"Тарих. Таным. Тағылым."

«Болашаққа – үміт, жастарға – сенім »

Written by Aray2005

Аймақ басшысы Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттерімен кездесті

Ел жастарының алға қойған мақсат-мұраттарына еш кедергісіз жетуі үшін мемлекет тарапынан аз жұмыс жасалып жатқан жоқ. Сан саладағы жастарды қамтитын түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жемісті жобалар жүзеге асырылуда. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялауы да ел ертеңіне баланып отырған жас ұрпаққа жасалған қамқорлықтың бір үлгісі. Дейтұрғанмен үлкен үміт күтіп отырған жастарымыз артылған салмақты жауапкершілік жүгін қаншалықты сезіне алып жүр? Батыстың «батпағына» батып, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізге салт қарап, қасиетті құндылықтарымыздан алшақтап бара жатқан жоқ па? Ұлттық тәрбиенің уызына жарып, тегін ұмытпай, тамырынан қол үзбей, тарихын тани алып жүр ме? Жуырда ғана облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттерімен өткен кездесуінде осы және өзге де жастар тәрбиесіне қатысты сан түрлі мәселелер жан-жақты қаузалды. Кездесуге қатысқан жастар өңірдің өркендеуі, білім саласындағы өзгерістер, Жастар жылына орай атқарылып жатқан жұмыстар туралы ойларын ортаға салып, Асқар Исабекұлымен еркін пікір алмасты.
Өңір басшысы өз сөзінде жалынды жастарды тарихты танып, өткенді құрметтеуге, ата-баба дәстүрін ұлықтап, тектілік қасиеттерді жаңғыртуға, еліміздің ертеңгі ұстынына айналу үшін білім дариясына барынша бойлауға шақырды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері арасында сұрақ-жауап түрінде өрбіген әңгімелесуді оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Асқар МЫРЗАХМЕТОВ, облыс әкімі:
– Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз. Елдігіміздің еңселі, болашағымыздың баянды болуы үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастардың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті болуын басым бағыттардың алдына шығарды. Тәуелсіздік алған 28 жылдың ішінде жастарымыздың болашағы жарқын болуы үшін айтып тауыса алмайтындай қыруар тірлік тындырылды. Дегенмен жастарға қаржылай гранттар беріп, тұрақты жұмысқа орналастырып, кәсібін бастауға мүмкіндік сыйлаумен немесе өзге де қажеттілігін өтеп берумен барлық мәселе түбегейлі шешіліп кетпейді. Әлі де жастарымыздың тәрбиесіне қатысты сіз бен бізді ойландыратын жайлар жеткілікті. Мәселен, жас буынның заңды құрмет тұтуы, заңға бағынып жұмыс жасауы турасында сөз қозғар болсақ, бұл бағытта атқаратын жұмысымыз жеткілікті.
Өкінішке қарай, жастарымыздың ертеңін ойлай бермейтіні қынжылтады. Жамандықтың салмағы қандай? Ертеңгі күні бармағын шайнап, опық жеп қалмай ма? Осы мәселені шешу мақсатында жастар саясатымен айналысушы мекемелер, өзге де құрылымдар жұдырықтай жұмыла жұмыс жасауымыз керек. Ілгері буынның толысқан тәжірибесін кейінгі толқынның жалын-жігерімен жымдастыра білген қоғамның қашанда түтіні түзу, мерейі үстем болмақ. Сонда ғана жастар тәрбиесіне қатысты тек біздің елде ғана емес, әлемде етек алған өзекті мәселелердің жолын кесіп, алдын ала аламыз. Егер сіздердің де нақты бір ұсыныстарыңыз болса, бірлесе жұмыс атқаруға дайынбыз.

