«Болашақта» жаңашылдық көп

0 2

«Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың заманауи, сапалы білім алуына айрықша көңіл аударып келеді. Оның бір дәлелі – «Болашақ» халықаралық стипендиясы. Осыдан 26 жыл бұрын, яғни 1993 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған аталмыш бағдарламамен биылға дейін 13 мың маман шетелдік озық оқу орындарында білім алды. Бүгінде оның 10 мыңы оқуларын тәмамдап, елге келіп, қызмет етуде.

Ел экономикасына айтарлықтай серпіліс әкеліп қана қоймай, адами капиталдың дамуына да айрықша үлесін қосқан бағдарлама талаптарында әр жылдары уақыт сұранысына қарай өзгерістер орын алды. Мысалы, бұдан бұрын «Болашақ» аясында бакалаврлар даярлау ісі тоқтатылып, тек магистранттар білім алып, тағылымдамадан өтушілер шетелге жолданған еді. Ал, биылғы өзгерістер бойынша стипендия үміткерлері жоғары балл жинай алған жағдайда қай оқу орнына түсуді өзі шешеді. Айта кетейік, талапкерлер бұл стипендиямен тек магистратура, докторантура, резидентура және тағылымдамадан өтуге ғана бара алады. Енді магистратураға қатысты процестің бәрін бұдан былай Ұлттық тестілеу орталығы қадағалап, грант үлестіреді. Докторантураға түсуге ниеттілерде шет тілін білетінін растайтын сертификат болуы тиіс. Яғни, IELTS, TOEFL және тағы басқа халықаралық сертификаттарын өз талабымен шын еңбектеніп иеленгендер ғана білімнің әлемдік деңгейдегі биігіне өрлей алады.
Осы орайда «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамының өкілі Алтай Нұрманов бізге жаңа талаптар туралы жан-жақты түсіндіріп берді.
– «Болашақ» бағдарламасына енгізілген өзгеріс – тағы 2 категорияның қосылуы. Яғни, биылдан бастап құқық қорғау органдары мен инновациялық медицина қызметкерлері тағылымдама бойынша білімін жалғастырады. «Болашақтан» бөлек бізде үкіметаралық гранттар да бар. Халықаралық бағдарламалар орталығының серіктестері қазақстандықтарға 20 мыңнан аса грант беріп отыр. Бұлар жыл сайын берілетін гранттар. Дәл қазіргі уақытта Украина еліне оқуға талапкерлер қабылдап жатырмыз. Бұған украин немесе орыс тілінде оқуға болатын 40 грант бөлінді. Наурыз айының басынан бастап Польша елінде білім алуға ниеттілерді қабылдап жатырмыз. Бұл мақсатта поляк, ағылшын тілінде білім алатын 70-тен аса грант бөлінді. Сосын Литва елінде оқуға 100-ден аса грант беріліп отыр. Бұл гранттардың «Болашақ» стипендиясынан айырмашылығы – болашақтықтарға қойылатын кепілдікке мүлкін қою және оқуын тәмамдағаннан соң елге келіп қызмет ету талаптары қойылмайды. Яғни, үкіметаралық гранттардың иегерлері сол елде қалып жұмыс істесе де, елге қайтса да өз еркінде, – деп еліміздің білімге құштар азаматтарына «Болашақ» стипендиясынан бөлек, шетелдік оқу гранттарымен де оқуына мүмкіндік барын жеткізді.
Алтай Нұрланұлының айтуынша, қазіргі уақытта Ресейде оқуға берілетін гранттар бойынша үміткерлерден емтихан қабылданып жатыр екен. Жамбылдықтардан 25-26 ақпан күндері Тараз қалалық №39 және 45 мектептерде Ресейдің 6 жоғары оқу орнының мамандары емтихан қабылдаған. Бұған биыл мектеп бітіретін 11-сынып оқушылары бакалаврға және жоғары білімі барлар магистратураға түсу үшін сынақтан өтті. Айта кетейік, мұндай үкіметаралық гранттар жыл сайын 20 мыңнан 40 мыңға дейін беріледі. Ол туралы мәліметтерді www.bolashak.gov.kz «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамының ресми сайтынан танысуға болады.
Биылға 555 грант берілген «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсыру 25 ақпаннан бастап 31 тамызға дейін жүргізіледі.

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.