"Шамшырақ"

Биылғы оқу жылы қалай аяқталады?

Written by Aray2005

Елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты ағымдағы жылдың 16 наурызынан бастап техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен жоғары оқу орындарының білім алушылары қашықтықтан оқытуға көшті.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2020 жылғы 13 наурыздағы №162 бұйрығына сәйкес, 14-15 наурыз күндері облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментімен өңірдегі 43 колледж бен 3 жоғары оқу орнының қашықтықтан оқытуға дайындығына мониторинг жүргізілді.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары қашықтықтан оқытуды zhambyltipo.kz платформасында жүзеге асыруда. Бұған дейін колледждерде тәжірибеде қолданылмағандықтан педагог қауым мен білім алушыларға қашықтықтан білім беру технологиялары мен платформаларын пайдалануда қиындықтар туындады. Осыған орай департаменттің ұйымдастыруымен 16 наурыз күні колледж директорлары мен мамандарына онлайн семинар өткізілді. Қашықтықтан оқытудың тиімді жолдары мен әдістемелік нұсқаулықтар түсіндірілді. Сонымен бірге қашықтықтан оқыту процесіне және енгізілген контенттердің сапасына күнделікті мониторинг жүргізіліп, ұсынымдар беріліп отырды.
Облыстағы 3 жоғары оқу орнында 19 мыңнан астам студент қашықтықтан білім алуда. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Сириус», Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «Moodle», Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде «Moderate» қашықтықтан оқыту платформалары қолданылуда. Қашықтық оқытудың алғашқы күндерінің өзінде жоғары оқу орындарының оқу платформаларына 4 мыңнан астам контент орналастырылды. Жоғары оқу орындарында қашықтықтан оқыту тәжірибесі қалыптасқандықтан қиындықтар туындамады.
Жалпы орта білім беру ұйымдарындағы 23 мыңнан астам оқушы қашықтықтан оқытуға 6 сәуірден көшті. Оқыту 4 бағытта жүзеге асырылуда – жергілікті атқарушы органның шешімімен шалғай елді мекендердегі шағын жинақталған мектептерде дәстүрлі режимде жүргізіледі. «Қазақ радиосы» және «Қазпошта» сондай-ақ bilimland, opig.kz, darynonline, itube, sabak.kz және тағы басқа ресурстар қолданылуда.
Youtube каналы химия, биология, физика сабақтары бойынша әдістемелік кешен ұсынды. Кері байланыс kundelik.kz, bilimal.kz, mektep.kz арқылы іске асуда. Телесабақтар бастауыш сыныптарда 13 пәннің 8-і, негізгі мектепте 20 пәннің 15-і, жоғары сыныпта 19 пәннің 15-і бойынша «Balapan» арнасында қазақ тілінде, «Elarna» арнасында ресми тілде жүргізілуде.
Қалыптасқан жағдайға байланысты білім алушылар биылғы оқу жылын қашықтықтан оқыту режимінде аяқтайды. Бұл тұрғыда білім алушылардың білімін бағалау тәртібі де жаңадан қарастырылды. 9 және 11-сынып оқушыларының қорытынды емтихандары өткізілмейді. Ағымдық бағалар негізінде жылдық және қорытынды бағалары қойылады. Сонымен қатар мектеп бітіру кештері де болмайды. Егер маусым айының соңына дейін эпидемиологиялық жағдай жақсарса «Соңғы қоңырау», аттестаттарды табыстау, мектеппен қоштасу шаралары өтуі мүмкін.
Ұлттық бірыңғай тестілеу жыл сайынғы тәртіппен өтеді. Бірақ, Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу кезінде санитарлық талаптар күшейтіледі. Қазіргі таңда мектеп бітірушілерінің Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы әзірлеген 70 нұсқадан тұратын байқау тесттерімен дайындық жүргізулеріне мүмкіндіктері бар.
Бүгінгі күні облыс халқының бұқаралық ақпарат құралдарындағы және әлеуметтік желілердегі білім саласына қатысты сауалдары мен пікірлері департаменттің күнделікті назарында. Әсіресе педагог мәртебесіне қатысты мәселелер тұрақты бақылауда.
Департамент Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңының сақталуын қамтамасыз етеді.
Заңға сәйкес педагогты кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға, Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында көзделмеген есептілікті талап етуге, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген тексерулер жүргізуге, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеуге жол берілмейді.
Заңды бұзу Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 409-бабында көзделген әкімшілік жауаптылыққа әкеліп соғады. Егер заң талаптары сақталмаған жағдайда 45 11 22, 56 94 01 сенім телефондары арқылы департаментке хабарласуға болатындығын педагогтардың назарына жеткізгіміз келеді. Департаментке 2020 жылдан бастап балалардың құқықтарын қорғауға қатысты функциялар берілген. Балалардың құқықтарын қорғауға қатысты функцияларды департамент басшысының орынбасары Ж.Атенов (жұм.тел. 569401) үйлестіреді. Департамент басшысының орынбасары Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның облыстағы уәкілі болып табылады. Сонымен қатар облыстық мәслихаттың 2020 жылғы 3 сәуірдегі №45-21 шешімімен облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның құрамына енді.
Балалардың құқықтарын қорғауға қатысты және балалардың қатысуымен төтенше жағдайлар орын алған кезде жедел ақпараттарды департаментке жолдауға болады.

«ARAI»-ақпарат

ПІКІР