Сұхбат

«Бізде ошақтың басына келмей, қазандағы астың дәміне баға беретіндер жетерлік»

Қазіргі қазақ телевизиясындағы қарымды да жалынды журналистердің бірі Нартай Аралбайұлы десек, артық айтқандық емес. КТК телеарнасында жүріп, кесек-кесек репортаждарымен көпке танылған әріптесіміз кейін «Алматы» телеарнасындағы «Өткір тіл» сұхбат алаңында өзекті ойларды қозғады. Ал, бүгінде «QAZAQSTAN» Ұлттық телеарнасындағы «Мәселе» бағдарламасының тізгінін ұстап келеді. «Сырсарай» айдары аясында айтары бар, ақиқатты сүйетін әріптесімізбен болған сұхбатымыз негізінен журналистика саласы мен саясат төңірегінде өрбіді.

– Білуімізше, «Мәселе» бағдарламасының «көгілдір жәшіктен» көрініс тапқанына жылдан асты. Бұл, әрине, көп те уақыт емес. Дегенмен, жаңа жоба көрерменнің көңілінен жол тапқан секілді. Ал, сіздің ойыңызша қалай? «Мәселе» өз миссиясын мінсіз атқарып келе жатыр ма?

– «Мәселеде» біздің қандай мәселеміз жүр десеңіз… Ұлттық арнаның эфиріне 2017 жылдың 18 наурызында шыққалы біз көтермеген тақырып таусылды. Бәрін айтып жатырмыз, көрсетіп келеміз. Ұжымымыз нағыз жаужүректер. Біреулер секілді, беделін көтеру үшін белден төмен әңгіме айтпайды. Бір ақпарат тауып, байыбына бармай байбалам салмайды. Бәрін зерттеп, зерделеп эфирге береміз. Көзі қарақты көрермен көріп жүрген шығар. Көрмегендер болса ютубтан, «QAZAQSTAN» Ұлттық телеарнасының ресми сайтынан қарап алыңыздар. Өйткені, «Мәселедей» қылып толыққанды ақпарат беретін жобалар жоқтың қасы. Біз бір тақырыпты алып соны үш сюжетке бөліп түбіне дейін қазып береміз. Түйткілдің түйінін шешудің жолдарын көрсетеміз. Сондықтан, әр сенбі сағат 20.00-де Қазақстанның басты арнасынан міндетті түрде «Мәселені» көріңіздер! «Мемлекеттік телеарналар шындықты айтқызбайды», – деп ошақтың басына келмей қазандағы астың дәміне баға беретіндер жетерлік. Солардың да пікірін тас-талқан қылды бұл жоба. Өйткені, біздің тілшілердің сөздері сүйектен өтеді, ақпараттарының дәлділігі сонша ешкім қарсы келе алмайды. Енді жеңіл-желпі жобалардан жұрт жаппай жалығып, «Мәселе» тақылеттес хабарларды көруге бет бұрсын дегім келеді. «Мәселе» ашылғалы талай проблеманы шешті. Ауылдарға жарық тартқызды, жолдарға ақша бөлдірді, үйсіз қандастарға баспана әперді. «Көкек өз атын өзі шақырады» демекші, атын атап, түсін түстеп жарияламай-ақ қояйын. Нәтиже бар, шүкір.

– Рухани жаңғыруға бет бұрған кезеңде телевизия саласына да зор жауапкершілік жүктеліп жатқандығы белгілі. Дегенмен, кей-кейде мән-мағынасыз дүниелерді көзіміз шалғанда көңілдің құлазитыны рас. Эфирді эстра­да жұлдыздарымен толтыру қазіргі уақытта қан­ша­лық­ты қажет?

– Музыкалық хабарларсыз, ток-шоуларсыз телевизияны елестету мүмкін емес. «Мәселедей» сараптамалық бағдар­ламалар да ауадай қажет. Сондықтан анау нашар, мынау жақсы деуден аулақпын. Керек десеңіз талай эфирлерден шеттеп қалған айтыс та қазір Ұлттық арнадан жүріп жатыр. Шектеу жоқ. Шетелдік телесериалдарға келсек, көрсетіледі. Егер сапалы болса, тәрбиелік мәні болса неге эфирге қоймасқа? Сыңаржақ пікір болмау керек. Бұл бәсеке алаңы, отандық кино түсірушілер олардан асып түссе эфирдің төрінен өнімдерін бере алады. Алаламау қажет. Мұндағы мәселе, сапасыз, қазақ ұлтына жат хабарлар туралы шығар. Әрине, ондайлар бар, бірақ… Жалпақ жұрт мағынасыз, мәнсіз, елдің ертеңіне балта шабады дейтін бағдарламаларда рейтинг жоғары. Масқара осында. Демек оларды ел көреді. Жібі түзу хабарларда керісінше көрермен аз болады. Сонда, мәнсіз хабарларды сынайтын көпшілік соларды көп көретін болғаны ғой. Иә сіз көрмессіз, мен көрмеспін. Бірақ, Сабыр Адайша «Әр қазақ-менің жалғызым» десек, бұл жерде ұят бәріміздің атымызға келеді. Көрермен арзанқол телеөнімдерді мүлдем көрмей олардың рейтингі нөл болса, телеарна басшылары әлгілерді эфирден бір-ақ сәтте алып тастайды. Осыны ескеру қажет. Сондықтан сараптама жасайтын, елдің ертеңіне болысатын хабарларды көруді өзімізден бастау керек, ағайын.

