жасақтаудың қажеттілігін айтып, оқу орнынан жасақ сапын толықтыратын студенттердің негізгі құрамы қыз балалар екенін ескеріп, қауіпсіздікті мұқият ойластыру керектігін тілге тиек етті.
Жиын барысында үлгілі ауылдардың жайы да айтылды. Қазіргі таңда бұл жұмыс екі бағытта, яғни идеологиялық,

рухани құндылықтар арқылы және инфрақұрылым, әлеуметтік тұрғыда жүріп жатыр екен. Ержан Жұматұлы бұл жұмысты да жүйелеуді тапсырды. Карантин кезі болғандықтан биыл оқушылардың жазғы лагерлері жұмыс жасамайды. Дегенмен оқушылардың демалысында тарихи танымдық экскурсиялар ұйымдастырылмақ. Облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбатырова биыл жазғы демалыс кезінде 5 мыңнан астам оқушы экскурсияға қатысатынын жеткізді. Сонымен қатар жазғы тіл үйрету курстарын ұйымдастыру да жоспарланып отыр екен. Онда оқушылар қазақ тілімен бірге ағылшын, француз тілдерін меңгермек. Бұған қоса басқосуда Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу ондағы карантиндік талаптардың сақталуы да сөз болды. Облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Елеуқызы білім сынағы кезінде дене қызуы көтерілген үміткерлер қажетті емін алып болғаннан кейін тамыз айында тестілеуге қатыса алатындығын айтты. Өңір басшысының орынбасары жауапты тұлғаларға ҰБТ кезеңінде оқушылардың қауіпсіздігі мен санитарлық талаптардың сақталуын басты назарға алып, жаңа оқу жылындағы мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартуды тапсырды. Бұл бағытта tylek.kz сайтын пайдаланып, демеушілерді тартуға болатынын да еске салды. Карантин кезінде тұралап тұрған туризм саласына қатысты да тапсырмалар берілді. Айталық «Джип-сафари» шарасын өңірде тұрақты түрде ұйымдастыру арқылы туристердің қызығушылығын қалыптастыруға болатынын жеткізді. Және Қазақ хандығы ескерткішінің артқы жағындағы жазық далаға этноауыл жобасын ұйымдастырудың маңыздылығы да айтылды. Жиын барысында шаруашылықты дамыту бағытындағы гранттардың мәселесі де талқыланды. Басқосу соңында Ержан Жұматұлы жиынға қатысып отырған бірқатар басқарма басшылары мен аудан әкімдіктеріне шаруаны ширату керектігін ескертті.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР