Бизнестегі бикештердің беделі биік

0 2

Еңбек еткеннің қашанда еңсесі биік. Осы орайда қыз-келіншектер бизнесінің қалыптасуына облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының да қосып жатқан үлесі аз емес. Жиырма жылдан астам уақыт қоғамның дамуына бір кісідей-ақ атсалысып жүрген Қауымдастық былтыр да біраз шаруаның ұйытқысы бола білді.

– Біздің қауымдастықта әйелдерді қолдауға арналған жоба көп. Солардың ең ірісі – «Саясаткер әйелдер клубы». Клуб жұмысы барысында әр ауданда қоғамдық қабылдау өткізіп, аудан тұрғындары айтқан мәселелердің шешу жолдарын бірлесе іздейміз. Мәселен, жақында Жуалы ауданында екі әйелді жұмысқа орналастырып, екі сәбиді балабақшаға, бір баланы колледжге оқуға кіргізе алдық. Көпбалалы анаға емдеу қызметі көрсетілді.
«Нәресте» жобасымен жаңадан туылған балалар мен аналарға дәрігерлік көмек ұсынсақ, «100 игі іс» жобасы жағдайы төмен көпбалалы отбасылармен жұмысты қамтиды. Балалар өз армандары тұралы хат жазып береді, біз оны орындаймыз, – дейді қауымдастық төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Г.Нұрымова.
Жалпы, облыстағы кәсіпкер ханымдардың іскерлігімен көзге түсіп, тек өз нәпақасы үшін ғана емес, жағдайы төмен жандарға да қарайласып жүретіні көңілге медет сыйлайды. Бұл әйел затының табиғатынан жүрегі мейірімге толы екенін, ішкі жан дүниесінің қамқорлыққа қарай бүйрегі бұрып тұратынынан сыр аңғартады. Бұл еңбектері елеусіз емес. Мәселен былтыр, республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауында қауымдастық мүшесі Туғанай Жолақова жүлдегер атанып қайтты.
Жалпы құрамында 150-ден астам әйел бар қауымдастықтың әр ауданда өкілдіктері жұмыс істейді. Белсенділері де аз емес. Мысалы, байзақтық Лаззат Жабатаева ауданда өз қаражатына емхана, би сарайын және балабақша салған екен. Меруерт Лештаева жетім қалған балаларға үнемі стипендия тағайындап отырса, «Ордамед Тараз» ЖШС бас директоры Әсел Естай, «Ай да, я» балаларды дамыту орталығының директоры Әнел Мұсабекова, «Ла вилла» мейрамханасының қожайыны Гүлдана Атабекова, жарнама бизнесімен танылған белсенді кәсіпкер, қалалық мәслихаттың депутаты Әмина Қайназарова сынды жас кәсіпкерлер де бүгінде қамқорлық, қайырымдылық шараларының төңірегінен табылып жүр. Әрине, аты аталмай қалған өзге де көптеген қыз-келіншектердің еңбегін, жасап жүрген жақсылығын жұртшылық жақсы біледі.
Сондай-ақ, Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен ашылып, жемісті жұмыс атқарып келе жатқан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аз уақыттың ішінде елдегі көптеген кәсіпкерлердің тығырықтан шығып, түрлі бюрократиялық кедергілерді бұзып-жаруына септігін тигізуде. Осы ұйымның облысымыздағы филиалы жанынан Іскер әйелдер кеңесі де ашылып, нәтижелі жұмыс істеп келеді.
Кеңес төрайымы Айгүл Ақшалованың айтуынша, бірлесе еңбек етудің нәтижесінде баянды істер бағдарын тапқан.
– Іскер әйелдер кеңесіне өз жобаларын, бастамаларын іске асыруда белсенді болуға, өмірді жақсы жағына өзгертуге тырысатын әйелдер біріккен. Іскер әйелдер қауымы негізінен өзінің белсенділігімен ерекшеленеді. Біздің облысымызда қазіргі таңда әйелдерді бизнеске, кәсіпкерлікке тартуда және әйелдердің саяси белсенділігін арттыруда көптеген жұмыстар жүруде. Және ол жұмыстар біздің Кеңестің басты мақсат-міндеттерімен астасып жатыр, – дейді Айгүл Ақшалова.
