Болашағын ауылмен байланыстырған жас маман

0 7

«Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылып келе жатқанына биыл он екі жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында мыңдаған жас маман ауылға аттанып, баянды бағдарламаның игілігін сезінді. Болашағын ауылмен байланыстырған талапты жастардың бірі – Эльмира Әмірқұлова.

Эльмира Ғалымжанқызы 1989 жылы Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. Аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияны үздік бағамен бітіріп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша оқуға түседі. Сонымен қатар 2011 жылы Тараз қаласындағы Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінің магистратурасында оқып, білімін жетілдіре түседі. Э.Ғалымжанқызы әу бастан-ақ еңбек жолын өзі туып-өскен ауылынан бастауды мақсат етеді.
– Бала күнімнен математика пәнінің мұғалімі болуды армандадым. Өзімнің алғашқы ұстазым, математика пәнінің мұғалімі, ауданға танымал ұлағатты ұстаз Алтынай Ниязбекованың арқасында мектепте математика пәнін сүйіп оқыдым. Болашақта сол кісі сияқты ұстаз болуды армандадым. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін, 2017 жылы өзімнің түлеп ұшқан алтын ұяма қайта оралып, осында жас маман болып жұмысқа орналастым.
Жас маман болып алғаш келгенімде мектеп-гимназияның бұрынғы директоры Абзал Оразов пен марқұм Марат Әлімбеков жылы қабылдады. Білім ордасының түлегі ретінде педагогикалық ұжымға тез сіңісіп кетуіме де көп көмектескен болатын. Тәлімгер етіп математика бірлестігінің жетекшісі Айсұлу Ахметованы бекітіп берді. Жетекшім білім-білігімен бөлісіп, білмегенімді үйретіп, ұстаз болып қалыптасуыма көп көмектесті. Қазіргі мектеп директоры Гүлнар Мұсаханова да жас мамандарға жан-жақты қолдау көрсетіп, байқауларға қатысатын болсақ, барлық жағдайымызды жасап беріп отыр, – дейді жас маман Эльмира Ғалымжанқызы.
Жас маманның жеткен жетістіктері де аз емес екен. Көптеген байқауларға қатысып, ІІ және ІІІ орындарды иеленіпті. Шәкірттері де сан мәрте жүзден жүйрік шығып, ұстаз абыройын асқақтатқан. Мәселен Сабина Қыдырбай есімді оқушысы республикалық «Ұлы есім иелері» басылымы ұйымдастырған математика пәні бойынша байқауда, 2020 жылы «Ханталапай» республикалық математикалық зияткерлік сайысында, 2021 жылы аудандық математика пән олимпиадасында I орынды жеңіп алыпты.
Жақсы ұстаздардан тәлім алған жас маман қазіргі таңда №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда 8-10-сыныптарға математика пәнінен сабақ береді. Э.Әмірқұлованың басты мақсаты –
заман талабына сай сабақты түрлендіріп, оқушылардың қызығушылығын арттыру. Оқушылар да ұстазының жаңаша әдістерін жақсы қабылдайды.
Жас маманның ендігі арманы – математика пәнін тереңдетіп оқытатын физика-математика мектебін ашу. Ендеше, біз де еңбекқор жас маманның тілегінің орындалуына тілектеспіз!

Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,

журналист

Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.