Нұрдыш МҰҚАН, «Педагогика жоғары мектебінің» II курс студенті:
– Құрметті Асқар Исабекұлы, «ұстаздар ұстаханасына» айналған Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіне қош келіпсіз!
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылғы 5 қазандағы Жолдауында биылғы жылдың «Жастар жылы» болып жарияланатыны айтылды. Жастар жылына орай облысымызда қандай жұмыстар атқарылуда? Және жастардың жеке кәсібін ашуға қандай мүмкіндіктер қарастырылып отыр?
– Облысымызда жастардың барлық санаттарын қолдау мақсатында жыл сайын жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Жастарымыздың жай-күйі үнемі назарда болып, егжей-тегжейлі талдау жұмыстары жүргізіліп отырады. Облыс бойынша ағымдағы жылы 5 мыңға жуық жас жоғары оқу орнын бітіріп, үлкен өмірге қадам басты. Өкінішке қарай, жас мамандардың 54 пайызы ғана жұмысқа орналасқан. Ал колледж бітірген жастардың мамандығы бойынша жұмысқа орналасу көрсеткіші 35 пайызды ғана құрайды. Мақтанатындай көрсеткіш емес. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс, яғни грант үшін 7 миллиард теңгеге жуық ақша бөлеміз. Нәтижесін өздеріңіз де естіп отырсыздар. Грантта оқыған жастардың кем дегенде 90 пайызы жұмысқа орналасу керек қой. Қалыптасқан ахуалды ескере отырып: «Егер қыруар қаржы бөліп оқытқаннан кейін жұмысқа орналаспайтын болса, гранттың санын азайтайық. Мемлекеттік қаржының есебінен жұмыссыздардың санын көбейтудің қаншалықты қажеттілігі бар? Қаржыны басқа игілікті іске жұмсайық. Егер бір елді мекенге ауызсу немесе басқа да әлеуметтік мәселені шешсек, әлдеқайда пайдалы болар еді» деген болатынмын. Сондықтан да биылғы жаңа оқу жылында 2 мыңға жуық грантты қысқарттық. Қысқартылған қаржыны колледжердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға, басқа да пайдалы істерге жұмсауға шешім қабылдадық.
Осы орайда мамандық таңдауға қатысты қалыптасқан үрдісті атап өтпеске болмайды. Қазіргі таңда жастарымыз өзінің талабына, икеміне қарай емес, қай мамандыққа грант көп бөлінгеніне мән береді. Мейлі грант үшін білім алып шықсын делік. Бірақ ұтатын кім, ұтылатын кім?! Аталған түйінді мәселені шешетін кез жетті.
Сол себепті қажетті мамандықтарды дұрыс қалыптастыру мақсатында нақты шаралар қолға алынды. Жасыратыны жоқ, қазір ауылда кітапханаға барып, кітап оқып жүргендер шамалы. Сондықтан да елді мекендердегі мәдениет үйлерінің, кітапханалардың ішінен цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашып отырмыз. Былтырғы жылы 70 ақпараттық орталық ашылса, ағымдағы жылдың соңына дейін 70 орталық ашу жоспарлануда. Жалпы алдағы уақытта цифрландырылған ақпараттық орталықтар барлық елді мекенде толық ашылады. Күтілетін нәтиже қандай?! Енді ақпараттық орталық арқылы ауыл тұрғындары аудан орталығына немесе Тараз қаласына сабылмай-ақ, бірқатар мемлекеттік қызметтерге қол жеткізе алады. Ең маңыздысы сол, мектеп бітіруші жастар ақпараттық орталықтан еліміздегі, облысымыздағы жоғары оқу орындары, жатақханамен қамтуы, грант мәселесі, оқу ақысы сынды өздерін толғандырған барлық сұрақтың жауабын ала алады. Сонымен қатар аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеліп отыр. Енді аудан әкімдіктері аймақтағы қажетті, сұранысқа ие болып отырған мамандықтарды зерделеп, сараптама жүргізіп отыратын болады. Алдағы уақытта бұл әрекетіміз де өз жемісін береді деп ойлаймыз.
Биылғы Жастар жылында нақты мақсатқа ұмтылып, еңбек етуге ниеттенген жастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жетіп артылады. Кәсіппен айналысуды көздеген жастар үшін де қайтарымсыз гранттар қарастырылуда. Ағымдағы жылы жастарға грант бөлуге 324 миллион теңге бөлінді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерге 3 миллион теңгеге дейінгі мемлекеттік қайтарымсыз гранттар берілді. Мұның өзі облыс деңгейінде жастар кәсіпкерлігін қолдаудың айқын бір көрінісі.

Ақмарал ӘДІЛХАН, «Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің» VI курс студенті:
– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады. Осы орайда облыс көлемінде қандай жұмыстар жоспарланып отыр?
– Айта кеткен ләзім, еріктілік – адамдар алдында ғана емес, өзіңе де үлкен жауапкершілік. Ерікті болу, тек шығармашыл болумен немесе белсенді іс-әрекетпен шектелмейді. Ерікті болу үшін батыл мінезді әрі соған лайықты болуың керек. Біздің қоғамдағы әрбір ерікті әркез құрмет пен қолдауға тұрарлық жастар өкілдері. Қуанатынымыз, өңірімізде өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары жыл санап артып келеді. Тиісінше еріктілер атқаратын жұмыс ауқымды. Сол себепті де облысымызда еріктілерге ерекше назар аударылып отыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының кезекті XVIII съезіндегі мұқтаж отбасыларын қолдау бойынша өңірлік бағдарламаларды қайта қарай отырып, үйлестіру жөніндегі тапсырмасының аясында «Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық жобасы қолға алынған болатын. Жоба шеңберінде облыстағы аз қамтылған, тұрмысы төмен, көмекке мұқтаж отбасылардың әлеуметтік жағдайын анықтап, сараптау жұмыстарын жүргізу, қажеттіліктеріне қарай жүйелі түрде, жан-жақты қолдау көрсету қарастырылған. Қазіргі таңда облысымызда аталмыш жобаның екі мыңға жуық мүшесі бар. Әрине, мұнан өзге де еңбегіне ешқандай өтемақы талап етпей-ақ жақсылық жасап, елдің дамуына тамшыдай болсын үлесін қосып жүрген қайырымдылық қорларының бар екені рас. Бәрі өз деңгейінде жұмыс атқарып жатыр. Сондықтан қай кезде де игілікті істің басында жүретін еріктілерге мың да бір рақмет айтамыз.

Ақнұр АЛПЫСБАЙ, «Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің» III курс студенті:
– Жуырда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасында қандай кітаптар оқитынымен бөлісті. Сіз қандай қандай кітаптар оқисыз және қандай кітаптарды оқуға кеңес бересіз?
– Шын мәнінде, дүниеде кітап пен кітапхана болмаса, адамдар рухани білімін үнемі жетілдіріп отырмаса, мына өмірде тоғышарлық орнап, адамзаттың сауатсыздануы, адами құлдырауы басталған болар еді. Кітап – ақыл-ой әлеміне жол сілтеуші іспетті. «Артық білім – кітапта» демекші, қатарыңнан озық болғың келсе кітап оқып, сана көкжиегіңді кеңейтуден абзалы жоқ.
Жалпы әрбір адам кітапты өзінің жасына, қалыптасқан көзқарасына қарай оқиды. Мәселен, бала кезімізде ертегі кітаптарды көп оқып, тәтті қиялмен талай таңды ұйқысыз атырсақ, есейе келе махаббат тақырыбында жазылған поэзия, прозаларды жастанып оқыдық. Кейін келе фантастика, психология жанрына ойысып, бірқатар көркем туындылармен танысып шықтым.
Осы ретте айрықша айтқым келетіні, осы уақытқа дейін талай ұрпақ Абай туындыларымен сусындап, оның тұжырымынан нәр алып, пәлсапалық талғамына жүгіну арқылы өмірдегі бағыттарын, жолдарын айқындап келеді. Сондықтан жастарға Абай шығармашылығын оқуға кеңес берер едім. Өйткені ұлт ұстазы Абайды оқу, оның даналығын санаға сіңіру– үлкен рухани байлықты игеру деп білемін.

Диана ТҰРҒЫНБЕК, «Педагогика жоғары мектебінің» II курс студенті:
– Құрметті Асқар Исабекұлы, өзіңіздің тікелей тапсырмаңыз аясында жасалған жүйелі жұмыстар көптің көңілінен шығып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін берді. Сәні кеткен саябақтар сұлудай сыланып, аллеялардың ажары ашылып, Таразымыз күн санап тотыдай тарана түсуде. Жамбылдықтарды алдағы уақытта тағы қандай жағымды жаңалықтар күтіп тұр?
– Басқа-басқа, әсіресе оңтүстік өңірлерде қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер берік сақталған. Бұл сөзімізге ешкім күмән келтіре алмас. Алайда кейінгі буын жастарымыздың ұлттық құндылықтарымызға көз жұма, салтымызға салғырт қарап, тарихымызға келгенде тосырқап қалатыны көңілге қаяу салады. Мұны неге қозғап отырмын. Біз әрбір нысанды жобалаған кезде бірнеше мақсатты көздейміз. Біріншіден, ашылған немесе қайта жаңғыртылған нысан жұртшылықтың бір мезгіл сейіл құрып, алаңсыз тынығатындай орны болуы керек. Екіншіден, тәлім-тәрбие ошағы болуы тиіс. Мәселен, жаңғырған «Жеңіс» немесе Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтарда қала тұрғындары тек тынығып қана қоймай, демін ішіне тартқан қатулы қазақ тарихының қанкешті бір парағымен танысуға мүмкіндік алады. Егер дамыған өркениетті елдердің қатарынан көрінгіміз келсе, ең алдымен, тарихымызды терең білуіміз керек. Тарихын білмеген ұлттың болашағының баянды болуы неғайбыл.
Сонымен қатар қазіргі уақытта «Шахристан» этномәдени кешенінде қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кешендегі ұлттық болмысымызды айшықтайтын нысандар арқылы қала тұрғындары мен қонақтары түп-тамырымызды біліп, тарихымызға тереңінен үңіле алатын болады.
Сол секілді «Тектұрмас» этнотарихи кешенінде де ауқымды жұмыстар жүргізілетін болады. Көбіне облыс орталығына табан тіреген туристер, тіпті қала тұрғындары да Айша бибі мен Қарахан кесенесіне барумен шектеледі. Басқа да көптеген тарихи-мәдени ескерткіштерге түрлі себептермен бара алмай жатады. Сол себепті де «Тектұрмас» кешенінде облыс аумағындағы тарихи-мәдени нысандардың арнайы дайындалған макеттері, қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалу мақсатында өткен сұрапыл соғыстардың («Аңырақай», «Атлах») бейнелері орналастырылатын болады.
Міне, біз тарихымызды өскелең ұрпаққа осылайша жеткізгелі отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз алдағы уақытта да жалғаса беретін болады.
Асылжан АСЫЛХАНҚЫЗЫ, «Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің» II курс студенті:
– Әрбір азаматтың өмірінде студенттік жылдардың ерекше естелігімен сақталатыны анық. Осы орайда өзіңіздің студенттік күндеріңіздің есте қалған естеліктерімен бөліссеңіз?
– Халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген қарапайым қағидат қай дәуірде болсын өзгерген емес, өзгермейді де. Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ержетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады.
Негізі, отбасында төрт ағайындымыз. Әке-шешеміз тағылымды тәрбиесін беріп, өмірде өз орнымызды табуда дұрыс жол сілтей білді. Сондықтан мектепте де, жоғары оқу орнында да үздік оқып, әке-шешеміздің үмітін ақтауға тырыстық. Менен басқасының барлығы мектепті «Алтын белгімен» бітірді. Екі пәннен төрт шығып, «Күміс белгіні» иелендім. Бірақ жоғары оқу орнын бәріміз де қызыл дипломмен бітірдік. Студент шағымда спортқа құмар болдым. Талай аламандарда оқу орнымыздың намысын қорғап, алдыңғы қатарлардан көріндік. Ал студенттік жылдар жайлы сөз қозғағанда, ең алдымен, кітапхана еске түседі. Кітапханада талай қызықтар бастан өтті ғой.

