Болашақты болжайтын Жанар емші

0 34

Мына әлемдегі Құдайдың құлақкесті құлдарының арасында көріпкел, сәуегей, жұлдызшы, балшы, болжаушы, емші, тамыршы секілді бойына өзгеше қасиет дарыған адамдардың бар екені даусыз. Ол үшін француздың дәрігері һәм көріпкел Мишель де Нострадамус немесе болгариялық сәуегей Ванга секілді әлемге әйгілі адамдардың болжамдарын алға тартпай-ақ, өз ата-бабаларымыздың ішінде тарихта әулиелігімен аты қалған танымал тұлғаларды атасақ та жеткілікті. Қазақ халқының да көріпкел, емші, бақсы-балгер секілді әулие-әмбиелерден кенде болмағанын, олардың болжамы шындыққа жанасқанын қазақ халқына қатысты «кер заман» туралы болжам айтқан Мөңке би, 1932 жылғы ашаршылықты дәл болжаған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, түркі елдері пір тұтқан Бекет ата, Абылайдың түсін жорыған Бұқар жырау секілді әулие-әмбиелерді дәлел ретінде келтіруге болады.

Жанар Мұратәліқызы

Әдетте көріпкелдік адамға белгісіз күш арқылы ақылдан тыс ақпарат алумен жүзеге асырылатыны белгілі. Осындай қасиетке ие адамдар осы күнде де бар. Мәселен Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Жанар қажы Шайділданың өткеніңді көріп, болашағыңды болжаумен қатар, кісі емдейтін қасиеті де бар. Қазақстанның жұлдызды емшісі, ҚР халық және рухани емшілер қауымдастығының мүшесі, М. Настродамус атындағы халықаралық Проскопиялық Ғылым Академиясының академигі атанған Жанар Мұратәліқызы 32 жасында таңға жуық «Аллаһу әкбар», «Аллаһу әкбар» деп оянып, сол күннен бастап намазға жығылып, сол күннен бастап Құран кітабын да араб тілінде қиналмай оқып кеткен. Түркістанға барып, әулиелердің басына түнеген. О баста біреудің бойынан ауру байқаса, оның қандай дертке шалдыққанын ескертіп, дәрігерге қаралуға кеңес берумен ғана шектелген. Кейіннен өзі емдей бастаған. Мұндай қасиет атасы Бижанның да бойында бар көрінеді. Ол Меккеге қажылыққа барғанда өмірден өтіп, сол жақта жерленіпті.
Елімізде Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды секілді бірқатар ірі қалаларымен өз өңіріміздегі Жаңатас қаласының тұрғындарының дені аталған емшіге бедеулік, маскүнемдікті емдеу, Құранмен дем салдыру, жол аштыру, психологиялық тұрғыда көмек алу үшін жүгінеді. Еліміздің осындай бірқатар өңірлерін айтпағанда ол Корея, Франция, Түркия, Біріккен Араб Әмірлігі, Моңғолия секілді елдерде де ем-дом шараларын жүргізген.
– Қордай ауданының Шарбақты ауылында 1966 жылы өмірге келдім. Өзім кезінде медучилищені бітіріп, 20 жыл жұмыс істегенмін. Негізінен асыл дініміз Исламда көріпкелдіктің, емшіліктің бар екені расталған. Бірақ бұл жынмен байланыс жасау арқылы жүзеге асырылатыны нақты айтылған. Бірақ, мен адамды Құранмен емдеймін. Егер біреудің болашағын болжап, қатерден сақтандырып немесе дертінен айықтырып жатсам, мұның еш сөгеттігі жоқ. Негізінен менің қабылдауыма өз елімізде, шетелде болсын бай-бағлан немесе үлкен дәрежедегі мемлекеттік қызметкерлер, сот, прокуратура қызметкерлері келеді. Олар ем алғанын, болашағын болжатқанын, жолын аштырғанын жасырын ұстағысы келеді. Менің алдымда болған белгілі адамдарды айтар болсам, танымал боксшы Бақыт Сәрсекбаев, марқұм қазақтың көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынова, әнші Мейрамбек Бесбаевтың ата-анасы секілді тағыда басқа елге танымал адамдар келді. Мен атын атап отырған кісілер өздерінің менің қабылдауымда болғанын жасырмайтындардың бір парасы.
