Рухани жаңғыру

«Болашаққа бағдар» аудандарға жол тартады

Written by Aray2005

Ауыл-аймақтардағы жастарды мемлекеттік бағдарламалармен таныстыру және сыбайластыққа қарсы қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында көшпелі кеңес ұйымдастырылмақшы.

«Болашаққа бағдар» деп аталған бұл көшпелі кеңестің алдағы атқарар жұмыстарын журналистерге Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Равиль Төлебаев таныстырды. Кәсіпкерлік бойынша жастарға жасалатын қолдауларды облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Жандәулет Кенжебеков мәлімдеді.
Көшпелі кеңесте әрбір ауыл, елді мекендердегі жастардың түрлі санаттарына «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Бизнестің жол картасы», «Жастар практикасы» сынды мемлекеттік қолдау тетіктері, білім, жұмысқа орналасу, дін, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау тетіктері, мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі сияқты мәселелер бойынша қабылдаулар өткізіледі.
Сондай-ақ осы кеңесте тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін дамыту мен жемқорлық мәселесін мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы шешу жолдарын түсіндіру, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын жеткізу де көзделген. Әр ауданда 3 күннен тұрақтайтын көшпелі кеңес жастармен қатар барлық тұрғындарға түрлі мәселелер жөнінде кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Тың идеялы бизнес жоспары бар жастарға арналған қайтарымсыз 3 миллион теңге грант туралы да толыққанды мәлімет беріледі. Бұл грантқа өтініш берушілер әзірге аз көрінеді. Егер инновациялық жобасы бар жас азаматтар болса, бизнес жоспарын жасап, қайтарымсыз грантты алып, өз кәсібін ашуға мүмкіндік бар.

Қамар Қарасаева

ПІКІР