Сұхбат

«Бізде әлі өз тарихын білмейтін жазушылар бар»

Written by Aray2005

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы – белгілі жазушы, драматург, публицист, «Құрмет» орденінің иегері, «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» Елен Әлімжан.

– Елен аға, жеті белден асқан жетпіс бес деген желкені кең жаңа жасыңыз құтты болсын! Алаш арыстары арманда кеткен бұл жасқа жеткен де бар, жетпеген де аз емес. Осы саналы ғұмырыңыздың басым бөлігін жазуға арнадыңыз. Алғашқы кездегі қалам ұстаған Елен Әлімжан қандай еді? һәм күнделікті күйбең тіршіліктен көңілін оңашалап, жетпіс бес жаста қолына қалам алып, жазу үстелінде оңаша отыратын Елен Әлімжан қандай?
– Мәселен сенің жасың нағыз ақындықтың жасы. Бірақ жазушылар үшін емес. Мен ерте бастан жазушы болып танылып қалғанмын, бірақ мен жазушы емес едім. 19 жасымда алғашқы әңгімем шықты. Ол республикаға таралды. Алайда содан кейін ұзақ жылдар жазбай кеттім. Өйткені жазатын дүнием болмады. Әке-шешем бар. Әкем соғыстан аман келген. Қатарларым секілді көкірегімде шер болған жоқ. Анам мен екі бірдей әжемнің еркесі болдым. Былайша айтқанда советтік бақытты бала болдым. Мені толғандырған ештеңе болмады. Бірақ көкірегіме шер кейінірек қатты. Елдің тарихын оқып, білген соң және 1986 жылғы тарихи сілкіністерден кейін мен жазушы болдым. Жазуды ерте бастағаныммен жазушы ретінде қалыптасуым кеш болды. Қалам ұстап отырғанымда да мен өзің айтқандай, көбіне оңашалықты жақсы көремін. Өзіммен өзім жүргенді жаным ұнатады. Ойға да оңашалық керек. Мен тойларға да жеке барамын. Біреулер жанына атқосшылар ертіп, соның ортасынан көрініп, жастарды жұмсап қойып жүргенді жақсы көреді. Мен ондай адам емеспін. Жазу үстелінің өзі оңашалық. Мен саябақтарда қыдырып жүргенімде де өзімнің кейіпкерлеріммен жүремін. Олармен сырласамын. Яғни жалғыз жүрген жоқпын. Жазушының жолдасы жалғыздық деп айтқанымызбен ол өзінің кейіпкерлерінің ортасында жүреді. Мен көп жыл шамама қарамай (күліп) Бауыржанмен, Абылай хан, Төле бимен, Абаймен жүрдім.
– Былтыр жарық көрген «Анажар» атты романыңызды бір деммен оқып шықтым. Оқырманды ой түбіне жұтып алатын сәттері көп, кейіпкердің тағдыры жан дүниені тебірентпей қоймайды. Бұл роман қалай жазылды, нендей ойдан туындады?
– Романда қазіргі өмірді жазғым келді. Сол өмірдегі қарама-қайшылықтарды айттым. Оны дәстүрлі стильмен беруге де болар еді, бірақ оған көп уақыт керек, жасым да келіп қалды. Оған қоса мен біраз жыл драманы қызықтап кеткен адаммын. Прозадан біраз қол үзіп қалдым. Осы стильге солай бардым. «Анажар» – менің өзім. Ондағы ойдың бәрі өзімнің ой тебіренісім, жан дүнием. Бірақ неге мен кейіпкерді әйел еттім? Өйткені мына өмірдің қорлығын әйелден артық көретін адам жоқ. Содан кейін біздің жағдайымыз әйелдің жағдайы секілді. Қаламаса қауынның қабығы секілді лақтырып тастайды. Әлемдегі әділетсіздік, талай жыл отар болдық, жақсылық пен жамандықтың мәңгілік күресі, соның барлығы әдебиетте де көрінуі керек қой. Ізгілік, инабат иесі, отбасыға рең кіргізетін