Биыл есірткі бизнесімен күрес қалай жүргізіледі?

0 6

Облыста «Қарасора» жедел-алдын алу іс-шарасы ресми түрде бастау алды. Жылда Шу ауданында ұйымдастырылатын ауқымды науқан биыл 1 маусым мен 31 қазан аралығын қамтымақ. Есірткі бизнесімен күресті көздейтін жобаның өңір үшін маңыздылығы зор.

Жедел-алдын алу шарасының алдында ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Тілеген Маткенов Шу ауданында жиын өткізіп, атқарылар жұмыстарды пысықтады. Сондай-ақ Т.Маткенов «Қарасора» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізудің мақсаттарын белгілеп, елдің оңтүстік өңірлерінен каннабис тобының есірткілерін дайындаумен және әкетумен айналысатын адамдарды анықтау, героин трафигі арналарының жолын кесу, синтетикалық есірткіні таратуға мамандандырылған ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін, есірткі зертханаларын жою бойынша нақты міндеттерді қойды.
Операцияның ашылу орны ретінде Шу қаласының таңдалынып алынғаны кездейсоқтық емес. Себебі өткен жылы Шудан шыққан каннабис тобының есірткілері елдің барлық аймақтарына тараған. Жамбыл және Қызылорда облыстарының полиция департаменттерінде каннабисті тасымалдау барысында пайдалануы мүмкін жергілікті жерлерді, ауылдық жолдарды ескере отырып патрульдеу бағыттары әзірленген. Құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру орындарын анықтау мақсатында ІІМ мен Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөлімшелерін, күштер мен құралдарды тарта отырып, Қызылорда облысы мен оған шекаралас аумақтарда әуе барлауы жүзеге асырылған. Соңғы бірнеше жыл ішінде елдің оңтүстік аймақтарында ұйымдасқан қылмыстық топтардың тетрагидроканнабинолдың көп мөлшері бар марихуана жасалған «Үнді қарасора» өсіруді жолға қою әрекеттері тұрақты түрде анықталып, тоқтатылуда.
2020 жылғы науқан барысында 830 қылмыс ашылып, оның ішінде 383 есірткі сату және 162 сақтау фактілері, 233 қарасора өсірудің жолы кесілген. Түркістан, Қызылорда және Қарағанды облыстарында жалпы көлемі 260 гектардан астам 62 плантация жойылған. Салмағы 20 тоннадан асатын 53 мың түп қарасора алынып тасталған. Негізгі бөлігі Қызылорда облысына тиесілі. Онда 48 плантация жойылып, 14 тоннадан астам құрамында есірткі бар өсімдіктер тәркіленіп отыр. Мәселен Қарағанды және Қызылорда облыстарының шекарасында тікұшақпен ұшу кезінде Қызылорда облысының тұрғындары анықталып, олар «Тойота» көлігімен жасырынуға тырысып, атыс қаруын қолдана отырып қарсылық көрсеткен.
– Жыл сайын полицейлер облыстың құмды аймақтарынан басқа өңірлерге жабайы қарасораны шығару арналарын жабу бойынша операциялар жүргізіп келеді. Өткен жылы «Қарасора-2020» жедел-алдын алу іс-шарасының қорытындысы бойынша тек Жамбыл облысы бойынша 574 есірткі құқық бұзушылығы анықталды. Оның 139 дерегі есірткі қылмысы, ал 435-і қылмыстық теріс қылық. Есірткі қылмыстарының ішінде есірткіні өткізудің – 73 дерегі, 38-і аса ірі мөлшерде сақтау, 3-і есірткі контрабандасы және 25 құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру дерегі анықталды. Заңсыз айналымнан 2 тонна 867 келі түрлі есірткі құралдары тәркіленді.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен жергілікті атқарушы биліктің өкілдері бірлесіп, есірткіні өртеу, шабу, жерді аудару, сондай-ақ улы химикаттарды қолдану жолымен жою шараларын тұрақты түрде жүзеге асыруда.
Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады, – дейді облыстық Полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов.
Міне, осылайша «Қарасора-2021» шарасы ресми түрде бастау алып, алғашқы онкүндіктің өзінде өз нәтижесін көрсетуде. Атап айтсақ, 1 маусымнан бері 32 есірткі қылмысы анықталған. Заңсыз айналымнан 27 келіден астам есірткі шығарылып отыр. Оның ішінде геройн, гашиш және марихуана түрлері бар. Демек жұмыс жүйесін тауып отыр деген сөз.

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.