Биыл білім сынағы бірінші рет электрондық форматта өтеді

0 4

Ел жастарына мемлекет те, халық та әрдайым үлкен сенім артатыны белгілі. Білімді мыңды жығар бүгінгідей бәсекелестік заманында ертеңгі ел тізгінін ұстайтын мектеп бітіруші түлектерден күтілетін үміт үлкен. Осы ретте дәстүрлі ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы биыл елімізде алғаш рет электрондық форматта жүргізілетін болды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлім етті.

– Мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ 15 сәуірде басталып, 30 маусымға дейін жалғасады. Биыл тестілеу алғаш рет электрондық форматта өтеді. Компьютерлік ҰБТ-ға өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының testcenter.kz сайты арқылы беруге болады. Тіркеу онлайн режимде жүргізіледі, ешқандай құжат пен фотосуреттер талап етілмейді. Абитуриент сайтқа кіріп, кез келген тестілеу пунктін, ҰБТ тапсыру күні мен өзіне ыңғайлы уақытты таңдайды. Білім және ғылым министрлігі барлық рәсімдерді жетілдіру, оның ішінде білім беру процесінің барлық қатысушылары үшін рәсімдерді өткізудің объективтілігі мен әділдігін қамтамасыз ететін процестерді цифрландыру бойынша жұмысты жалғастыруда. Биыл ҰБТ-ны 120 000-нан астам түлек және басқа да қатысушылар ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыратын 51 пункт базасында тапсырады деп жоспарлануда, – деді вице-министр Шолпан Каринова.
Ал аталған министрліктің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаевтың айтуынша, үміткерлер ҰБТ-ны әдеттегідей 3 міндетті және 2 бейінді пән бойынша тапсырады. Қатысушыларға 120 тест тапсырмасы берілсе, оның ішінде Қазақстан тарихы бойынша – 15, математикалық сауаттылық бойынша – 15, оқу сауаттылығы бойынша – 20 және екі бейіндік пән бойынша 35 тапсырмадан жүктелмек. Сондай-ақ тестілеуге 4 сағат (240 минут) беріледі. ҰБТ нәтижесі бойынша талапкерлер ең жоғары 140 балл жинай алады екен.
Сонымен қатар биылғы білім сынағы барысында талапкерлерге тестілеудің 60 минутынан кейін оқушыларға көзге арналған және дене жаттығуларын орындау үшін екі минуттық үзіліс, 120 минуттан кейін 15 минуттық үзіліс беріледі.

Н.Серікханұлы

Leave A Reply

Your email address will not be published.