Жастар.kz

Бизнеске бейім бойжеткен

«Жас келсе іске» дейді биік ойлап, терең тұжырымдайтын парасатты халық даналығы. Тәуелсіз еліміздің жастары бүгінде сан салада Cамұрықтай самғап, ұлттық рухының құдіретін қабілетімен мойындатуда. Кешегі сұрапыл соғыс жылдары қырдан терген құшақ гүлін суық қаруға алмастырып, ерлермен бірге иық тіресіп майданға аттанған Әлия мен Мәншүктердің, желтоқсан желі үзген жауқазындар Сәбира мен Ләззаттардың ізін басқан өр рухты һәм аяулы қазақтың қаракөздері бүгінде өнерде де, өнеркәсіпте де осал еместігін ізгі ісімен дәлелдеуде. Соның бірі, кешегі Фирдоусише айтсақ, тараздық «мөп мөлдір көздің қарасы» Диана Аралбаева.

Әрине, күннен-күнге қатары молайып келе жатқан кәсіпкер нәзікжандылардың арасынан неліктен бір ғана арудың аты аталды деген көкейде сауал туындауы мүмкін. Алайда, өзінің 4 жылдық студенттік өмірінде 50-ден астам бизнес жобаға қатысып, тек қана қатысып қоймай, кейбір игі идеяларын іске асырып, жүлдегер атанып, 22 жасында әртүрлі отандық тауарларға табиғи қоспалардан әзірленетін картон қаптамалар дайындауға бағытталған «TARAZ-GOFRA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін басқарып, сонымен қатар, аймақтағы алпауыт «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кедендік секторының менеджері болып еңбек ету де оңай шаруа емес. Сондықтан, біз Диананың жетістіктерімен жіті танысқанды жөн санадық. 1996 жылы киелі Тараз шаһарында дүниеге келген ол №13 орта мектепте қара танып, бала кезден медицина саласының майталман маманы, білікті хирург болуды мақсат етеді. Алайда, өсе келе бизнеске бет бұрып, кәсіпкерліктің көкжиегіне көз жүгірте бастайды. Осылайша, Диана М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «менеджмент» мамандығына оқуға түседі.

– Жоғарғы оқу орнында өткен 4 жылда 53 байқауға қатысып, ешқайсысында жүлдеден тыс қалған емеспін. Жеңімпаз атанып, грант ұтып алған сәттерім де болды. Өзімнің асқар тау әкем кәсіпкер болғандықтан, мен осы саланың қыр-сырын біліп өстім – дейді Диана Берікқызы.

Өз сөзінде жас кәсіпкер студенттік жылдары көптеген байқауларға қатысып, жүлдеге іліксе де, оның топ жарған тың жобаларына ешқандай қолдау болмағанын жасырған жоқ. Ал, қазіргі таңда өзі басқарып отырған серіктестік оның ең алғашқы ірі жобасы екен. Өндіріс толық іске қосылғанда 80 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Келер жылы өндіріс ошағы отандық кәсіпкерлерді жаһандық тауарөндірушілерге «тас қағазы» деген атаумен таныс қағаз қаптамалармен қамтамасыз етпек.

– Біздегі кез келген отандық өнімнің қаптамасы сырттан жеткізіледі. Осы жайтқа іштей талдау жасау арқылы отандық қаптамалар жоқтың қасы екенін аңғардым. Біз тауар қаптамаларын көбіне Қытайдан, Ресей мен Қырғызстаннан аламыз. Бұл – өнім өндірушілер үшін өте маңызды мәселенің бірі. Себебі ешқандай тауар қаптамасыз шығарылмайды және тасымалданбайды. Сол себепті, осы істі қолға алуға бел будым. Өндірісіміз кез келген көлемдегі тауарға картон қаптама шығаруға қауқарлы. Алғашқы қаптамаларды жеміс-жидектер, көкөністер мен табиғи сусындарға арнап әзірлейміз. Жалпы, әлем бойынша қаптамалар технологиясы Қытайда, Финляндияда ғана жақсы дамыған. Біздің өнімнің технологиясы Қытайға тиесілі. Бірақ, қазірде оның технологиясы біздің тараптан заңды түрде патенттелген. Яғни ел аумағында бұл технологиямен заң жүзінде басқа ешкім айналыса алмайды деген сөз. Серіктестіктің жұмысы былтыр басталды. Жыл бойы құжаттары, патент, техникалық жабдықтары реттелуде. 2019 жылы алғашқы өнімдеріміз шықпақ. Таза, экологиялық картон қаптамалар жасауда ағаш кесіп, суды, ауаны ластаудың қажеті жоқ. «Тас қағазы» деп аты айтып тұрғандай, ол өте берік, су, май өткізбейді – дейді талабы таудай жас өрен.

Расында да, 80 пайызы кальций карбонаты мен 20 пайызы төменгі қысымдағы полиэтиленнен дайындалатын қағаз қаптамаларды әзірлеуге ағаш кесіп, тау қопарудың түк қажеті жоқ. «Қалауын тауып, қарды жаққан», бүгінгі ХХІ ғасырдың образды сөзімен айтқанда «найзағайға нан пісірудің» жолын тапқан жастық амбиция мұнымен шектеліп отырған жоқ. Және Диана өзінің әр бастаған ісін аяқсыз қалдырмауға дағдыланған жас.

– Қазір мемлекетіміз жастарға мол мүмкіндіктер ұсынып отыр. Өзім талай республикалық байқауларға қатысқан үміткер ретінде, ондағы жеңімпаздардың барлығы өз ісінің шеберлері, білгірлері, яғни, жеңіске жүз пайыз лайық екеніне куә болдым. Қолдауға да ие болуда. Бос уақытымда әлемнің өркениетті елдеріне саяхат жасағанды ұнатамын. Көптеген шет елдерде болдым. Сондықтан, әлемнің бірде-бір елінде біздің мемлекетіміздегідей жастарға қолдаудың жоқтығын айта аламын. Бизнес – түсінгенге өмір. Оның да көптеген сынақтары бар. Ал, ең қиыны бизнес бастау емес, оны аяққа тұрғызу. Алдағы уақытта өз ісімді ізденістермен толықтырып, бизнесте халықаралық байқауларда жеңімпаз атанғым келеді, – дейді Диана.

Қазіргі таңда жас кәсіпкер қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлеумен ғана шектеліп қалмай, ағылшын тілін кәсіби деңгейде меңгеру үстінде. Көркем әдеби шығармаларды көп оқитын Диана әңгіме барысында қазақтың атақты жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов өзінің нағашы атасы екенін де айтып қалды. Қаламының құдіретін бүкіл қазақ мойындаған жазушы Диананы Алматыдағы үлкен оқу орындарына талай рет шақырған екен. Алайда, жас өрен өз күшімен оқуға түсіп, өз еңбегімен мақсатына жетуді ел алдындағы перзенттік парызына айналдырыпты. Біз де оның табиғатына тән таудай талабына тәнті болып, толағай табыс тіледік.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР