Жамбыл жаңалықтары

Биыл көгілдір отынның қызығын отыз ауыл көреді

Written by Aray2005

Бүгінгі таңда облыс елді мекендерінің 57,8 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. 2023 жылы жамбылдықтарды толықтай ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров хабарлады.

Ағымдағы жылы 17,4 миллиард теңгеге 50 сумен жабдықтау нысанының құрылысы жүргізілуде, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көп. Жыл соңына дейін 34 нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде. Тиісті қаржы «Өңірлерді дамыту» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында қарастырылған.
Сумен жабдықтау нысандарының басым бөлігі Жуалы, Байзақ, Т.Рысқұлов және Жамбыл аудандарында салынатын болады.
2021-2023 жылдары 84 елді мекенге жүздеген шақырым су құбыры тартылады. Соның есебінен облыстың барлық тұрғындары толықтай таза ауыз суға қол жеткізеді.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жоспар-кестеде белгіленген мерзімнен қалыс қалмау үшін Меркі, Шу, Қордай аудандары мен Тараз қаласының әкімдеріне мердігерлермен мәселелерді шешіп, жобалық-сметалық құжаттарды уақытылы дайындауды тапсырды.
Ауылдарды газдандыруға қаражат облыстық және республикалық бюджеттен, соның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында қарастырылуда. Биыл 30 ауыл көгілдір отынмен қамтылмақ.
Бүгінгі таңда облыстағы 377 елді мекеннің 192-сіне табиғи газ құбыры тартылған, бұл 51 пайызды құрайды.
– Еліміздің барлық тұрғындарының таза ауыз суға қол жетімділігін қамтамасыз ету және газдандыруды жүргізу маңызды басымдықтар болып табылады. Бұл бағыттағы көрсеткіштер жаман емес. Ендігі міндет – жұмыс қарқынын төмендетуге әкелетін олқылықтарға жол бермеуі керек. Жауапты орындар барлық үйлердің газ құбыры мен су жүйесіне қосылуын қамтамасыз етуі тиіс.
Инженерлік-инфрақұрылым жүйелі түрде дамуы қажет. Тұрғындар жолдар ретке келтірілгеннен кейін жерасты инженерлік желілерін жөндеу үшін көп уақыт өтпей қайта қазылып, бұзылатынына жиі шағымдануда. Барлық жұмыстар қатар атқарылуы керек, – деді Бердібек Машбекұлы.
Сондай-ақ кеңеске қатысушылармен жобалық-сметалық құжаттамалардың әзірлену барысы да жан-жақты сараланды.
Облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова өз баяндамасында 2019-2020 жылдарға жоспарланған 412 жобаның 305-і бойынша жобалық-сметалық құжаттамалардың әлі дайындалмағандығын айтып өтті. Оның 56-сы күзге дейін мақұлданбақ. Жобалардың көпшілігі Тараз қаласымен, Жуалы, Жамбыл, Байзақ, Сарысу және Т.Рысқұлов аудандарында жүзеге асырылмағандығы анықталған.
Аймақ басшысы жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу шараларын жеделдетуді тапсырды.
– Мен жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындау барысы бес-алты жылға созылатындай ешқандай айтарлықтай себеп көріп тұрған жоқпын. Тек жергілікті жерлерде нақты жұмыс жүйесі қалыптаспаған, – деді облыс әкімі.
Бердібек Сапарбаев дайын типтік жобаларды қолдануды және бір үлгідегі жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге артық ақша жұмсамауды тапсырды.
Басқосуда хаттамалық тапсырмалардың орындалуы туралы облыс әкімі аппаратының басшысы Алмас Мәдиев есеп берді. Есепте облыстық басқармалар, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері аймақ басшысының кейбір тапсырмаларын уақытылы орындамай отырғандығы белгілі болды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы азаматтардың өтініштеріне жедел және тиімді жауап беруді көздейді. Тұрғындардың мәселелерін шешу жолындағы мен жүктеген нақты міндеттер уақытылы орындалуы тиіс, – деді Бердібек Сапарбаев.
Жиын соңында облыс әкімі ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін барлық мектептер ғимарат ішіндегі жылы дәретханалармен және бейнекамералармен қамтамасыз етілу керектігін еске салды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР