«Болашақ» стипендиясына құжат қабылдау басталды

0 1

Жуырда Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамының өкілі Алтай Нұрланұлының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Спикер «Болашақ» бағдарламасының құрылуы, осы уақытқа дейінгі жеткен жетістіктері туралы баяндап, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
– 1993 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы құрылып, еліміздің білімге құштар жастарын шетелге оқуға жібере бастады. Сол бір қиын кезеңде мұндай салмақты шешім қабылдау, расында, көрегенділіктің белгісі болса керек.
Міне, содан бергі 25 жыл ішінде 13 мыңнан астам стипендия тағайындалып, шетел асып, озық біліммен сусындаған 10 мыңнан астам маман елге оралды. Бүгінгі таңда «Болашақ» бағдарламасы Қазақстанның білім саласындағы нәтижелі бір брендіне айналды. Бағдарлама ел экономикасына айтарлықтай серпіліс алып келіп қана қоймай, адами капиталдың дамуына да айрықша үлесін қосты.
XXІ ғасырда елімізді озық елдер қатарынан көру үшін адами капиталды дамыту керек. Кез келген саланың мамандары сауатты, әлемдік бәсекеге қабілетті, зияткерлік деңгейі жоғары болса, ол ел дамуының негізгі көзі болады. Ал біздің ел үшін адами капиталды дамытудағы себілген алғашқы дәндер ретінде осы «Болашақ» стипендиясын айтуға болады. Білім алғысы келетін кез келген адам шетелдік университеттер, агенттіктер өкілдерімен тікелей байланыс орнатып, өзіне қажеттісін таңдай алады, – деген Алтай Нұрланұлы «Болашақ» халықаралық стипендиясының 2019 жылғы құжаттар қабылдау маусымы басталғанын және оның 31 тамызға дейін жалғасатынын жеткізді.

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.