Uncategorized

«Біздің де бастан өмірдің өксік көші өткен…»

Written by Aray2005

Қазақ әдебиетінің қазынасын қай жағынан қопарсақ та онда соғыс тақырыбы басым. Сонау батырлар жырынан бастап, кешегі кеңестік дәуірдегі мүйізі қарағайдай марғасқа қаламгерлердің шығармаларының өзегінен де осы қатыгез майданның портретін көруге болады. Бір жұбанарлығы кейінгі ұрпақ бұл зауалды енді тек кітаптардан, әдеби шығармалардан һәм солардың желісінде түсірілген кинолардан ғана көруде. Лайым солай болғай. Себебі тарих секілді әдебиет те адамзаттың тағдырына негізделеді. Ал ондай шығармалар қанмен жазылған жылдар мен сол кездегі ел тағдырына орнатылған мәңгілік ескерткіш болып қала бермек.

 

 

 

 

Мырзаш ТҰРҒАНҰЛЫ,
(1937-2001 жыл)

Соғысқа қарсы соңғы сөз

Шерлі жүректің шеменін шертсем азырақ,
Қайғы-құсадан босанып қалам қазір-ақ.
«Тал мініп шауып» талпынып жүрген төрт жаста,
Төрт бірдей аға, әкемнен қалғам ажырап.

Оң істі білем бе, сол істі білем бе, мен бейбақ,
Соғысты білем бе, отырсам бүгін енді ойлап…
Елесі ғана есімде есіл ерлердің,
Қату қабақпен батыс беттеген бел байлап.

Ырду да – дырду… Дөң асып кетті арбалар,
Жылау да – сықтау… Ауылда қалды қан базар.
Біз біліппіз бе, жесірлік қайда жетімдік –
Өрімдей ару аналар қайтіп жан бағар?!

Екі ұлы сол тұс, шетінеп кетіп шешектен,
Әзиз анашым тұра алмай қапты төсектен.
Жиырма бесінде жанына жалау жалғыз мен,
Біздің де бастан өмірдің өксік көші өткен.

Қуантты кейде, хат жазып солдат-сабаздар,
Жылатты кейде, маңдайы тайқы, бағы аздар.
Қырық үштің сонау сүреңсіз сұрғылт күзімен,
Бізге де жетті қатыгез «қара қағаздар».

Тұрған әкемді қайтып та көре алмадым,
Алдадың тағдыр! Анаммен бірге зарладым.
Ышыман, Кәкеш, Әсембай, Тұңғыш шейіт боп,
Жан-жағым типыл, жалмауыздай-ақ жалмадым!..

Қос жеңгем кетті, үш сәбиді алып тірідей,
Сірідей жаның көрсінші қане ірімей?!
Қос мұңлық қалдық, шаңырақты қалт-құлт шайқалтпай,
Шер-шемен күйік кеудеде жатты жібімей.

Айбарша анам! Сынығы едің-ау асылдың,
Алпыс та жасамай, жүзіңді сен де жасырдың.
Отағасысын отыз жыл тосқан нар тұлға –
Мәрмәрдай мінсіз, биік рухыңа бас ұрдым!

Есейдік ерте, еріттік көңіл мұң-мұзын,
Күндізім жарық, жоғары менің жұлдызым!
Иншалла, бүгін немерелерім нешеме,
Ұядан ұшты, қияға қонды ұл, қызым!..

Бейбіт жеріме байланып тұрса кіндігім,
Егемен еліме алартар көзін кім бүгін?!
Алайда мына аламантасыр заманда,
Ұмыта алам ба сұрапыл соғыс сұмдығын!..

Өткердік бастан төрт жылдың нәубат-тозағын,
Жарты ғасыр астам, жеңісті жолдың азабын.
Мал-жаным теңеліп, байлыққа кенеліп, мінеки,
Көк байрақ-туын көтерді көкке қазағым!

Мінәжат қылып, «Құдай» деп айтсам дұрысын,
Қайталанбасын, қанды зұлматың құрысын!
Той тойласыншы ұлан ұрпағым бой жазып,
Ортаймасыншы ризық, несібем, ырысым!

Дүйім дүниені Тәңірием қолдап, қорғасын,
Беймезгіл сірә, бүр жарған бір гүл солмасын!
Аспаным ашық, алтын күн тұрсын төбемде,
Болмасын соғыс, оны тілеген оңбасын!!!

*          *          *

 

 

 

 

Дәулетжан БАЙДАЛИЕВ,
Еңбек ардагері,
Жуалы ауданының Құрметті азаматы

Ардагерлер – айбыным!

Тыныштық тілеп әлемнің алып төсінде,
Қасқайып тұрдың оқ пенен оттың өтінде.
Жауыздық атты зұлматтан жерді құтқарған,
Солдат боп қалдың мәңгілік елдің есінде.

Тарихта қалып қаһарын шашқан ай, жылдар,
Ерліктің даңқын жаһанға түгел жайдыңдар.
Сойқанды соғыс сыздатқан жүрек жарасын,
Кеудеңде шаттық, өткенде мұң мен қайғың бар.

Шыңдарға біткен емендей бойда мықтылық,
Өлімнің өзін қарсы алған жансың тік тұрып.
Отанын сүйген сезімің асқақ әлі де,
Ұрпаққа жүрсің өмірдің мәнін ұқтырып.

Күресте жаумен өзектен жалын, от өрген,
Жеңістің туын асқақ қып көкке көтерген.
Кешегі сенің жанқиярлығың болмаса,
Шаттыққа толы осынау күнге жетер ме ем?!

Жерімнің жау кеп жапырмасын деп шалғынын,
Қорғадың өрттен аққулар қонған айдынын.
Отаны үшін қасірет шегіп, от кешкен,
Қашанда биік ардагер сенің айбының.

Кешегі солдат, бүгінгі қарттар, абыздар,
Тағдырдың салған жүзіңде әжім, сан із бар.
Қасірет сепкен соғыстың өртін өшірген,
Бейбіт күн үшін ұрпағың саған қарыздар!

Бабадан мирас жалғасқан ерлік салтымды,
Әлемге жайдың жеңімпаз, батыр даңқымды.
Талқандап жауды соғыстың өртін өшіріп,
Шуақты күнге жеткіздің бейбіт халқымды.

Қайғы-мұң шеккен, күтумен өткен көп күндер,
Тылдағы ерлер – тері мен жасын төккендер.
«Бәрі де майдан, бәрі де Жеңіс үшін!» деп,
Аңсаған күнге, Жеңіске бірге жеткендер.

Есімі елдің есінде қалған солдаттар,
«Отан!» деп жаны қиылған қыршын боздақтар.
Мәңгілік жанған алауға келіп бас иіп,
Ардагер рухын, болашақ ұрпақ ардақтар.

Жетпіс бес жылдық құтты боп тойы Жеңістің,
Егеменді елім жақсылықтармен көріссін!
Қаһарлы жылдар қойнында қалып тарихтың,
Орнасын бейбіт соғыссыз заман жер үстін!

ПІКІР