Әлемнің бірқатар елдерінде болғанымда байқағаным, елдің кейбірі дертіне дауа іздеп келсе, ал енді бірі сенімсіздікпен, біреудің үгіттеуімен немесе сөзбен тұқыртуға келеді. Оларға мен «сенің ниетің дұрыс емес, сондықтан саған ем қонбайды немесе болашағың болжанбайды» дегенді айтқан емеспін. Сенбей тұрғанын ескертемін, бірақ алдыма келген соң қол ұшын созамын. Болашағын болжап, өткенін есіне түсіріп, кейбіріне ем жүргіземін. Есесіне жанына дауа тапқандар о бастағы пікірінен айнып, сені алтынмен аптауға дайын тұрады.
Біріккен Араб Әмірліндегі Дубай қаласына шақыртумен бара жатқанымда қалың ойға баттым. Себебі мұсылман мемлекеті менің пайымымша бақсы-балгер, емші, көріпкелдерді ұнатпауы тиіс еді. Алайда ол жақта Құранмен ем жасауды жат әрекет деп санамайды екен.
Моңғолияда бір айдан астам уақыт ем жүргіздім. Олардың ұлтық телеарналары мен туралы арнайы хабар түсірді. Сол кезде кілең моңғолдар емделді. Ол жақта қандастарымыздың көп екенін, арасында ауру-сырқауы бар екенін ішім сезді. Бірақ, қазақтардың ішінен бірен-сараны ғана келді.
Францияда да біраз уақыт ем жүргіздім. Ол жаққа мені Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі шақырған.
Өз елімізде де жанына дауа іздегендер көп. Соның ішінде құрсақ көтеруге зар боп жүргендердің, ішкілікке бой алдырғандардың және әртүрлі тығырыққа тірелгендердің қарасы қалың, – дейді Жанар Мұратәліқызы.
Осы орайда біз Қордай ауданының тұрғыны Зәуреш Бұрынбаеваның пікірін тыңдап көрдік.
– Бәріміздің ұғымымызда құдірет күші бар екені анық және оны мойындаймыз. Ол бізге Алла атымен аян. Осыдан 15 жыл бұрын ауданның Ырғайты ауылында әкім болып еңбек еткенімді мені танитындар жақсы біледі. Мұны айтып отырған себебім, атеист болмасақ та Алланың барын сезініп өстік, жын-шайтанның да бар екенін түйсінеміз. Десе де мен Жанар қажыны алғаш мәрте жолықтырғанда оның сөзіне сенбедім. Танымайтын ортада маған жақындап келіп, «Сіздің сол жақ кеудеңізде қара дақ бар. Маған сенбейтініңіз анық. Бірақ, дәрігерге ертерек қаралмасаңыз бәрі кеш болады» деді. Ол уақытта мен жаспын әрі денсаулығым жақсы, еш жерім ауырмайтын. Қысқасы дәл сол кезде мен оны жақтырмадым, шынымды айтсам, денсаулығыма қатысты жағымсыз мәлімет айтқаны үшін жек көрдім. Күндердің күнінде қызымның шаруасымен бір ауруханаға бас сұқтым. Өтіп бара жатып маммолог дәрігердің бөлмесін көзім шалып қалды. Ары кетсе бірер минут уақытым кетер деп бас сұға салдым. Оның үстіне тәуіптің сөзі сандырақ екенін іс жүзінде дәлелдегім келді. Аурудан ада екеніме асқан сенімділікпен табалдырықтан аттағанымда, мені тексерген Әбігер Жарымаш деген дәрігер түріме шошына қарап, жедел жәрдем шақыртты. Содан не керек ауруханадан бір-ақ шықтым. 2006 жылдан емделуім басталып бірнеше айға созылды. Ең соңында бір білікті дәрігер отаны сәтті жасап шықты. Сол кезде кезінде Жанар қажының «Сіз уақытында емделетін болсаңыз бәрі сәтті аяқталады. Сізге түр-түсі мынадай дәрігер ота жасайды» деген жорамалы дәл келді. Айығып шыққаннан кейін Жанар қажыны сұрастырып жүріп тауып, алғысымды білдірдім. Содан бері арада 14 жыл өтті. Бір жерім ауырса соның көмегіне жүгінемін, – дейді Зәуреш Науханбайқызы.
Бұл кісі туралы осыдан 4-5 жыл бұрын облыстық «Aq jol» газетінде де мақала жазған болатынбыз. Сол кезде оның көмегіне жүгінгісі келген кейбір оқырманның редакцияға іздеп келгені де бар.

Нұрым Сырғабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.