әйел адам айту керек болды сол әділетсіздікті. Ал зұлымдық жауыз еркек секілді. Ондағы таудың өзі астарлы асқақ биіктікті бедерлейді. Ол бұрынғы идеализация ма, жоқ басқа ма, айналып келгенде тарихи шындықты көрсетуге тырыстым. Ешқандай Үкімет жоқ, ешқандай биліксіз жердегі өздерімен өздері жүрген қауым. Оның ішінде атеист те жүр, басқа да бар, бірақ олардың барлығы әділетсіздіктен қашқандар. Олардың бәрін жинап тұрған әділеттілік. Сондай адамдардың ортасында өскен қыздың тағдыры жазылды. Желтоқсан жаңғырының әнін шығарған адамға ғашық болды ма, жоқ әнге ғашық болды ма, жас қыз сонымен алданды. Роман толығымен екі қыста жазылып бітті.
– Журналистика – ақпарат саласының айдын көлі десек, жазушылық теңіздей терең бағыт. Сіз екеуін де бойладыңыз. Жаныңызға қайсысы жақын?
– Шерхан Мұртаза осы турасында менің екі қанатым бар деп айтады ғой. Ол Шерханға ғана жарасатын сөз. Өйткені Шерхан Мұртаза жастайынан бастық болып кетті. Ал қаламның қара жұмысын жасайтындарды журналистика өшіріп жібереді. Өшпей қалу өте сирек. Мен сол өшпей қалғанның біреуімін. Мен өмір бақи шығармашылықтың қара жұмысын істедім. Кейін ғана бастық болған шығармын. Меншікті тілші болу деген де қара жұмыс. Адамның қоры боласың, тапсырманы үйіп бере береді. Жалпы журналистика шығармашылықтың алғашқы кезеңінде ғана көмектеседі. Ел көріп, жер танисың. Және өзіңді танытасың. Оқырманның көзін үйретесің. Одан кейін кесір келтіре бастайды. Ең бірінші кесірі ойыңның, одан жаманы тіліңнің қасаңдануына ұрындырады. Журналистиканың тіліне түсіп алсаң, қайтадан жазушылыққа келе алмайсың. Көп таланттар осылай өшіп кетті. Бірақ олар жақсы журналист болды. Менің тілімде әлі күнге дейін журналистиканың табы бар. Осы «Анажарды» оқығанда Дулат Исабеков «қалай дегенмен тіліңде әлі журналистиканың жұрнағы бар. Өзім газетте жұмыс жасамағаныма осы күні мақтанамын» деді. Стефан Цвейг Бальзак туралы үлкен зерттеу романын жазған. Бальзак жас кезінде күн көру мақсатында «бульварный» романдар жазады екен. Оның нәтижесі бүгінгі кинолар ғой. Бір аптада сондай бір роман бітіреді екен. Тілді қарап жататын уақыт бар ма? Ол кезде теледидар, радио, кино деген жоқ. Романдарын еріккен байдың әйелдері сатып алып, оқиды. Бальзак солай 7-8 жыл жүріп қалған. Сол Бальзакты Стефан «бәрібір әлі күнге дейін оның шығармаларында «бульварный» романның табы бар» дейді. Сондықтан журналистиканың осындай кедергілері бар. Ойың стандарт болып қалады. Марқұм Әлдихан Қалдыбаев бір күні «өмірде екі Қалдыбаев бар. Бірі – редактор, бірі – жазушы. Жазушы Қалдыбаев, редактор Қалдыбаевты «отрицать» етеді» дейтін. Сол секілді мәселе бұл.
– Ел сіздің жазушылық қабілетіңізді де, журналистік қырыңызды да жақсы біледі. Ал ән шығаратыныңыздан көпшілік бейхабар. Оны театрда сахналанып жүрген музыкалық қойылымдарыңыздан аңғаруға болады…
– Бұл қабілетіме кейде өзім де таңғаламын. Құдайдан шын сұрасаң береді деген рас қой. Өзім ән айта алмаймын. Марқұм Жақсылық Сәтібеков кезінде маған «әй Елен, сен қай әнді айтып отырсың»

