Қоғам

Бизнестегі баянды бағдар

Елімізде соңғы жылдары өз кәсібін ашып, бизнеспен табыс табуға ниеттілердің қарасы қалыңдап келеді. Бұрын бизнестің байыбына бармай оны базар жағалап, дүкенде сауда жасау деп түсінетін қазақтың бүгінде кәсіпкерлік туралы танымы кеңейген. Азды-көпті жиғанын бизнеске салып, табысын еселеуде мемлекеттік бағдарламаларға иек артатындар да аз емес. Әсіресе, шағын және орта бизнестің шырайын келтіруде «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының шарапаты мол болды. Елбасының бастамасымен 2010 жылдан қолға алынған бағдарлама 8 жылдың ішінде отандық бизнестің тасын өрге домалатуға септігін тигізді. Нәсібін жеке кәсіптен табуға ниеттілерге жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Оған қоса ауқымы кеңейген кәсіпкерлік нысандарда жаңа жұмыс орындары құрылып, елдің әл-ауқаты да жақсара түсті.
Дәл осы факторлар негізінде Мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті Жолдауында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзартуды тапсырды. Бұл бастама барша қазақстандық кәсіпкерлердің көкейіндегісін тап басты. Сәйкесінше, жамбылдық кәсіпкерлер де 8 жыл ішінде салаға мол серпін берген бағдарлама аясында алдағы 7 жылда жемісті жобаларды жүзеге асыруға білек сыбана кіріспек.

