Биылғы жылдан бұқара не күтеді?

0 60

Өткен жылы облысымызда талай тірлік атқарылғаны белгілі. Әлемдік пандемияға қарамастан негізгі бағыттар бойынша көрсеткіштеріміз көңіл көншітті. Әсіресе асыраушы сала мен құрылыс бағытында алшаң басқан тұстарымыз жетерлік. Оның ішінде Қордай ауданында жасалған қыруар жұмыстар алдыңғы қатарға шығатыны анық. Енді биылғы жылдан бұқара не күтеді? Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың 19 ақпанға жоспарланып отырған халық алдындағы есебінің қарсаңында «Есепті жыл есіңізде несімен қалды?» және «Ағымдағы жылдан не күтесіз?» деген сауалмен «Халық сөзіне» құлақ түрген едік.

«Қордайлықтар бірлік пен ынтымақтың қадірін ұғынды»

Ильяс БУЛАРОВ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Былтыр Қордай ауданында бұрын-соңды болмаған тірліктер атқарылды. Әлеуметтің әлеуетін арттыруға 35,1 миллиард теңге бөлініп, бұқараның басына бақ қонды деуге болады. Ауылдарға 70 жыл күткен көгілдір отын кіріп, халық орталықтандырылған ауызсуға қол жеткізді. Сондай-ақ тақтайдай тегіс жолдар салынып, кезекте тұрған тұрғындар баспана бақытына бөленді. Бұдан бөлек бұқараның рухани санасы да жаңғырды. Бұған дейін де Масанчи, Ауқатты, Сортөбе, Бұлар батыр ауылдарында қазақ мектептері жұмыс істеп келсе, жаңа оқу жылында 41 қазақ сыныбы ашылып, бүгінде онда дүнген ұлтты 920 бала тәлім алуда. Сонымен қатар «Имамдар үйі» мен «Қордай» құран оқу қарилар орталығында қазақ тілін оқытатын бөлімдер құрылып, имамдар да мемлекеттік тілде сауатын аша бастады. Бұлардың қатарында тіл меңгеріп жатқан мұғалімдер де аз емес.
«Еңбек – бәрін де жеңбек» дейді қазақ даналығы. Қазақ пен дүнгенді ең әуелі осы еңбек біріктірді. Және осы таңға дейін оның қадірін ұлттар ұғынды. Алайда кейінгі кездері осынау бірлігімізге сызат түсіру мақсатында түрлі топтар жымысқы ойларын жүзеге асыруда. Батыстық басылымдар ауыл ағайындарының арасына араздық салу үшін «қазақтар өзге ұлт өкілдеріне қысым көрсетіп жатыр» деген сыңайдағы жалған ақпараттар таратты. Алайда бұның барлығы шындыққа жанаспайтынын көзіқарақты халық көріп отыр.
Мен бала кезден қазақтармен бірге өстім. Анам қазақ болса, әкем дүнген. Атам Бұлар батыр болса, әжем қазақ ұлтының азаматшасы. Бір сөзбен айтқанда, қазаққа жиенмін. Әлі есімде, балалық шағымда ауылдағы бір той қазақы ән-би мен ұлттық салт-дәстүрсіз өтпейтін. Және қуанышқа тілі мен түріне қарамай, барлық ұлт өкілдері атсалысатын. Мәселен, мұсылмандықтың үлкен тойы сүндет тойда өзге ауылдардың адамдарын шақырып, көкпар тартып, бәйге беретінбіз. Ал үйлену тойларында өзбек, әзірбайжан, дүнген, қазақ ұлттарының әндері шырқалып, алауыздық болмайтын. Бұл біздің бірлігіміз бен біртұтастығымызды айқындап тұрды.
Өткен жылғы Қордай оқиғасы осылайша айрандай ұйып отырған ауызбіршілігімізден айырғысы келген теріс пиғылды азаматтардың тірлігі болды. Десе де Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған билік өкілдері барлық мәселені дер кезінде баса білді. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бір жыл тынымсыз еңбек етіп, Қордай ауданын адам танымастай өзгертті. Бұл тұста мен әлеуметтің әлеуетін арттыру үшін жасалған газ, су, жол, мектеп, тұрғын үй құрылыстарын ғана емес, біртұтастығымыз бен бірлігімізді сақтап қалған қыруар жұмысты айтып отырмын. Яғни жергілікті тұрғындар бабаларымыздан келе жатқан бірлік пен ынтымақтың қадірін ұғынды.

«Жуалының картобы Жамбылдың брендіне айналады»

Керімқұл БЕГАЛИЕВ,
Жуалы ауданындағы «Злиха» шаруа қожалығының төрағасы:

– Былтыр ауыл шаруашылығы саласы бағытынан жаңылған жоқ. Шаруалар қолдан келгенше өнім егіп, тұрғындардың сұранысын қанағаттандыруға тырысты. Десе де Жуалы ауданында біраз жылдың бедерінде картоп өнімінің тұқымы өзекті мәселе болып келген. Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы биыл осы түйткілдің түйінін тарқатып беріп отыр. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы Қарағанды сынды өзге өңірлерден жоғары сұрыпты 1000 тонна тұқым жеткізіп берді. Одан бөлек былтыр аймақ басшысының арқасында техникамызды да толықтай жаңартып алдық. Бізге осындай көмек көрсетіліп жатқанда мол картоп егіп, жақсы өнім
алмасақ – үлкен сын.
Бұл тұста тағы бір айта кетерлігі – өткен жылы облыс әкімі пияз өнімін Жамбыл­дың брендіне айналдыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ картопты да аймақтың брендіне айналдыру үшін барынша қолдау болатындығын жеткізді. Оның алғашқысын көріп те отырмыз. Енді біз биыл элиталық тұқым арқылы мол өнім жинай алсақ, картоп экспортына өлшеусіз үлес қосатын боламыз. Сол арқылы жуалылық шаруалар картопты Жамбыл облысының брендіне айналдыруды көздеп отыр.
Енді облыс әкімінің алдағы есебінен не күтеміз? Ең бірінші ауылға, оның ішінде аграрлық салаға қолдау азаймайды деген үміттемін. Елді мекендердегі банкке кепілдікке қойылатын үйлерге қала статусымен бірдей дәреже берілсе деген де тілегім бар. Бұл шағын және орта бизнесті дамытуға жол ашар еді деп ойлаймын.

«Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына 100 шара жоспарлануда»

Серікбол БЕРІКҚОЖА,
облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:

– Былтыр облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Әулиеата жастары» атты 2021-2025 жылдарға арналған өңірлік бағдарлама қабылданды. Мемлекеттік жастар саясатын жүйелі жүзеге асыруға бағытталған осы жоба арқылы өткен жылы бірқатар істер атқарылды. Оның ішінде басымдық жастар жұмыссыздығы, олардың бос уақытын тиімді пайдалану, жастар инфрақұрылымын қалыптастыру сынды бағыттарға берілді. Сонымен қатар былтыр аймақ басшысының қолдауымен облыстық жастар орталығы дербес ғимаратқа көшірілді.
Өткен жылдың өлшеміндегі тағы бір игі іс – жыл ішінде 20 мың жасты жұмыспен қамтыдық. «Жасыл ел» еңбек жасақтарының саны да 1 500 адамға артып, бұрын бұл бағыттағы жұмыстар маусымдық деңгейде жүргізілсе, былтыр жастарды жыл бойы уақытша жұмыстарға жолдадық.
Енді биыл бізге берілген «Жастар орталығын» күрделі жөндеуден өткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 100 шара жоспарлануда. Оның ішінде «30 игі іс», «Әулиеата жауһарлары», «Әулиеата шайырлары» сынды шаралар бар. Сондай-ақ биыл ел егемендігінің мерейтойы шеңберінде халықаралық жастар айтысының жобасы да жасалуда. Одан бөлек ағымдағы жылы ІТ саласындағы жастарды қолдау мен дамытуға басымдық беріледі. Бір сөзбен айтқанда, «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы аясындағы жұмыстардың барлығы кезең-кезеңімен жүзеге асады.

«Қатерлі індетке қарамастан көп жұмыс атқарылды»

Жайсан ТІЛЕУЖАН,
Шу ауданының тұрғыны, зейнеткер:

– Бердібек Сапарбаевтың жыл ішінде жасаған жұмысы көңілімізден шықты. Бес облысты басқарған әкім болғаннан кейін тәжірибесінің молдығы бірден байқалды. Ол кісіні Президент ең бірінші Қордайдағы жағдайды тұрақтандыру үшін өңірге жібергендіктен Бердібек Машбекұлы бұл сенім үдесінен толықтай шықты деуге негіз бар. Оны біз айтпасақ та тындырымды тірлікті көзбе көріп отырған қордайлықтардың өздері дән ризалықтарын білдіріп, аймақ басшысының жұмысын бас бармақпен бағалауда.
Облыс әкімі әлемдік пандемия сынды қиын кезеңде өңірге келгенін де ескерген жөн. Бір қырынан Қордайдағы жағдай, екінші бағыттан коронавирус кеселі қысқанына қарамастан өңір басшысы жылдық көрсеткішімізді тұрақты ұстап қала алды. Әсіресе медицина саласына көп көңіл бөліп, емдеу мекемелерін қажетті құрал-жабдықтар және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті.
Сондықтан Бердібек Сапарбаевтың жыл ішінде атқарған жұмысын оң бағалай отырып, биыл да өңірдің еңсесі тіктеліп, тұрғындардың әл-ауқаты артады деп сенемін.

P.S. Міне, жыл ішінде атқарылған жұмысты бұқара осылай бағалап отыр. Әрине, халық айтса, қалыс айтпайтындығы белгілі. Биылғы жылдан да көпшіліктің күтері көп. Ең бастысы – халық облыс әкімінің әрбір бастамасын оң бағалап, қос қолдап қолдауда.
Аймақ басшысы Бердібек Машбекұлының есепті жиыны жұртшылыққа жаңа белестер мен дамудың даңғыл жолын көрсетеді деген үміт зор.

Дайындаған Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.