«Біз біргеміз!»

0 44

«Мемлекетіміздің мүмкіндігі індетпен күресуге жетеді»

Сәбит ОРАЗБАЕВ,

Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

– Бүгінде бүкіл әлем, оның ішінде біздің ел де аса күрделі жағдайды бастан кешіріп және қауіпті індетпен жан аямай күресіп келеді. Мұндай жағдайда мемлекеттік сарабдал саясаттың орны бөлек. Сондықтан да еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы мақала жазып, халықты бірлікке, сабырға шақырды.

Мақала Елбасымыздың, халықпен қашанда бірге екенін көрсетеді және үлкен сенім береді. Еліміздің сындарлы саясаты және оның бүгінгі жемістерінің бірі – Қазақстанның әлемдік қауымдастықтың лайықты мүшесіне айналғаны қауіпті індетпен күрес барысында да көрініп отыр. Бүгінгі аса күрделі ахуал бүкіл әлемге, біздің халықтың басына да түскен үлкен сын. Осындай сын сағатта мемлекет болып, халық болып бірлігімізді танытуымыз керек.

Елбасы мақаласында – ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігі бір-бірімен етене, егіз ұғымдар екені, мемлекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтыны және тиісті шараның барлығын атқаратыны айтылған. «Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды» деді Елбасы. Бұл – аса ізгі сөз. Індетпен күресуге мемлекетіміздің қауқар-қуаты жеткілікті, қаржылық жағдайы, тиісті қоры бар, экономикамыздың орнықты екені айтылды. Ал осындай сын сағатта үлкен рухани күш – халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі.

Елбасының аға ұрпаққа, зиялы қауымға қарата айтқан сөздері бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Бізге бірлік керек, «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» дейді халқымыз. Бұл күндер – әрбір азаматтың жеке жауапкершілігін талап ететін күндер. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді халқымыз. Сондықтан да алыпқашпа сөздерден, жаман ниетті ақпараттардан алыс болайық! Қауіпті дертпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлер, ел қорғаушылар, өзге де тиісті жұмыстарын атқарып жүрген азаматтарға күш-қажыр, төзім тілейік! Мемлекетіміздің осы сын сәтте жүргізіп отырған саясатын орталықтарда, жер-жерде жүзеге асырып отырған басшы азаматтарға үлкен біліктілік, анттарына адалдық тілейік! «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» дейді Елбасы. Бұл аталы сөзге мен де қосыламын. Осындай сын сағатта бәріміз бірге, сабырлы және аса жауапкершілікте болайық!

«Ынтымақ пен бірлік қажет»

Илья ЖАҚАНОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері:

– Күллі әлем жұрты дәл қазір үлкен күйзеліс пен үрей тудырған індетпен күресіп жатыр. Ғылым мен технологиясы, жалпы әлеуеті мықты елдердің өздеріне ауыртпашылық әкелген індет біздің байтақ еліміз – қасиетті қазақ жерін айналып өтпеді.

Алайда ұлан-ғайыр даламызға дерттің дендеп енбеуі үшін Қазақстан Республиасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған лауазымды азаматтар елдің амандығы мен саулығы үшін аянбай еңбек етіп жатыр. Бұл шаралар бүгінгі бақытымыз бен ертеңгі нұрлы болашағымыздың қамы үшін жасалуда. Ел билігінің қиын-қыстау сәттерді абыроймен еңсеру мақсатына жұмылуы халқымыздың еңсесін тіктеп, көңіліне қуаныш сыйлауда.

Мұндай сәтте қоғамға ынтымағы мен бірлігі жарасқан елдік салт керек. Сол арқылы халықтың мүддесі үшін қызмет жасап жүрген басшыларды қолдау игі мақсат. Әрі біздің биік парасатты міндетіміз де осы.

Жамбылдық жерлестеріме осы қағидаларды бері ұстанып, індеттен аман есен құтылып шығуына тілектеспін.

«Әр қиындықтың артында жеңілдік бар»

SONY DSC

Қанат ӘУЕСБАЙ,
«ATYRAU» телеарнасының директоры:

– Бағзы заманда ата-бабамыз білектің күшімен, найзаның ұшымен елін, жерін жаудан қорғады. Аттандаған жауға қарсы қолына қару алып, атой салды. Ал бүгінгі ұрпақ көзге көрінбейтін, бағыт-бағдары болжанбайтын тілсіз жаумен күресіп жатыр. Тұтқиылдан соғатын қауіпті індеттің жолын кесуде әрқайсымыз өте сақ болғанымыз жөн.

«Мылтықсыз майданда» көрінбейтін жауға қарсы тұрып жатқан баршаларыңызға шексіз сабыр мен төзім тілеймін. Әр қиындықтың артынан түбі бір жеңілдік келерін ұмытпайық!

«Денсаулығымыз өз қолымызда»

Елдос СМЕТОВ,
Рио Олимпиадасының жүлдегері:

– Елімізде болып жатқан індетке байланысты барша жерлестерімді тәртіпке бағынып, үйден шықпай осы жаман ауруды жеңіп шығуға атсалысуға шақырамын. Сын сағатында бір-бірімізге қолдау білдірейік! Қабылданып жатқан шаралар мен шектеулерге сабырлылық танытуымыз керек. Дәл қазір елдегі әрбір азаматтың денсаулығы маңызды. Сондай-ақ елдің амандығы мен тыныштығының ауадай қажет екенін ұмытпағанымыз абзал. Дәрігерлердің еңбегін бағалап, тиісті нұсқаулықтарын бұлжытпай орындайық!

Біз сіздермен біргеміз! Және де әрқашан қолдауға дайынбыз!

Leave A Reply

Your email address will not be published.