Елбасы жаңа Жолдауында бизнеске жаңа бағыт берген бағдарламаны жүзеге асыру үшін қазынадан жыл сайын 30 миллиард теңге бөлінетіндігіне баса назар аударған. Нәтижесінде қолдауға ие болған кәсіпкерлік нысандарда 3 жыл ішінде 22 мың жаңа жұмыс орны ашылып, 3 триллион теңгенің өнімі өндірілетіндігі айтылды. Осылайша алғашында еліміздегі үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың тетігіне бағаланған бағдарлама өз өміршеңдігін көрсетпек. Бүгінде бұл бағдарлама жаңа бизнес-бастамаларға қолдау білдіру, қайта өңдеу өнеркәсібі мен экономиканың басым салаларындағы кәсіпкерлерді демеу, бизнесмендердің валюталық тәуекелдерін азайту, қаржылай емес қолдау бағыттарында жұмыс жүргізуде.
Облыс әкімдігі кәсіпкерлік индустриалды-иннова­ция­лық дамыту басқармасының мәліметіне сүйенсек, бағдарлама қолға алынған 8 жыл ішінде өңірде жалпы құны 97,7 миллиард теңгені құрайтын 1 306 жоба жүзеге асырылған екен. Соның арқасында облыс аумағында 13 000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылған. Бағдарлама мүмкіндігін кәдеге жаратып, табысын еселеген кәсіпорындармен бюджетке 12 миллиард теңгеден астам салықтық түсімдер түскен көрінеді. Басқарма мамандары өңір кәсіпкерлері негізінен бағдарламаның «Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау» бағытымен көмек алуға құлшыныс танытатынын айтады. Мәселен, 8 жылдан бері бұл бағыт бойынша құны 82 миллиард теңге болатын 841 жобаға қолдау білдірілген. Сол секілді, «Банктегі несиеге кепілдік беру» бағытында 327 жоба қолдау тауып, кепілдік сомасы 3,9 миллиард теңгені құрады. Ал, «Өндірістік инфрақұрылымды дамыту» бойынша жалпы құны 11,7 миллиард теңге болатын 88 жоба мақұлданды. Сондай-ақ, 50 жоба бағдарламаның «Мемлекеттік гранттар беру» бағытында қолдауға ие болып, кәсіпкерлер жалпы құны 140 миллион теңгенің грантын олжалаған.
Ағымдағы жылы облыстағы шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатындағы шараларға облыстық бюджеттен 500 миллион теңге, «Даму» қорынан 1 миллиард теңге қарастырылған. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарына «ҚазАгро» холдингі арқылы шағын несие беру үшін жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінді.
Елбасы тапсырмасына сай өңірде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының мерзімін 2025 жылға дейін ұзартуға айрықша басымдық берілуде. Аймақ басшысы Асқар Мырзахметов облыс активімен өткен жиында келер жылы бағдарламаны жүзеге асыруға қаралған 1,2 миллиард теңгені 2 есеге ұлғайту қажеттігін тілге тиек етті. Өз кезегінде, бұл қаражат жаңадан ашылатын кәсіпкерлік бизнестегі үлесін 30 пайызға арттыруға жұмсалмақ.
Жалпы, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының қаржылай қолдауды жүзеге асыру қызметін ұйымдастыру «Даму» қорының міндетіне кіреді.
– Бағдарламаны іске асырудың барлық кезеңінде облыс аумағында 800 кәсіпкер мемлекет қолдауына ие болды. Сондай-ақ, жалпы көлемі 204,2 миллиард теңгені құрайтын 789 жобаға қолдау білдіріліп, «Даму» қоры аталған несиелерді субсидиялауға 7 миллиард теңге бөлді. Қор 8 жыл ішінде жалпы құны 3,7 миллиард теңге болатын 315 жобаға кепілдік беріп, кәсіпкерлер 10 миллиард теңге көлеміндегі несиеге қол жеткізді. Ағымдағы жылы 44 кепілдік келісімшартқа қол қойылып, мөлшері 1,3 миллиард теңгені құрайтын несиелер мақұлданды. Жыл басынан бері өңірде бағдарлама аясында «Даму» қоры арқылы кәсіпкерлерге 1,5 миллиард теңгеге қолдау жасалып, несиенің жалпы сомасы 2,8 миллиард теңге болатын 31 жоба субсидияланды.
«Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдар­ла­ма­сы бойынша кәсіпкерлікпен айналысуға ниет танытқан азаматтарға қаржылай емес қолдау да білдіріледі. Бұл орайда, қор жанындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығымен бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан 20 мың азаматқа кәсіпкерлік негіздері бойынша кеңес ұсынылды. Сондай-ақ, «Шағын және орта бизнес топ-менеджерлерін оқыту» жүйесімен 105 бизнес өкілі «Назарбаев Университеті» базасында біліктілігін жетілдіруде. Оған қоса кәсіпкерлерді қолдаудың мобильді орталығымен облыс, аудан орталықтарынан шалғай елді мекендерге түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп тұрады, – дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалының директоры Бақытжан Исаков.
Бағдарлама қолдауына ие болған кәсіпорындардың қатарында Тараз қаласындағы «Сәуле» кондитерлік фабрикасы да бар. Бүгінде жамбылдықтарға сапалы кондитерлік өнімнің 34 түрін ұсынатын кәсіпорынның жұмысын бастағанына көп бола қойған жоқ.
– Біз қажетті ғимаратқа 2015 жылы қол жеткіздік. Бұрынғы автопарк аумағындағы бос тұрған нысанды алып, күрделі жөндеуден өткіздік. Дәл осы кезде австриялық «HAAS» компаниясымен вафли өндіретін құрылғы сатып алу туралы келісімшарт жүргізілді. Келіссөздер нәтижелі аяқталған соң жалпы құны 1,2 миллиард теңгені құрайтын жобаға «Halyk Bank» қаржы бөлді. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы «Даму» қоры банктен алған несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялады. Осылайша жылына 16 пайыздық мөлшерлемемен алынған несиенің 10 пайызы субсидияланды. Бұл мен сияқты кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлер үшін үлкен көмек. Қазіргі таңда кондитерлік фабриканың өндірістік қуаттылығы айына 250 тонна кондитерлік өнімді құрайды. Кәсіпорында 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Елбасы биылғы Жолдауында «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының 2025 жылға дейін жалғасатындығын айтты. Демек, алдағы 7 жылда қазақстандық кәсіпкерлер мемлекеттік қолдаудан қалыс қалмасы анық. Өзім де өндіріс ошағының ауқымын, кеңейтіп, өнім түрлерін молайтуды жоспарлап жүрмін. Өндіріс ауқымына қарай жұмысшылардың санын 200-ге дейін көбейту де ойда бар. Осы орайда, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының көмегіне қайта жүгінуге мол мүмкіндік берілгелі тұр, – дейді «Сәуле» кондитерлік фабрикасының директоры Сәуле Жанабекова.

Расында, 8 жыл ішінде кәсіпкерлікті өңір экономикасының өзегіне айналдырған бағдарламаның алдағы 7 жылда да жасампаз жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік беретіні ешқандай талас тудырмайды. Мәселен, облыс әкімдігі кәсіпкерлік индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы мен кәсіпкерлер палатасының өндіріс ошақтарына бірлесе жүргізген талдау жұмыстары аймақтағы 32 кәсіпкерлік нысанның мемлекеттік қолдауға зәру екендігін анықтады. Өз кезегінде, бұл кәсіпорын жетекшілері де «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының шарапатын көруге ниеттілердің қатарынан табылары анық. Оған қоса, өңірде кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар да мемлекеттік қолдауға ие болуда дәл осы бағдарламаның көмегіне жүгінері сөзсіз. Демек, аталған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мерзімін 7 жылға ұлғайту бизнеске қолдау білдірудегі ең ұтымды шешімнің біріне айналғалы тұр.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР