«БІЗДІҢ ҒАНИ»

Режиссер А.Қарсақбаевтың Қаратау маңында түсірген фильмінің кадр сыртында қалған кейбір көріністері

0 11

Осыдан табаны күректей елу жыл бұрын аудан орталығында қызмет істейтін бес-алты жігіт «Қазақфильм» киностудиясы түсіріп жатқан «Біздің Ғани» фильміне эпизодтық роль ойнауға шақырту алдық. Фильм режиссерінің ассистенті Қалиолла (әкесінің аты мен тегі есімде қалмапты) аудандық мәдениет үйі жанындағы халық театрының мүшесі болғандықтан сахналық өнерден аздаған хабары бар деп біздерге арнайы келіпті.

Сонымен, 1970 жылдың 27 қазанында түс ауа халық театрының белсенді мүшелері Қуандық Кенжебаев, Амангелді Егембердиев үшеуміз Қаратау қаласына бет алдық. Аудандық газеттің тілшілері Әскербек Құйқабаев пен Үлгібай Райымов, аудандық спорт комитетінің төрағасы Жақан Әлібеков және аудандық халық ағарту бөлімінің бухгалтері Кәріпбек Бейсенов те шақыртылыпты. Режиссердің ассисенті батыстың тумасы, өте ашық, әңгімешіл жігіт болып шықты. Жол бойы бізге кино түсірудің қыры-сырын таныстырды.
Кешкілік бір қонақүйге жайғастық. Ертеңгісін тамақтана сала жолға шықтық. Автобус қаланың теріскей жағындағы Көктал кенті маңына келгенде оңға бұрылды. Даланың қара жолымен біраз жүрген соң Қаратау-Жаңатас теміржолы бойындағы түсірілім алаңына келіп жеттік.
Жалпы сценарий желісі қазақтың оқу іздеген түрлі жастағы қыз-жігіттерінің алыс ауылдан жақын маңдағы теміржол стансасына арбамен баруы, ол жерден Мәскеуге аттануы, жергілікті тұрғындардың Кеңес үкіметіне наразылығын баяндауға құрылған. Қалың топтың ортасында Түркістан жастарының көшбасшысы, қазақтың аяулы азаматы Ғани Мұратбаев жүр.
Фильмнің белгілі бір эпизодының Қаратау қаласы маңында түсірілуінің өзіндік себебі бар болып шықты. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында теміржол көлігі – паровоз болғаны баршаға белгілі. Паровоздың бу қазандығы көмірмен қыздырылады. Ал өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғында техникалық прогресс өркендеп, одақтағы теміржол транспорты түгелдей жермай жағатын тепловоздарға ауыстырылған. Соған байланысты ескі локомотивтер есептен шығарылып, өтелге өткен.
Картина оқиғасы ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарын бейнелегендіктен экранда тепловозды көлбеңдетіп тұрса шындыққа жанаспайды. Сырт көзге тым өрескел көрінеді. Түсіру тобы қатты қиналады. Не істеу керек? Қазақстанның о жақ, бұ жағына хабар салып, сұрастырғанда ескі паровоздың бірі Қаратау стансасына қарасты депода бар екені анықталады. Осындай техникалық факторға байланысты о баста жоспарланбаса да Қаратау қаласының төңірегі «Біздің Ғани» фильмінің түсірілім алаңына айналған екен.
Сценарий бойынша эпизодтық көрініске түсетін біздер Кеңес үкіметіне қарсы қарулы қарсылық көрсеткен жергілікті халықтан құрылған жасақ сарбаздарының ролін орындауға тиіспіз. Түсірілім тобының мамандары сол заманға сай киіммен және мінетін атпен қамтамасыз етті. Гримерлер бетімізді бояп, сақал-мұрт жапсырды. Ең бастысы, қолымызға ХХ ғасырдың басында жасалған Мосиннің үш жүйелі винтовкасын берді. Кино түсірушілер әкімшілігі әрқайсысымызға күніне бес оқтан беріп тұрды.