Динар БАЯНБАЕВА, «Педагогика жоғары мектебінің» II курс студенті:
– Жасырын болмаса, бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Шынын айту керек, жауапкершілік жоғары болғаннан кейін бос уақыт бола бермейді. Ал бола қалған жағдайда ұйықтауға тырысамын (күліп). Сонымен қатар студенттік күндерден қалған дағды бойынша бос уақытым болса, спортпен айналысқанды жаным сүйеді. Тауда шаңғы теуіп, суда жүзгенді де ұнатамын. Табиғат аясында серуендеу де жаныңды ерекше сезімге бөлеп, тың күш сыйлайды.
– Ал өзіңіздің тұлға ретінде қалыптасуыңызға әсер еткен ұстазыңыз жайлы айтып бере аласыз ба?
– Ұстаз ұғымы – ұлттың ұстыны мен ұжданы. Мұғалімдерді мемлекеттің жүрегі десек те жарасар. Олай дейтін себебіміз, елдің ертеңі саналатын келешек ұл-қыздарға алғаш әріп танытып, адам бойында болатын кісілік қасиетке кілт табатын да осы ұстаздар. Ұстаздарым жайлы естелік айтқанда, әсіресе физика пәнінен сабақ берген ағайым ойға оралады. Адам бойына сіңіретін құндылықтың бәрін берген ұстазымыз талай олимпиадаларға қолымыздан жетектеп алып барып, жан-жақты азамат етіп тәрбиеледі. Әке-шешем мен ұстаздарымның берген тәрбиесі бір-бірімен сабақтасып, астасып өмірде жақсы азамат болып қалыптасуыма септігін тигізді.

Сұлтанбек Сәбек, «Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің» III курс студенті:
– «Алып анадан туады» демекші, сіздей ұлды өмірге әкелген алтын құрсақты анаңыз туралы да білгіміз келеді…
– Кім өз анасын жек көреді. Алладан кейінгі ең жақыны – Ана. Аллаға шүкір, анамыз 81-ге толып отыр. Өмірдің сан қиындығын көрген анамыз тек менің ғана емес, өздеріңіз секілді барша жастың анасы деп ойлаймын. Балалық шағы сұм соғыспен тұспа-тұс келген анамыз бесік табы белінен, ана сүті ернінен кеппей жатып еңбекке ерте араласқан екен. Қиындықтар шар болаттай шыңдаған. Әкесі соғысқа аттанып, анасының тәрбиесінде қалады. Қаншама қиындықты көрсе де тобасынан жаңылмайды. Мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, медицина саласы бойынша жоғары білім алады. Тұрмыс құрып, өмірге ұрпақ әкелді. Ал қазір бейнетінің зейнетін көріп, елдің тыныштығын, амандығын тілеумен таңын атырып, кешін батырып отырған өнегелі өмір иесі.

Кездесу соңында облыс әкімі Асқар Мырзахметовпен естелік суретке түскен университет жастары мән-маңызы ерекше болған жиыннан ерекше әсер алып тарқасты.

ПІКІР