– Сөз саптасыңызға қарап, мінезіңіздің салмақты екендігін аңғарғандай боламыз. Сырт көзге де солай. Жал­пы, өмірде қандай адамсыз?

– Мінезім алай-дүлей. Істерімді істеп алып, артынан ойланып жатамын көбіне. Бірбеткеймін. Жақсы адамдарға қарап бой түзегім келеді. Түлкі болған заманымды тазы боп шалатын шалт қимыл мен қулықтан адамын. Мінезім ауыр, адам сүйетіндей қылығым болса да саусақпен санарлық-ау.

– «Алматы» телеарнасында «Өткір тіл» атты сұхбат алаңын құрып, белгілі тұлғалармен әңгіме өрбіттіңіз. Жоба туралы жұртшылық тарапынан әртүрлі пікірлер айтылады. Ал, өзіңізге «Өткір тіл» не берді?

– Менің жүрегімде ол жобаның алатын орны ерекше. Кезекті кейіпкер келерде оның еңбектерін тауысып оқып, ол жайлы шыққан барлық сұхбат, мақалаларды қарап біраз байып қалатынмын. Бетпе-бет келген сұхбат берушілерімді қарасаңыз, бір осалы жоқ. Өңкей қазақтың абыздары, алыптары, жас та болса ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермей, үлкен табақтан ас ішіп жүрген жаужүректер. Солармен тең дәрежеде сөйлесу үшін дарын мен қоса көп оқу керек. Ақыл керек және жүрек тыныштығы қажет. Өйткені, қырандармен ұстасарда торғайдың тірлігімен басың айналып жүрсе түк те шықпайды. «Өткір тілде» мені қолдап, ақыл-кеңесін беріп, керек десеңіз талай ауыр сауалдарды тізіп жазған сіздердің жерлестеріңіз Дәурен Дариябек бауырыма алғысым шексіз. Қазақ телевизиясына ауадай қажет адам, бізде он Дәурен болғанда қазір басқа биікте самғаушы едік. Білімді, білікті, бірақ сонысын жар салмайтын ұстамды талай Дәурендер бар арамызда. Тек солардың бағасына жететін көрегенділік бергей. Соның бірімен дос-бауыр болғанымды мақтан тұтам. «Өткір тіл» жалғасса, тек Дәурен Дариябекпен бірге қызмет қыламыз. Өйткені, оның басы- қазына. Мықтылар көп болсын, соларды бағалай алатын азаматтық болсын басқамызда.

– Халық арасында жиі айтылатын «Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген түсінік бар. Саясатқа қаншалықты жақынсыз? Әлемдік деңгейдегі қандай саясаткерлерді үлгі тұтасыз?

– Саясат маған сыйақы беріп, сыбаға тартпаса да қызығушылығым басым. Жалпы, үйдегі әйеліңнің көңілін табу арқылы сөзіңді өткізу, балаңа ескерту жасай отырып ренжітіп алмаудан басталады ғой саясат деген. Ал, әлемде өзім қызығатын саясаткер бар ма десеңіз, жетеді… Бастысы өз елін өзгенің езгісіне бермейтін, тек халқының қажеті үшін сөйлеп әрекет ететіндерді жақсы көремін.

– Ныспыңыз Нартай, әкеңіз Аралбай. Қазіргі жағдайыңыз қалай? Материалдық қысым көріп жүрген жоқсыз ба?

– Қазақта «Әп-әдемі ән еді, пұшық айтып бүлдірді» деген бар. Сол айтпақшы, жөні түзу сұхбатты Нартай қара басының проблемасын айтып бүлдірді демессіздер. Дүниеге бай емеспіз, шүкір дейміз. Барға қанағат, жоққа сабыр. Бірақ, бұрын «шалына қарап шаңырағын сыйлаған қазақ, қазір шаңырағына қарап шалын сыйлайтын дәрежеге түсті». Астанада бір бөлмелі пәтерді жалдап тұратын көптің бірімін. Айлығы шайлығынан артылмайтын қарапайым қазақпын. Несін жасырайық. Көбісі сыртымнан, осы бір күректеп қаржы табады десе қателеседі. Бірақ, тұрмыстық қиындықты көп айтқым келмейді, өйткені ол жас журналистерге қатты соққы болады. Аты шығып, сөзі сүйектен өтіп тұрған алдыңғы буын ағаның тұрмыстық тауқыметті тартып жүргенін көрсе кейінгі талантты буын журналистикадан бас тартуы бек мүмкін ғой. Содан қорқам. Құдай бұйыртса бәрі де болар, бастысы басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын. Қара нан жесем де, қазақтың қамын санадан шығарып алмасам, арзан сөйлеп азулы алаштың баласы сөзге кедей дегізбесем екен деймін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Мақсат БЕГІЛДАЕВ

ПІКІР