Алғашқыда режиссердің тапсырмасымен биік жотадан атпен төмен қарай құлдилай шауып келіп, жапа-тармағай теміржолдағы кедергіден өте алмай тұрған пойызға шабуыл жасау көрінісін сан қайталадық. Онда да далбалақтап, босқа қиқулап шаппай, алдағы нысанаға қолымыздағы қаруды кезене оқ атуға тиіспіз. Паровозға тіркелген төрт жайдақ вагонның үңірейген ашық есіктерінен біздерге қарсы қызылдардың жауынгерлері оқ атады. Сондай бір шабуылдың үстінде қызба жігіттердің бірі атын ойната вагон қасына жетіп барып, бесатардың шүріппесін басып қалады. Ұңғыдан шыққан от-жалын вагонда тұрған ұзын бойлы шикіл сары орыс солдатының тізе тұсын шарпып, шалбардың пәрше-пәршесін шығарғанымен қоймай, денесін де кәдімгідей жарақаттап кетті. Медбике шақырылып, көмек көрсетілді. Бұл фильм түсіру барысында орын алған «төтенше оқиғаның» бірі еді.
Түсірілім кезінде қызылдарға қарсы шабуылдаған сарбаздардың снаряд жарылғанда зақым алған, құлаған сәтін көрсетуге біршама дайындық керек. Ол үшін мамандар шабуылдаушы топтың жүретін жолына әр жерден жарылғыш заттар көміп тастайды. Жарылғаш заттардың бір ұшы көзге көрінер-көрінбес жіңішке сым арқылы алыстан басқарылатын тетікке жалғасады. Жарылыс болатын тұсқа сабан төселіп, беті топырақпен жабылады. Осындай дайындықтан кейін алдағы көріністі түрлі ракурста түсіру үшін бір-біріне қарама-қайшы бағыттан үштағанды екі шағын кинокамера объективі сол тұсқа бағытталады. Камера тұтқасы оператор көмекшілерінде. Бұл түсірілген көріністі монтаждау кезінде кадрды көбейтуге, құлаған адам санын өсіріп көрсетуге мүмкіндік береді. Жарылыс болатын жерге кім көрінген құлай бермейді. Рұқсаты бар арнайы каскадер мамандарға ғана тапсырылады. Жауапкершілігі мен қаупі жоғары жұмыс Мәскеуден әдейі шақырылған жирен сақалды орыс жігітке жүктелді. Қасында өрімдей жап-жас, жұқалтаң нәзік қырғыз жігіті жүрді. Естуімізше, қырғыз жігіт Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік киноматографистер институтының режиссерлер даярлайтын бөлімінде оқитын Құдайбергенов деген ата-анасыз өскен бала екен. Жетім балалар үйінде тәрбиеленген, артында қарайласатын адамы болмағандықтан Абдолла ағамыз жазғы демалыс кезінде азын-аулақ нәпақа тапсын деп қасына алған көрінеді.
Құлаудың да өз мәнісі бар. Әлгі дайындалған орын жанына мамандар жарылғыш зат қояды да, каскадердің аты сол маңға жете бергенде пульт арқылы іске қосады. Осы кезде шабандоз аттың екі шашасына байланып, ердің үстіне асырылған жіпті байқатпай тартып қалады. Ат омақаса құлағанда үстіндегі адам жұмсақ, сабан төселген жерге ептілікпен, барынша жай жығылуы тиіс. Оған төленетін ақша көлемі де тәуір. Каскадер әр трюк жасаған сайын 50 сом алады. Егер түсірілім барысында біреу-міреудің кездейсоқ жығылғаны кадрға іліксе, оған 25 сом төленеді.
Ақша демекші, кино түсіру тобы күн сайын жұмыс соңында түсірілімге қатысып жүргендерге тиесілі соманы тізім бойынша қолма-қол таратады. Көпшілік сахнасына қатысушылар әр күнге өзінің түскеніне қарай, сондай-ақ жекеменшік атын пайдаланғаны үшін ақы алып жүрді. Халық театры атынан келген біздер күн сайын 10 сомнан аса пұлды қалтаға салдық.
