Қоғам

Болашақ тоқымашылардың болашағы қандай?

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында «Жұмыс берушілерді тарту арқылы және халықаралық талаптар мен цифрлық дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту керек. «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет. Мемлекет жастарға алғашқы мамандықты береді. Үкімет бұл міндетті орындауға тиіс» деп атап көрсетті. Бұл, негізінен, бүгінгідей еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар тапшылығын жою міндетінен туындап отырған жайт екені белгілі. Сондықтан да, Мемлекет басшысы кәсіптік мамандар даярлау ісін жедел қолға алуды тапсырды. Нәтижесінде, былтырдан бастап тегін кәсіптік білім беріле бастады. Дегенмен, сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқып жатқан жастар күні ертең лайықты жұмыс таба ала ма? Білім ордасы мен кәсіпорындар арасындағы байланыс қандай? Біз осы сұрақтарға жауап іздеуге тырысып көрдік.

Бүгінде Жамбыл политехникалық жоғары колледжі «Баршаға арналған тегін кәсіптік білім беру» жобасы негізінде бірқатар жұмысшы біліктілігі бойынша мамандар даярлауда. Атап айтқанда, 2017-2018 оқу жылынан бастап жоба аясында «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Тоқыма өндірісі», «Сәндік қолданбалы өнер және халық кәсіпшілігі», «Ғимараттарды салу және пайдалану» мамандықтары бойынша екі жұмысшы біліктілігі және орта буын мамандарын даярлау мақсатында колледжде жаңа білім беру бағдарламасы оқу үдерісіне енгізілді. Осы мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттердің 50-і «Тоқыма өндірісін» меңгеруде. Тарқата айтсақ, олардың бірқатары екі жылдан кейін кілемші, тоқушы, енді бірі 3 жыл 10 айдан кейін техник-технолог мамандығын игеріп шығады.

Жалпы, бүгінгі студент ертеңгі жұмыссыздар атанбауы тиіс. Осы мәселені алға тартсақ, біз сөз етіп отырған кілемшілер мен тоқымашыларды алдағы уақытта жұмыспен қамту күрделене түсетіні белгілі. Жалпы, студенттер өндірістік тәжірибеден қалай, қайда өтеді? Олардың алдағы болашағы не болмақ? Біз әуелі осы сауалға жауап алу мақсатында аталған колледждің дизайн және тоқыма бөлімінің меңгерушісі Қанат Айдароваға жолыққан едік.

– «Фабрика ПОШ-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде Қазақстанның жүн өндеу саласындағы жетекші кәсіпорындарының бірі. Негізінен, осы серіктестіктің сұранысына сәйкес бізде «Тоқыма өндірісі» мамандығы ашылды. Аталған мамандықтың «тоқымашы, кілемші» біліктіліктері бойынша кадрлар даярлауға облыстық бюджет есебінен мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде 50 бала оқытылып жатыр. Олар биыл орта мектепке арналған 10-11-сыныптың бағдарламасы бойынша білім алып, келер жылы негізгі мамандық бойынша білімдерін ұштамақ. Десе де, шәкірттер биылдың өзінде 3 рет «Фабрика ПОШ-Тараз» серіктестігінде болып, өндіріс орнының жұмысымен танысты. Бұдан бөлек, аталған кәсіпорын біздің оқу орнына мата тоқуға арналған 2 құрылғы әкеліп, фабрика шеберлері шәкірттерге станокты қалай пайдалану керектігін көрсетті. «Сәндік қолданбалы өнер және халық кәсіпшілігі» мамандығы бойынша да матаға сурет салушылар даярлануда. Жалпы, біз оқытқан тоқымашы, кілемші мамандары келешекте колледж бітіргеннен кейін «Фабрика ПОШ-Тараз» ЖШС-на жұмысқа тұратыны анық, – деді Қанат Махамбетқызы.

Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылының тумасы Жанерке Арынова биыл осы колледжге оқуға қабылданған студенттердің бірі. Тоқымашы мамандығын алғаннан кейін ол «Фабрика ПОШ-Тараз» ЖШС-на жұмысқа тұратынына сенімді. Дегенмен, бұл серіктестік бұрын тапсырыспен жүн қабылдап, оны жуып, қоқыстан тазартумен ғана айналысатын. Тарқата айтқанда, жүнді шүйкелеп, тарақтайды. Түтіп, шаң-тозаңнан арылтады. Тоқымашы, кілемші мамандығына сұраныс жасағанына қарағанда аталған кәсіпорын бүгінде мата, кілем тоқу ісімен де айналыса бастаған шығар деген тәтті үміт көкейге қуаныш ұялатқан-ды. Алайда, «Фабрика ПОШ-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшыларымен тілдесіп, аталған өндіріс орнының мата, кілем тоқымақ тұрмақ, жүннен жіп иіру ісін қолға алғанына көп бола қоймағанын естігенде абдырап қалдық. Сонда болашақ кілемші, тоқымашылар осы кәсіпорынға жүн жуып, түту немесе жүн иіру үшін жұмысқа тұрмақ па? Серіктестік директорының орынбасары Бақыт Сүйінбаевтан осыны сұрап білуге тура келді.

– 2010-2014 жылдарға арналған «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында біздің кәсіпорын жүннен иірілген, тарақталған таспаны (ТОПС) өндіруді қолға алды. Бұрын биязы жүнді жуып-шайып, тазалаумен ғана айналысушы едік, қазір жіп иіре бастадық. Жүннен иірілген, тарақталған таспа өнімі нарықта үлкен сұранысқа ие болғандықтан, оны Италия, Қытай, Испания, Қырғызстан елдері сатып алуда. Дегенмен, көп еңбектеніп, жүнді жібек жіпке айналдыратын біз, ал дайын өнімнің пайдасын көретіндер басқалар. Осындай байлықты сыртқа жібермей, биязы жүнді өзімізде тереңірек өңдеудің жолын қарастыруға көшіп, мата тоқу ісін қолға алу мақсатында Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне 2-3 жұмысшы біліктілігі бойынша бірнеше қызмет түрлерін атқара алатын 50 маман даярлауға сұраныс бердік. Негізінен, тоқымашы, кілемші мамандығы текстильге жақын болғандықтан, осы мамандықтарға амалсыз сұраныс жасадық. Олар колледж бітіргеннен кейін, біздің кәсіпорында жүн иіру ісімен айналысады. Алда-жалда мата тоқу ісі қолға алына қалса, мата өндіру ісі соларға жүктеледі. Дегенмен, әзірге мата шығару технологиясын игеру мүмкін болмай тұр. Ол үшін 3,5 миллион доллар қаржы қажет. Бұл жайында жоба бар болғанымен, шетелден инвестор тартудың да сәті түспей тұр. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов те кәсіпорынға арнайы келіп, жағдайымызға қанықты. Алдағы уақытта мәселенің оң шешімін табатынынан үміттіміз, – дейді Бақыт Тыныстанұлы.

Жалпы, шикізаттың қайнар көзі саналатын жүнді қажетке жаратуға тырысқан мұндай кәсіпорындар үшін инвестиция тартудан басқа амал жоқ. Осы орайда, біз облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының «Инвесторларға және кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының» инспекторы Наурызбек Жұмағазинмен тілдесіп, заманауи жүн өңдеу кластерін құруға талпынған кәсіпорын үшін нақты қандай қолдау көрсетілетінін білген едік. Ол өндіріс орнының жобасын инвесторларға таныстырып, қызығушылық танытса екі тарапты кездестіруге дәнекер болатындарын айтты. Наурызбек Қайратұлының айтуынша, «Фабрика ПОШ-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жобасы орталықтың арнайы базасына енгізіліпті. Егер инвесторлар тарапынан жобаны жүзеге асыруға ықылас туса аталған өндіріс орнында мата тоқу ісі қызу қолға алынуы бек мүмкін екен.

Аталған өндіріс орны мен колледждің бірігіп маман даярлауын біз цифрлық технологияны қолдану арқылы жаңа индустрияны өркендету бағытына бет бұрған Қазақстанда, оның ішінде өңірімізде болашақта нақ осы мамандық иесінің тапшылығын болдырмау мақсатында жасап отырған амал деп түсіндік. Десе де, колледж түлектерінің өз мамандығы бойынша жұмыспен қамтылуы жобаға қызығушылық танытқан қаржысы бар инвесторларға байланысты болып отыр. Сол үшін қолында қомақты қаржысы бар азаматтар кілем тоқып немесе мата шығаратын өндіріс орнын ашса, бұл өңір әлеуетінің өркендеуіне де септігін тигізер еді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР