Бизнесті қолдау бүгінгі күннің басты талабы

0 0

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев облыста карантиндік режим енгізілуіне байланысты қиындықтарға  тап болған  өндіріс орындарының тынысымен танысуды жалғастыруда. Осы аптада облыс әкімі «Энерджи Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне арнайы ат басын бұрып, жұмыс барысын барлады.

Жалпы аталған серіктестік Тараз қаласындағы заманауи қондырғылармен жабдықталған мекеме болып табылады. Кәсіпорын шығарып отырған жарықдиодты шамдарының қуатты күші 10 пайызды көрсеткенімен, сапасы жағынан әлемдік нарықтағы шамдардан кем емес. Ал бағасы үш есе арзан.

Алайда жиынтық трансформаторлық қосалқы станцияларды өндіру желісі  30 пайыздық қуаттылықты көрсетсе, құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі мүлде көрінбейді. Осының салдарынан алдыңғы қатарлы қондырғылары бола тұра кәсіпорын толық қуатты күшіне шыға алмауда. Нәтижесінде 150 жұмысшы  36 адамға дейін қысқартылған. Сондай-ақ  12 мүмкіндігі шектеулі қызметкердің 2-і жұмыссыз қалған.

Жағдайды көзбен көрген облыс әкімі Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров пен Тараз қаласының әкімі Атқазы Қарабалаевқа барлық мәселені зерделеуден өткізіп, бір шешімін табуды тапсырды.

Сүт өндірісі бағытында жұмыс жасап жатқан «Көкжиек-2030» ЖШС-да  64 түрлі өнім шығаруға қауқарлы құрылғысы бола тұра, тығырыққа тірелуде. Сондай-ақ карантиндік режимге байланысты Ресей мен Қытай мемлекетінен өнімге қажетті қаптар келмей қалған. Серіктестік басшысы Әбдіқали  Бегімбетовтың айтуынша, кәсіпорын сүтті сатып алу бағасын  литіріне 120 теңгеге дейін көтерген екен. Есесіне кәсіпкер ауыл тұрғындарына сауын сиырларын бөліп беріп, сүтті өндіріс орнына 5 жылдың бедерін өткізіп тұру  туралы талап қойған. Сондай-ақ серіктестік жарты жылдан кейін сиырларды сатып алу механизімін  енгізген. Осылайша өндіріс орны шикізат мәселесін шешуге күш салған.  Алайда Әбдіқали  Бегімбетов  жердің тапшылығынан облыс орталығынан павильон мен сауда нүктелерін аша алмай отырғанын айтады.

– Жергілікті өндіріс орындары Тараз қаласын сүт өнімдерімен қамти алатындай қуатты күшке ие болса да, сырттан келетін өнімдер бір толастамауда.  Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін негізгі әлеуметтік маңызы бар тауарларды шығаруды және өткізуді ретке келтіру қажет. Бұл бағаны төмендетуге мүмкіндік беріп, тұрғындардың да оң пікірін қалыптастырады, -деді Бердібек Машбекұлы кәсіпорын басшысының ұсыныс-тілектерін тыңдап.  Бұдан бөлек, аймақ басшысы балмұздақ өндірісін қолға алып, шығарылатын өнім түрін әртараптандыруды тапсырды.

Тараз металлургиялық зауыты ферроқорытпа және электродты масса өндіру бағытында жұмыс жасауда. Кәсіпорын басшысының міндетін атқарушы Аида Жақсылықованың айтуынша, өндірісте өндірілген өнім Ресей, Қырғыз  мемлекеттерімен қатар, «Қазхром»АҚ-ның  Ақсу ферроқорытпа зауытына жөнелтіледі. Зауыт жұмысының айрақша атап өтер тұсы – кәсіпорын 748 қызметкерінің бірде-біреуін карантинге байланысты ақысыз демалысқа жібермеген.

Бердібек Машбекұлы өндіріс орындары өнімдерін азайтмай, жұмысшылардың да жалақысын дер кезінде беріп тұруы қажеттігіне  басымдық берді. Сондай-ақ аймақ «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ басшылығымен келіссөздер  жүргізіп,   күн тәртібіндегі өзге мәселелер бойынша көмек беретіндігін   айтты.

Жамбыл ауданындағы «Оңтүстік халал тағамдары» ет комбинатының  жұмысы өткен жылдың қараша айынан бастап тоқтап тұр. Кәсіпорын соңғы рет 20 тонна қой етін Иран мемлекетіне экспорттаған. АҚШ мемлекетінің Иран ислам Республикасына қатысты санкциясына байланысты өндіріс орны негізгі тапсырыс берушісімен байланысын үзген. Осы жайт комбинаттың жұмысын тұралатуда.

Өңір басшысы бұл қол қусырып  қарап отыратын мәселе емес екенін алға тартып, комбинат басшылығына жергілікті билік тарапынан қандай көмек қажет екендігі туралы ұсыныс беруді тапсырды. Және Бердібек Машбекұлы қазіргі таңда кәсіпорындардың жұмысын жандандырып, жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғындардың тұрмысын түзету – басты міндет саналатындығын  көптің есіне тағы бір рет салды.

Облыс әкімі сондай-ақ  №14 ықшамауданындағы  облыстық онкологиялық аурухананың құрылысымен танысты. Жобалық құны 4,6 миллиард теңгені құрайтын нысанның құрылысы 2018 жылы жанданып, 2021 жылы аяқталады деп күтілуде. Қазіргі таңда 3,3 миллиард теңге игеріліп, құрылыс қарқын алуда.

Атқарылып жатқан жұмыстармен жіті танысқан Бердібек Машбекұлы  бас ғимараттың қас бетінің құрылысын қатаң сынға алып, авторлық және техникалық қадағалау жұмысын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ нысанды қосалқы генератормен қамту, медициналық құралдарды сатып алуды тездетуді және көріктендіру-көгеріштендіру жұмыстарына көңіл бөлуді міндеттеді. Ал Талас өзенінің бойындағы көпірге қатысты облыс әкімі келер жылы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін  қажетті құжаттарды дайындауды жауапты сала мамандарына жүктеді. Бұл құрылыс сондай-ақ Қарасай ауылындағы 629 ауланы ағын сумен қамту мәселесін де шешпек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.