Қазақстан халқы ассамблеясы

Болашағы баянды Бурыл

Written by Aray2005

Алғаш тәуелсіздік алған кезеңде халықтың қиындыққа мойымай, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, тізе қоса қимылдап, ата-бабаларымыз аңсап өткен «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманға» қол жеткізуіне елдегі сан түрлі ұлт пен ұлыстың өзара бірлігі арқау болғаны шындық. Бұл – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел ішінде жүргізген сарабдал саясатының жемісі.

Мұндайда тұрғындары сан түрлі ұлт өкілдерінен құралған елді мекендердің де ынтымақ пен ырысқа, жаңа өмір мен жайлы тұрмысқа, жасампаздық пен мәңгілік мұраттарға қол жеткізу жолында тигізіп отырған үлесі бар екенін айтпай кетпеске болмас. Олардың өзара мызғымас ынтымақтастықта күн кешуі өзгелер үшін қашан да үлгі. Осындай татулығы жарасым тапқан мекеннің бірі – Бурыл ауылдық округі.
Аталған округте екі елді мекен бар. Оның бірі Бурыл ауылы болса, екіншісі – Құмжота. Мұнда 18 өзге ұлт өкілі тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр.
– Екі ауылды қосқанда барлығы 2 мың 114 үй бар. Мұнда 2 орта мектеп пен 1 өнер мектебі, 5 бірдей балабақша,
1 дәрігерлік амбулатория және кітапхана секілді әлеуметтік нысандар тұрғындарға қызмет көрсетуде. Округ бойынша 15 адам ақылы қоғамдық, екі азамат жастар тәжірибесі арқылы жұмысқа жолданды. Ауылдағы халықтың негізгі кәсібі – егіншілік және мал шаруашылығы. Одан бөлек жеке кәсіпкерлік иелігіндегі шұжық, тұз, сұйық май, макарон өнімдерін өндіретін цехтар арқылы да жұртшылық нәпақа табуда. Соның арқасында еңбекке жарамды азаматтардың ішіндегі жұмыссыз жүргендері некен-саяқ.
Ауылдықтар өздерін тағдыр табыстырған бауырлас ел екенін, ортақ шаңырақтың астында ынтымақтастық пен татулық туының мәңгіге желбіреуіне, ішкі саяси тұрақтылықтың сақталуына тек баянды бірлік қана тіреу болатынын жақсы біледі, – дейді ауылдық округ әкімінің орынбасары Бақытжан Дүйсенбаев.
Бурыл ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер, 65 жастағы Башад Умаров ұлтаралық татулық ұғымы баршаны бауырластыққа үндейтінін айтады. Ол біздің мемлекетімізде кез келген ұлттың өз дінін ұстанып, салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін дамытуына толық жағдай жасалғанына дән риза.
– Ұлт көшбасшысының «Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – ол әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты. Бейбітшілік – ол тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген сенім. Бейбітшілік пен тұрақтылық – күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік» деген қанатты сөзі бар. Бұл қазір біздің қоғамда көрініс тауып отырғанына шүкірлік етемін.
Тарихтан белгілі, бір кездері Түркия мен Грузияның мемлекеттік шекарасы сызылғанда, жергілікті тұрғындар Грузияның жерінде қалып қойған. Олардың кейбірінің ұлтын өзгертіп, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстанға жер аудартқан. 1944 жылы 14 қарашада әр елге депортацияланған 96 мың түріктің 20 мыңы Қазақстанның Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарына жіберілсе, оның ішінде 3 415 адам Меркі, Жамбыл, Шу, Байзақ аудандары мен Тараз қаласына келіп қоныстанған. Күштеп қоныстандырудың зардабының өлшеусіз болғанын бастан өткергендердің қазір көзі тірісі жоқ. Бір білетініміз, түріктер мұнда мал таситын вагондармен жеткізіліпті. Жолай аш-жалаңаш жеткен қоныстанушылардың арасында эпидемиялық жұқпалы аурулар өршіп, талайы қырылып кеткен көрінеді. Соның ішінде қазақ топырағына табаны тиген біздің ата-бабаларымызға жергілікті халықтың жанашырлық танытқанын, бауырындай көріп, екі бөлмелі үйінің бір бөлмесін босатып бергенін, өздері аш отырса да бір үзім нанды бөліп жегенін біз еш уақытта ұмытпаймыз, – дейді Башар Фадилоглы.
Ауылдық клубтың меңгерушісі Гүлжан Көпжасарованың айтуынша, ұлтаралық татулық бағытындағы жұмыстар жүйелі жүзеге асуда. Мұндағы этнос өкілдері бір-бірінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарайды. Ел ішіндегі өнерпаздардың жетістігі де жоқ емес. Жақында ғана Фадли Аббасов есімді азамат «Ынтымағы жарасқан тәуелсіз Қазақстан!» атты өзге ұлт өкілдерінің фестивалінен Алғыс хатпен оралған.
Бірлік – береке бастауы. Өйткені бірлік бар жерде береке де, бейбіт күн де орнайды. Бурыл ауылына жасаған сапарымызда ондағы тілегі ортaқ түрлі этнос өкілдерінің тыныс-тіршілігінен жaрaсымды өмір сүрудің нышанын сезіндік. Тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, еліміздің жaңa белестерді бағындыруына осындай ниет қана жетелейді. Қашанда бірлігіміз берекелі, тірлігіміз мерекелі бола бергей!

Нұрым Сырғабаев,

Байзақ ауданы

ПІКІР