Осылайша бір-екі күн өтті. Бірде таңертең мінген автобусымыз түсірілім алаңына емес, басқа жаққа бағытын өзгертіп, Қаратау қаласындағы «Авангард» кинотеатрының қасына келіп тоқтады. Сол жерде бұрыннан атына қанық композитор Нұрғиса Тілендиев ағамызды көрдік. Біртуар өнер иесі болашақ туындының музыкасын жазу үшін фильмнің түсірілген үзігін көруге арнайы келген екен. Қасында әдеміше келген, ақ сары, талдырмаш денелі келіншегі Дариға бар. Жеңгеміздің 25 жастағы құлпырған шағы.
Жиналған жиырма шақты адам кинотеатр ішіне кіріп, орын-орынға жайғастық. Сол бойда іштегі жарық сөндіріліп, алда тұрған кең форматты экраннан Билікөлдің түрлі-түсті көрінісі көлбең етті. Бірнеше кадр екі-үш мәрте қайталанған соң кинотеатрдың ішіндегі жарық қайта жанды. Композитор мен режиссер әлдене жайлы өзара қызу әңгімелесіп тұр. Алдағы шығармашылық ойларын қызу талқылап тұрған сияқты. Біз одан ары бөгелмей сыртқа шықтық.
Негізінен, келер жылы қазақша «Біздің Ғани», орысша «Мой брат» атауымен жарық көрген көркем фильмнің біраз бөлігі алғаш Билікөл маңында, қалған жартысы біз куә болған Қаратау етегіндегі теміржол бойында түсірілгенін айта кеткен жөн. Бес күн бойы болашақ туындының түсірілім алаңында болып, көп нәрсені көзбен көрдік. Картинаны қойған одаққа танымал «Менің атым Қожа» және тағы да басқа фильмдердің режиссері –
Абдолла Қарсақбаев. А.Қарсақбаев бойы ортадан сәл төмен, ықшам денелі кісі екен. Мінезі жуас, түсірілім барысында өзінің қарамағындағы актерлерге қатты дауыс көтергенін естімедік.
Режиссерге қарағанда толықтау келген, қырықтың қырқасындағы сарғыш өңді бас оператор Әділхан Қастеев ісіне жетік маман ретінде өз-өзін сенімді ұстайды. Көбіне кранға орнатылған камера орындығынан көріп қаламыз. Оператор атақты қылқалам шебері, қазақтың тұңғыш кәсіби суретшісі Әбілхан Қастеевтің ұлы. Содан бір жыл бұрын атақты суретші өзінің «Таластың ен даласы» атты картинасын салу кезінде біраз уақыт қасында болып, осы өңірдің дәмін татқан. Түсірілім кезінде дубль саны үштен асып кетсе, Әділхан режиссерге доқ көрсетіп: «Таспаның бәрі менің мойнымда, артық шығынның құнын менен ұстап қалады», деп тепсініп шыға келеді. Көнтерлі мінезді Әбекең бұрыннан үйреніп қалған ба, әйтеуір, оған бәлендей құлақ аспайды.
Бірде трюк жасап жүргенде қырғыз баласы құлап, артынан шауып келе жатқан ат басынан теуіп кетті. Әдетте каскадерлер трюк жасар алдында қазақы тымақ киіп, бауын байлап алады. Бұл жолы дәл тиген тұяқтан жас жігіт көпке дейін жатып қалды. Орнынан тұрғаннан кейін де біраз уақыт басын ұстап жүрді. Сол кезде Мәскеуден келген каскадер режиссердің қасына жетіп барып, «Көмекшілерің қауіпсіздік шарасын дұрыс жүргізбеді» деген мағынада айқайға басып, дүрсе қоя бергені бар.
Осындай жағдайлардың бәрін сырттай бақылай келе, Абдолла ағамыздың мінезі жұмсақ, кісінің көңілін жықпайтын адам екеніне көзім жетті.
Ал фильмнің суретшісі Қ.Қожықов –
ірі денелі, батыр тұлғалы, жасы елуге тақалған дәу қара. «Қыз Жібек» фильмін түсірген режиссер Сұлтан Қожықовтың туған інісі. Нағыз шынжыр балақ, шұбар төстің тұқымынан екені көрініп тұр. Жүріс-тұрысы нық, менмен мінезді, қабағы қату, үнемі орысша сөйлейді.
Туындының Түркістан республикасы комсомолының жетекшісі Ғани Мұратбаевтың өміріне арналғаны жайлы сөз басында айтып өттік. Басты кейіпкердің бейнесін Құман Тастанбеков сомдады. Түр-түсі де кейіпкердің нағыз фотосуретіне ұқсайды. Бас кейіпкердің сүйген қызы болып ойнаған Меруерт Өтекешова Билікөл маңында киноға түскеннен кейін Алматыға оралған. Ғани роліндегі Құман Тастанбековты күнде көріп жүрдік. Бұл жұптың «Қыз Жібек» фильміне түсіп, ел аузында жүрген кезі. Ұмытпасам, екеуінің үйленбесе де жігіт пен қалыңдық екенін баршаға жариялаған тұсы. Ажар-көркі келіскен жарасымды жұпқа жұрт сырттай тілектес болатын.
Қазақ киносындағы ерекше құбылыс саналатын Кененбай Қожабеков ағамызбен де осы жолы бетпе-бет жолықтым. Атақты актер фильмде Кеңес үкіметімен келісімге келмейтін қазақ байының ролін сомдады. Түсірілім арасындағы үзілісте бірер жолдасымен бірге карта ойнап отырады. Үстінде киноға түсуге арналған қазақы шапан мен бөрік, аяғында етік. Карта ойыны кезінде өзінің «Москвич» көлігінің алдыңғы орындығынан түспейді. Ол кісінің қоларбаға таңылғанын бір көрген жан білмей де қалуы мүмкін.
Қаратаудан арнайы паровоз келіп жеткенше түсірілім алаңындағы жұрт топ-топ болып әңгіме-дүкен құрады. Осы маңдағы ауылдардан арнайы шақырылып, көпшілік көрінісінде бой көрсетіп жүрген салт аттылар жиналып көкпар тартады. Сол топтың ортасында Абай атындағы опера және балет театрының әншісі, жетпіс жастағы дембелше бойлы, пысық, қимылы ширақ бір көкеміз ерекше көзге түсті. Көкпар десе жанын салады. Жастардан қалмай доданың ортасына қойып кетеді. Денесі тоқпақтай, шымыр. Жай жүргенде де көңілді, айналасындағыларды сөзбен үйіріп алады. Әңгімесі тартымды әрі қызық. Ертеде өзі бірге істеген өнер майталмандары жайлы сыр шертеді. Әсіресе жастықтың базарында басынан өткен хикаяларын айтқанда жүзі жайнап кетеді.
Ал алаңның шетінде кинокөрермендер көзіне енді-енді іліге бастаған жас актер Нұржұман Ықтымбаев домбырасын қолына алып, сол заманғы термені құйқылжыта шырқап, еріксіз жұрт назарын өзіне аударып тұрады. Әнді естігенде көпшілік қарасы тез көбейді. Ойламаған жерден ұйымдастырылған концерт тыңдаушыларының бір шетінде Клара жеңгеміз жайғасқан. Ол әдеттегі қолы боста атқаратын ермегі – иірілген жүннен жылы кеудеше тоқумен айналысуда. Көзі қолындағы істе, саусақтары жылдам қозғалады.
Осыдан жарты ғасыр бұрын «Біздің Ғани» туындысының Жамбыл жерінде өмірге келгені жайлы екінің бірі біле бермейді. Соншама уақыт өтсе де қазыналы Қаратаудың етегіне орналасқан түсірілім алаңындағы көзбен көріп, көңілге түйген жайларды жадымызда жаңғыртып, жалпақ жұртқа жариялағанды жөн санадық.

Қамбарбек ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.