Бизнес қолдауды қажет етеді

0 4

Кеше аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен облыс прокуратурасының жанындағы кәсіпкерлікті қорғау мәселелері жөніндегі сарапшылық кеңесінің отырысы өтті. Онда «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде қайтарымсыз гранттар түрінде мемлекеттік қолдау көрсету, сондай-ақ көктемгі және күзгі дала жұмыстары кезінде шаруаларды жеңілдетілген отынмен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Кездесуге облыс әкімінің орынбасарлары Алмас Мәдиев пен Берік Нығмашев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, облыстық кәсіпкерлер палатасының және басқарма басшысы, кәсіпкерлер қауымдастығының сарапшылары қатысты.
– Карантин кезеңінде кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау мәселелері, әсіресе 25 мыңға жуық адам тартылған 1 280-ге жуық шағын және орта бизнес субъектісінің жұмысы тұралап, бүгінгі таңда өзекті жайтқа айналып отыр, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Қадағалаушы органмен «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын іске асыру барысында конкурсқа қатысу үшін бизнес-жобаларды қабылдау кезеңінде ұсынылған өтінімдердің тиісті тексерілуін кәсіпкерлік басқармасы бірдей қамтамасыз етпегендігі анықталған. Прокуратура актісі бойынша қабылданған 591 жобаның 96-сы қатысушылар қатарынан шығарылған. Өз кезегінде комиссия бағдарлама шеңберінде жүзеге асыруға жатпайтын жекелеген жобаларды да мақұлдаған.
Мақсатты гранттарды тиімді пайдалану туралы да алаңдаушылық бар. Өйткені 33 кәсіпкер алған гранттарын нақты бағыттар бойынша пайдаланбаған. Жағдай 26,5 миллион теңгені құраған 13 грантты сот арқылы қайтарып алуға дейін жетіп отыр.
Ауыл шаруашылық тауар өндірушілерін арзан жанармаймен қолдау мәселелерінде прокурорлар операторларды таңдау, сондай-ақ уақытылы жеткізуді қадағалау тәртібін реттейтін құқықтық актінің жоқтығын атап өтті. Нәтижесінде 2020 жылдың көктемінде сатып алынған 16,5 мың тонна дизель отынының 6,2 мың тоннасы немесе 34 пайызы ғана ауыл кәсіпкерлеріне жеткізілген. Мұндай жағдай күзгі науқан қарсаңында да орын алып, ол кезде 11,9 мың тонна жеңілдетілген отынның 6,5 мың тоннасы немесе 54 пайызы ғана пайдаланылыпты.
Осы айтарлықтай шығындардың барлығы дизель отынына деген сұранысты қалыптастырудағы бұзушылықтардың және уақытылы жеткізбеудің, оны алу мүмкіндігі туралы ақпараттың аздығының салдары болып отыр. Қысқасы, осы пайдаланусыз қалған мыңдаған тонна дизель отыны қаншама шаруаның қажетіне жарап, жұмысын жеңілдетер еді.
Десе де аймақ басшысы бұған кінәлі ауыл шаруашылығы басқармасы екенін ескерткенімен, кейбір кәсіпкерлердің құқықтық сауатының төмендігі мәселелесіне де тоқталды.
– Жергілікті кәсіпкерлерді ашылып жатқан курстарда оқыту керек, өйткені олардың біразы тіпті бизнес-жоспар құра алмайды. Масылдықты қойып, жұмыс істеу керек. Әйтпесе бөлінген қыруар қаражат желге ұшады, – деді Бердібек Сапарбаев.
Түйткілді мәселелер егжей-тегжейлі қаралған отырыс қорытындысында олардың түйінін тарқатуға бағытталған ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ бизнесті қолдау жөніндегі аймақтық Жол картасына сәйкес, яғни бизнесті қорғау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілмек.

Жарылқасын НҰРАЛИЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.