дейтін. Өйткені мен әнді бұзамын ғой. Домбыра да тарта алмаймын. Бір күні белгілі режиссер Қуандық Қасымов «аға бір музыкалық комедия жазып беріңізші» деді. Келістім. Былай шыққаннан кейін қиналдым. Жалпы ойлап жүрген дүнием бар болатын. Ол осы «Жанұран» комедиясы. Мен ондағы кейіпкерді тек музыкамен сөйлейтін адам етсем қайтеді деп жүргенмін. Бірақ ол үшін музыкасын жазу керек. Оған дайын әнді қосуға болмайды. Өзінің тексті болу керек. Ақын болуға да тура келді. Сөзі шықты. Музыкасына Балнұр Қыдырбекке тапсырыс бердім. Ол әндерін жазды. Премьераға 5-6 күн қалғанда 6 шумақ өлең керек болды. Оған музыка керек болды тағы. Өлеңді жаздым. Содан осыған өзім ән шығарсам қалай болар екен деп Алладан сұрадым. Содан ән өзі келді. Ұмытып қалмас үшін қайталап жүрдім. «Анажардың» ішіндегі «Ақ періште арманының» да әні бар. Бас-аяғы он бес шақты ән жаздым. Осылайша тағы бір қабілет пайда болды.
– Қазір жастардың ішінде проза жазатындар неліктен азайып кетті деп ойлайсыз?
– Осыған мен де жауап таппай жүрмін. Баяғыда ақындардың өзі прозаға ауысатын. Оралхан Бөкей, Әбу Сәрсенбаев, Мұхтар Әуезовтен бастап бәрі де өлең жазған кезінде. Ал қазір ауыспайды. Бір жағынан жастарды ынталандыру керек. Ол жоқ бізде. Қаламақы төленбейді. Ал жазу деген көп отыратын қиямет жұмыс. Прозаның жұмысы көп. Осыдан да шығар деп ойлаймын. Оның үстіне еш қолдаусыз қалдырып, прозаны әбден құртты ғой. Әбден танымал адамдарға ғана басымдық беріледі. Ал жастар ескерусіз қалып жатыр.
– Эрнест Хемингуэй «Жазушы айтатын ойын айтпау керек, жазуы тиіс» дейді. Сіз әлі де жаза алмай жүрген дүниелер бар ма?
– Өте көп. Колумбияның философиясында «Адам жасынан бастап жетіледі. Оқиды, ізденеді, әбден кемелденген кезде кемелдік білімін адамзатқа берместен өмірден өтіп кетеді, беріп үлгермей қалады» дейтін сөз бар. Сол секілді 75 деген аз жас емес. Күніне 1-2 сағаттан артық жұмыс жасай алмаймын. Білім де, тәжірибе де бар. Бірақ үлгермейсің. Мәселен қазақтар жазбаған тақырыптар көп. Біз өзі мақтаншақтау халықпыз ғой. Мақтанатын дүниелеріміз де жоқ емес. Бірақ бізді сынайтын орыстар бізді ауылдан шығып әлі қалаға жете алған жоқ дейді. Қаланың тұрмысын қайсымыз оңдырып жазып жатырмыз? Фантастика жанры да дамымаған. Сол секілді кәсіпкерлікті, миллиардтардың ұрланып жатқанын жаздық па? Анда-санда мінбеден сөйлеп қойғанға мәзбіз. Жағымпаздықтан аса алмай жүрміз. Осы тақырыптарды жазсам деп те ойлаймын. Одан кейін біз тарихымызды әлі түгендеп болған жоқпыз. Тарихшылар өзінің жұмысын жасап жатыр. Шама-шарқынша тарихты аршып жүр. Ал енді сол ашқан дүниелердің көркем бейнесін жасауымыз керек қой. Өйткені халық көркем бейнені тез қабылдайды. Біздің тарихи сауатымыз алғаш Ілияс Есенберлинмен, Сопы Сматаевпен ашылды. Одан кейін Әбіш Кекілбаев пен Мұхтар Мағауин қосылды. Осы жағынан алған кезде, әсіресе жамбылдықтарға үлкен мін. Қараханиттер дәуірін ашу керек. Осы жерден Таразилер, ғалымдар шыққан дейміз. Ал сол ғалымдар туған дәуірді ашып көрші. Ол кезде не бар, қандай халық болды және олар қандай идеямен өмір сүрді? Ғылым қалай дамыды, ғалымдарымыз Ислам әлеміне барып атақты болып кетті. Бізге осының бәрін ашып жазатын жазушы керек. Біз исламдану жайында көп айтамыз ғой. Ал мына көне қалалардың барлығы Ислам дәуіріне дейін салынған. Демек ол кезде де білім, өркениет, мәдениет болды. Сол кездегі адамдар не ойлады? Қазір осы тәңірлік дәуірді ашатын шығармалар жоқ. Айналып келгенде бәріміз данышпан болғымыз келеді. Түк те данышпан емеспіз. Екі кітап жазсақ болды, бәрін тындырып тастағандай боламыз. Тіпті біздің кейбір лауреат атанған жазушыларымыздың кейбірі өзінің тарихын білмейді. Парадокс. Ат үркетін атағы бар. Мәселен мен «Төле би» драмасын жазайын деп жазған жоқпын. Төле биді менен қызғанғандар да аз болған жоқ. Барлығы жазғысы келді. Мен соның ішінде жаза алмаған, бірақ атағы дардай екі жазушыны білемін. Тарихи тақырыпқа бара алмайды, бірі дәуірді, бірі драматургияны білмейді.
