Қоғам

Біздің күшіміз – бірлікте!

Written by Aray2005

Өзбекстан Республикасындағы «Сордоба» су қоймасында орын алған су апаты салдарынан зардап шеккен Түркістан облысының елді мекендеріне қасиетті Әулиеата жұртшылығы алғашқылардың бірі болып көмек қолын созғаны белгілі. Әрине, апат айтып келмейді. Бірақ апаттың зардабын тартып отырған ағайындарға қол ұшын беріп, шын пейілді көмек көрсету – ата-бабаларымыздан қалған киелі дәстүр.

Қордай ауданындағы дүнген ұлтының өкілдері мен «Вынхуа» этно-мәдени бірлестігі осындай күрделі кезеңде көршілес аймаққа қолдау ретінде 5 миллион 500 мың теңгеге 25 тонна азық-түлік жөнелтті. Сонымен қатар, Жамбыл облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері де қайырымдылық шараларына бей-жай қарамай, ерекше үлес қоса отырып, тағы да 5 миллион теңге көлемінде азық-түлік көмегін көрсетіп отыр. Олардың қатарында түрік, грек, неміс, шешен, ингуш, өзбек, тәжік, күрд, әзірбайжан, орыс, қарашай, балқар, тағы да басқа ұлттардың өкілдері бар. Аталған ұлт өкілдерінің қиындыққа тап болған Мақтаарал ауданы тұрғындарының тағдырынан сырт қалмай, бірауыздан жұмыла білуі – ел бірлігі мен татулығының, жарасымды тірлігі мен ынтымағының өнегелі үлгісі болса керек. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді дана халқымыз. Төтеннен келген апатта тілектестік пен ізгі ниеттерін танытқан барша ұлт өкілдеріне ықыластары мен қолдаулары үшін алғысым шексіз.

Құрметпен, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев

ПІКІР