Жамбыл жаңалықтары

Биыл өңірде 40 медициналық нысанның құрылысы басталады

Written by Aray2005

Жамбыл облысында 2019 жылы  40 медициналық  нысанның құрылысы жүргізіледі.  Оның ішінде 1 дәрігерлік амбулатория, 7 фельдшерлік-амбулаториялық, 32 медициналық пункт бой көтереді.

Былтыр өңірде 39  медициналық нысан пайдалануға берілген. Оның 29-ы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында, 9-ы жергілікті бюджет есебінен салынса, 1-і сатып алынған. Бұл құрылыс жұмыстарына 1325,0 млн теңге бөлінген. Ал, биыл 40 нысан салынады деп көзделсе, 2020 жылы — 25 нысан құрылысының жүргізілуі жоспарлануда.

– Қазіргі таңда саладағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы 6 денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеуден өткізуге 111,5 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылып, игерілді.  Онкологиялық диспансердің құрылысына республикалық бюджеттен 250,0 миллион теңге, жергілікті бюджеттен 4,5 миллион теңге қарастырылған. Диспансердің іске асырылу мерзімі 2018-2020 жылдарға белгіленген, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов.

Айта кетейік, қазіргі таңда жалпы Жамбыл  облысы бойынша барлығы 396 медициналық ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 30 аурухана, 356 амбулаторлық емхана, 4 санаторий, 1 реабилитациялық орталық және тағы басқалар бар.

inform.kz

ПІКІР