– Аға өзіңіз жазған Абылай хан, Төле би, Абай мен Бауыржандардың рухы кезіп жүрген байтақ далада өткеннен алар өнеге мол. Ал бүгінгі күннен ертеңге қандай өнеге қалар екен?
– Біз жақсымыз ба, жаманбыз ба, бізге ұрпақ баға береді. Қанша дегенмен ғасырлар тоғысында өмір сүрдік. Біріміз сол кездегі саясаттың құрбаны, біріміз жаршысы болдық. Біріміз ортасынан тіл тапқымыз келді. Әйтеуір осы өтпелі кезеңдегі психологиялық өзгерістердің көркем суретін сала алсақ, біздің өнегеміз сол. Тарихымызды түгендеу керек дегенім осы. Міндет – шама жеткенше өтпелі кезеңдегі қазақ қоғамының, жалпы адамзат қоғамының зәулім сарайын салу. Оның небір айшықтары, сәулеті, музыкасы бар. Сөз сарайын тұрғызып беруіміз керек. Азды-көпті осыған үлес қосуымыз қажет. Мен өз басым қазір осыған көштім. Әрине мұндай жерде ұрпаққа қалдыратын Әуезовтікі секілді көптомдық керек-ақ. Сәбит Досанов ағамыз көптомдық жазып жатыр деп естідім. Бірақ әлі оқыған жоқпын. Сондай үлкен дүниелер қажет. Ондай үлкен тақырыпты ашу үшін біздегі стильдің бірнешеуі қолданылады. Ал Толстойлар айтар ойын, идеясын бір ғана стильмен ашты. Бізді болашақ осы қасиетіміз үшін бағалайды.
– Мекемтас Мырзахметов ағаның «Абайды оқысаң тозаққа бармайсың» деген сөзі бар еді. Жуырда ғана нүктесін қойған «Алтын жүлге жыры» романында ғибратты ғұмырын абайтануға арнаған Мекемтас Мырзахметұлының өмірі туралы жазыпсыз. Сол жайлы айта кетсеңіз…
– Айтқым келгені Мекемтас ағаның өмірі ғой. Кеңес үкіметі кезінде бізге советтік адамның бейнесін жаса дейтін. Ол таза, әділ, нағыз идеал болуы қажет еді. Бірақ ондай адамның бейнесін ешкім жасай алған жоқ. Жасағандарымыз жасанды болып шықты. Партия жетекшілерін бәріміз де жаздық. Алайда одан жақсы әдеби кейіпкер шыққан жоқ. Дегенмен көңіл түкпірінде адал адамды, жақсы кейіпкерді жасағың келеді. Өз басым ойлап отырып тапқан кейіпкерім осы Мекемтас Мырзахметұлы болды. Жазу үстеліне отырмас бұрын ол кісіні әбден сынадым, кейбір сәттерді алдап болса да сұрадым. Көзімнің жеткені, ол кісі шын адал адам. Мен аспиранттарды сүліктей соратын көп ғалымдарды білемін. Бейшараларды алдында дірілдетіп жібереді. Бұл кісі керісінше жастарға қарайласып жүреді. Өзі романмен танысты. Ешқандай ескерту айтқан жоқ. Сол арқылы мен абайтанудың өмірлік жемісін көрсеткім келді.
– Саналы адамның бәрінде арман бар ғой. Осы жаста әлгінде өзіңіз айтып өткен әуеден ән келген сәттей, бір арманыңыз орындалатын болса, не армандар едіңіз?
– Алла ойымда жүрген жазуларды жазатын денсаулық берсе екен деп ойлаймын. Аяқтай алмай қаламын ба деп те қорқамын. Өйткені күніне 1-ақ сағат жұмыс жасау деген сұмдық қой. Баяғы жас кезімде жазуға уақыт болмайтын. Тек еңбек демалысында жазушы едік. Болмаса түнде, таңертең ұйқыны шала ғып жаздық. Қазір уақыт бар, жазатын денсаулық жоқ. Әрине бала-шағаның амандығын бірінші кезекте ойлайсың ғой. Бірақ жеке бастағы арманым осы.
– Әңгімеңізге рақмет! Ғұмырыңыз ұзақ, жазарыңыз таусылмасын!

Сұхбаттасқан Нұржан ҚАДІРӘЛІ

ПІКІР