Жалпы, облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің ұсынған мәліметіне сүйенсек, облыста 8 467 белсенді істеп тұрған заңды тұлға болса, соның 2438-інің басшысы әйел азаматы екен. Палата үлкен қолдау білдірген «Бастау Бизнес» жобасымен ел бойынша мыңдаған адамдардың кәсіпкерліктің әліппесін оқып, несиеге қол жеткізгенін білеміз. Солардың қатарында қыз-келіншектердің де саны аз емес екен. Ал «Халық банкі» арқылы 12 әйел кәсіпкер жалпы көлемі 76 миллион 383 мың 919 теңге жеңілдетілген несие алыпты.
«Ең үлкен іс алғашқы қадамнан басталады» деген қағидаға сүйеніп аз да болса жиған-тергенін кәсіпке салып, алғашқы жемісін көре бастаған жандар да баршылық. Солардың бірі – Эльмира Байназарова. Осыдан бір жыл бұрын Тараз қаласынан «Алаш инфо» білім орталығын ашқан жас кәсіпкер тың бастамаларға түрен салуда.
– Бір істі ашпастан бұрын адам не нәрсеге жақын, қолынан не келеді, соны білгені дұрыс.Үшінші баламды дүниеге әкеліп, декреттік демалыста отырғанда басыма әртүрлі кәсіп ашу туралы идеялар келе бастады. Ақыры білім беру саласына тоқтадым. Сөйтіп нарықты зерттедім. Халыққа не керек? Не жетіспейді? Әсіресе қай жерге не керек екенін білдім. Өзіміз тұратын темір жолдың арғы бетіндегі халық қосымша сабақтарға бару үшін орталыққа, ықшамаудандарға барады екен. Сөйтіп ісімді қолға алғанда үлкендер жағы келіп әбден алғыс айтты. «Айналайын, журналист қыз, даланың дара ұстазы Ыбырай Алтынсариндей біздің жақта жоқ, қат болып тұрған дүниені аштың ғой. Біздің жаққа білім нұрын септің. Ашылғанына өте қуаныштымыз» деп таныс та, бейтаныс адамдар келіп ризашылығын білдірді. Орталықты небәрі кішкентай бір ғана кабинеттен ашқанмын. Бірінші ағылшын тілі, түрік тілі, актерлік шеберлік сынды аз ғана қосымша сабақтарды оқытып баcтадық. Осы ісім өз жемісін беріп, келесі айда екінші кабинетті жалға алдық. Қосымша сабақтар санын көбейттік. Орыс тілі, қазақ тілі, мектепке дайындық, жылдам оқу, журналистика, домбыра үйірмелерін аштық. Үшінші айда үлкен би залын жалға алып, би, көркем гимнастика үйірмелерін бастап кеттік. Бизнесте ең бірінші батылдық керек екен, – дейді Эльмира.
Бүгінде Э.Байназарова облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының ішінен құрылған 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлердің «Жас қанаттар» деген тобының мүшесі. Жақында ғана ол Астана төрінде өткен «Жас қанаттар» форумына қатысып келді.
Міне айта берсек, аймақта әйел азаматтар жұмысына жан бітіріп отырған бизнес, кәсіпкерлік субъктілері көптеп саналады. Бұл ретте Мемлекет басшысынан бастап, облыс, аудан көлемінде де іскер әйелдерге деген қолдау артпаса, бәсеңсіген жоқ. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетуге қабілетті аналар мен қыз-келіншектердің өмірдің қай саласында болсын бағының жанып, ырысының таси беруіне біз де перзенттік көңілімізбен тілекшіміз. Ананың бақыты – отбасының байлығы емес пе? Ал отбасы мықты болса – ел бақуатты болмақ.

Жасұлан Сейілханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.