"Топжарған"

Биылғы өзгеріс бейіндік пәндерде болмақ

Мектеп бітірушілердің 11 жыл бойы алған білімін сынға салатын сәт — Ұлттық бірыңғай тестілеу де жақындап қалды. Бұл сынақ тек түлектерді ғана емес, мұғалімдер мен ата-аналарды да алаңдатып, аласапыранға салғанына, міне, биыл 14 жыл. Осы жылдар аралығында елімізде 1 миллион 677 мың адам, яғни жалпы мектеп бітірушілер санының шамамен 80 пайызы тест тапсырған. Осы ретте айта кетейік, Ұлттық бірыңғай тестілеуден тек сынақ тапсырғысы келетіндер ғана өтеді.

Биыл тест тапсыруға ниеттілердің өтінішін қабылдау 10 наурыздан басталып та кетті. Ол 10 мамырға дейін жалғаспақ. Тест тапсырушы түлектердің бойын үміт пен күдік қатар билейтін сәт таянған сайын «Биыл нендей өзгеріс орын алады?» деген сауалдың туатыны да заңды. Білуімізше, өткен жылы өзгертілген ҰБТ тәртібі сол күйінде қалдырылатын сыңайлы. Алайда, мүдделі мамандардың мәлімдеуінше, сынақ сұрақтарын әзірлеуге Голландиядан бөлек, Америка мамандары да қатыстырылмақ. Білім және ғылым министрлігінің жуырда өткен кеңейтілген отырысында «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры Рамазан Әлімқұлов биыл ҰБТ сұрақтарының 50 пайызы жаңартылатынын айтты.

– Былтыр 80 мың тест тапсырмалары болса, биыл — 120 мың. Сұрақтардың 37 пайызының бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар. Мұндайды былтыр енгізгенбіз. Бұл пәнді терең түсінуге бағыттайды. Құрғақ жауаптарды жаттап алудан сақтайды. Мұндай тапсырмалар бітірушінің ойлай алу қабілеті үшін жасалған.

Бітіруші бір пунктке бекітіледі. Қандай да бір себеппен өзінің пунктінде тапсыра алмай қалса, келесі күні басқа пунктке барып, сонда тапсырады. Өйткені, өзінің пункті жабылып қалады. Бұрын бітіруші басқа пунктте тест тапсыра алмайтын. Себебі, бақылау-өлшеуші материалдар бекітілген пунктте ғана басып шығарылатын, — дейді ол.

Қазіргі кезде облысымызда 10 Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізетін пункт бар. Олардың 8-і аудандарда, екеуі Тараз қаласында орналасқан. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің базасында орналасқан пунктте тек Тараз қаласындағы мектептердің түлектері тест тапсырады. Облыс орталығындағы екінші пункт Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің базасында ашылған. Онда Жамбыл, Байзақ аудандарының және облыстық білім басқармасына қарасты мекемелердің мектеп бітірушілері сынақтан өтеді.

Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының облысымыздағы базалық филиалының жетекшісі Жамбыл Ізтұяқ тестілеуде көп өзгерістің болмайтындығын айтады.
– Өткен 2016-2017 оқу жылында 8 962 мектеп бітірушінің 6 135-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, облыс бойынша орташа балл 77,2-ні құрады. Былтыр жаңа форматқа сәйкес бітірушілер өз мектептерінде 5 пән бойынша қорытынды аттестациядан өтіп, аттестаттарын алған соң ғана ҰБТ тапсырды. Ал, ағымдағы жылы облыс көлемінде 9 067 оқушы мектеп тәмамдағалы отыр. Биылғы тестілеудің өткізілу тәртібінде былтыр қолданысқа енгізілген жаңа форматтан еш өзгеріс жоқ. Тестілеу 2 блоктан тұрады. 3 міндетті пән (математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы) бойынша әрқайсысынан 20 тапсырмадан беріледі және 2 бейінді пәннен, мысалы «Математика»+«Физика», «Мате­мати­ка»+«География»,«Биология»+«Химия», Биология»+«География», «Шет тілі»+«Дүниежүзі тарихы», «Қазақ тілі»+«Қазақ әдебиеті», «География»+«Шет тілі», «Химия»+«Физика», «Тарих»+«Адам.Қоғам.Заң» секілді пәндерден сынақтан өтеді. Бейінді пәндер бойынша ұсынылған тапсырмалар бес жауаптың ішінен тек жалғыз дұрыс жауабы бар 20 сұрақтан және көп жауаптың ішінен бірнеше дұрыс жауаптары бар 10 сұрақтан құралады. Бейінді пәндер бойынша тестілеу барысында бірнеше дұрыс жауаптары бар сұрақтарды енгізу арқылы талапкерлердің нақты тақырыпты қаншалықты меңгергендігі анық көрінеді. Сонымен қатар, бірнеше жауап нұсқалары бар тесттер жауаптарды тек жаттап алып немесе болжау арқылы беруге тосқауыл бола алады. Яғни, биылғы ҰБТ-ның кішігірім өзгерісі бірқатар мамандықтар бойынша тапсырылатын бейіндік пәндерде ғана болып тұр. Мысалы, былтыр 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын таңдаған бітіруші бейінді пәндер бойынша қазақ тілі мен әдебиеті және тарих пәндерінен тест тапсырған болса, ағымдағы жылы тек қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінен тест тапсырмаларын орындайды, – дейді Ж.Ізтұяқ.

Осы орайда, мектеп бітірушілерге білім сынағынан өтуге 3 рет мүмкіндік берілетінін айта кеткен жөн. Егер ҰБТ-дан тиісті ұпайды ала алмаса, тамыз айында өткізілетін қайта тестілеуге қатысуына болады. Бұл сынақтан да сүрінген жағдайда өзі таңдаған оқу орнына барып, 1 семестр оқып, қаңтар айында 3-тестілеуде білімін сынайды. Сонымен қатар, ҰБТ-ға қатыспай, жоғары оқу орнына ақылы негізде түсуге ниеттілер бірден тамыз айында ұйымдастырылатын сынаққа қатыса алады.

Қазіргі уақытта барлық мектеп бітірушілерден ақпан айынан бері бақылау тесттері алынып, алдағы жауапты сынаққа әзірлік оқу орындарында өз деңгейінде жүргізілуде. Тестілеу орталықтарының мамандары талапкерлер тест жауаптарын жаттамай, әр тақырыпты жете түсініп, оқығандары жөн екенін және ұялы телефон секілді қосымша көмекші құралдарды пайдаланудан мүлдем аулақ болу қажеттігін, барлық сынақ тапсырушылар тестілеу өткізу пункттерінде арнайы металл іздеуші құрылғылармен тексеріліп, кіргізілетінін ескертеді.

Әрбір жас түлекке өзінің таңдаған мамандығын жоғары оқу орнында мемлекеттік грантпен оқып, меңгеруіне мүмкіндік бар. Тек дайын дүниеге құмартпай, жаттанды жауапқа иек артпай, мақсат-мұратқа өз қарым-қабілетімен, адал еңбегімен жетуге деген ұмтылыс қажет. Дана Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген өсиетін жамбылдық жас өрендер басшылыққа алады деген сенімдеміз.

Қамар Қарасаева

ПІКІР