Sport

Биыл қай балуанның бағы жанар екен?

Written by Aray2005

Ұлттық спортымыздың ұлығы саналған қазақ күресінен тоғызыншы мәрте түндігін түретін «Қазақстан Барысы» турниріне санаулы күндер қалды. Алты алаштың апайтөс балуандары бақ сынайтын бәсекенің бәсі жоғары екені айтпаса да белгілі. Алайда кімнің бағы жанып, кімнің бабы басым боларын тап басып айту қиын. Себебі әр өңір кіл мықтыларын үкілеп, үміт артып, аламанға қосып жатқаны айқын. Сонымен, биыл «Қазақстан Барысы» атануға кімдер үмітті?

Осы сенбі күні бас қаламыздағы «Барыс Арена» мұз сарайында жалауы желбірейтін додада Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен 14 облыстан барлығы 36 балуан күш сынасады. Олардың қатарында Мұхит Тұрсынов, Ұлан Рысқұл, Айбек Нұғымаров, Ержан Шынкеев сынды елге танымал балуандар бар. Сондай-ақ Бекболат Салықов, Руслан Ізғалиев, Ерназар Хамзин, Олжас Сүлейменов, Нұрым Сәлімгереев, Мақсат Исағабылов, Асылбек Әбдіров сынды таланттар да боз кілемде бағын сынайды. Ал облыс намысын «Қазақстан Барысы – 2016» турнирінің қола жүлдегері Айбол Айтбек пен қазақ күресінің «қаршығасына» баланып кеткен Дәулетхан Жақыпов қорғайды. Қос балуанның да бабы мен білігін жамбылдық жанкүйерлер жақсы біледі. Сондықтан жерлестеріміз жерге қаратпайды деп сенеміз.
Ал турнирдің өзіне келсек, еліміздің қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораевтың айтуынша, биыл бәсекенің жүлде қоры 41 миллион теңгені құрапты. Оның 25 миллион теңгесі «Барыс» атанған балуанға берілмек. Сәйкесінше күміс пен қола жүлдеге де белгіленген ақшалай сыйақы бар. Одан бөлек әр белдесуде жеңіске жеткені үшін қатысушыларға 100 мың теңгеден тағайындалады.
– Өткен жылғы сайыстың жүлде қоры жоғары болған. Елімізде болған девальвацияға байланысты биыл қаралған қаржы біршама азайды. Сондай-ақ жанкүйерлер арасында автокөлік ойнатылады. Билеттерді «Меломан» дүкендер желісінен немесе ticketon.kz, zakazbiletov.kz, kassir.kz сайттарынан алуға болады. Дегенмен 25 миллион теңге де аз ақша емес. Сондықтан балуандар биыл бәсі жоғары бәсеке көрсетеді деп сенемін, – дейді Арман Шораев.
Әрине, бақ пен бап қатар тартысқа түсетін турнирде барыңды салу қажет-ақ. Оны жамбылдық жампоздар Дәулетхан мен Айбол жақсы түсінеді. «Қазақстан Барысы» турнирінің үш дүркін чемпионы Бейбіт Ыстыбаев әкелген соңғы алтын «тұяқтан» кейін әулиеаталықтар жеңістің дәмін сағынып қалғаны жасырын емес. Сондықтан биыл «не бел, не белбеу» кетеді деп, балуандарымызға белдесу қажет. Осы орайда қос саңлағымыздың қайсысының бабы келіп тұрғанын білікті мамандардан білген едік.
– Негізі, Дәулетхан Жақыповтың мүмкіндігі мол. Облыстық іріктеуде өзінен сан есе салмағы ауыр қарсыластарын алып та, шалып та ұрды. Енді тек республикалық турнирде жеребе жолдас болып, жеңілдеу топқа түссе болғаны. Әрине, айтулы аламан болғаннан кейін ешкім осал балуанын әкелмейтіні белгілі. Десе де Дәулетханның жолы болып, бағы жанса деймін.
Жақыповтың бір әлсіз тұсы – салмағы жеңіл. Биылғы облыстық іріктеуде салмағы 137 келілік Ғалымжан Қырықбаевқа көп сенім артып едім. Айбек Нұғымаров сынды алыптарды бір жеңсе, осы балуан жеңеді деп үміттенгем. Алайда ол білгенінен жаңылып, жеңіліп қалды. Кім біледі, бәлкім, жас болғаннан кейін тәжірибе жетпей жатқан шығар.
Енді қос балуанымыздың бірі жүлделі орынға ілінеді деген үміттемін. Менің болжауымша, биыл Айбек Нұғымаров «Қазақстан Барысы» атанатын секілді, – дейді КСРО мен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Марат Жақыпов.
Ал Бейбіт Ыстыбаевтың бұрынғы бапкері Елдос Далабай қос балуанға да сенетіндігін айтады.
– Екеуінің де бабы жақсы. Барын салып дайындалды. Шеберліктерін шыңдады. Енді тек турнирде жеребе жолдас болса екен деп тілеп отырмыз. Бейбіт балуаннан кейін Әулиеата жеріне «алтын тұяқты» тағы бір мәрте әкелсек деген арманымыз бар. Осы мақсатқа жету үшін балуандарымыз барын салатын болады. Әрине, Айболдың да, Дәулетханның да салмағы 90 келі болғандықтан 140-150 келі тартатын алыптармен айқасу оңай емес. Соны түсініп, тактикалық тұрғыдағы әдістерді ойластырдық.
Жамбылдық жанкүйерлер жерлестеріне барынша қолдау білдірсе, бағымыз жанады деген үміттеміз, – дейді қазақ күресінен облыстың аға жаттықтырушысы Елдос Далабай.
Иә, біз де қос саңлағымыздың тілеуін тілеп, тақым қысатынымыз анық. Ең бастысы – бұл турнир балуандарымызға абырой әкелсін! Мұндай игі ниетпен апта басында Талас ауданының әкімі Досмаханбет Алиев Дәулетхан Жақыповты қабылдап, сәт-сапар тілеп, «Сәттілік серігің болсын», деп қанаттандырды.
«Көп тілеуі көл» дейді дана қазақ. Егер жамбылдық жанкүйерлер жампоздарының тілеуін дәл осылай тілесе, біздің ауылда да жеңіс тойы тойланып қалар. Оған қоса Қазақ күресі федерациясының жасаған соңғы мәлімдемесі бойынша, келер жылы «Қазақстан Барысы» турнирінің өткізу жүйесі толықтай өзгергелі тұр. Яғни 2020 жылы әр облыстан тек бір ғана балуан өнер көрсете алатын болады. Бұл талай балуандардың жолын байлайды деген сөз. Сондықтан биыл Айбол мен Дәулетханға барын салу қажет. Әйтпесе мұндай мүмкіндіктің қайта тумауы да бек мүмкін.
Ең бастысы балуандарымыздың айы оңынан туып, сәттілік жолдас болсын!
Алға, жамбылдық жампоздар!

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР