Бос жатқан жерлер мемлекетке қайтарылуы тиіс

0 0

Бүгінде аймақта пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Облыс әкімдігінің жер пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының мәліметіне сүйенсек, өткен жылы облыс бойынша 104 мың гектар жерге тексеру жүргізіліп, пайдаланылмай жатқан 53 071 гектар жерге нұсқама берілген. Оның ішінде 38 750 гектар жерді иелері өз еріктерімен мемлекетке қайтарған.

Аталған басқарманың басшысы Әбілқайыр Тамабектің айтуынша, жер иелеріне нұсқама берілген соң оның меншігіндегі жердің салығы бірден он есеге артады екен. Сондықтан жер иелері сала мамандарының берген нұсқамасынан соң еселенген салықты төлемес үшін меншігіндегі жерді бірден мемлекетке қайтаратын көрінеді. Тағы бір айта кетерлігі, нұсқама берілгеннен кейін бір жылдан соң іс сотқа өтеді. Яғни соттың тиісті шешімімен мәжбүрлі түрде жерді мемлекетке қайтарады. Ал биылғы жылы облыс әкімі өңірде пайдаланусыз жатқан 70 мың гектар жерді мемлекетке қайтару туралы арнайы тапсырма жүктеді. Аталған тапсырма бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, 36 381 гектар жер мемлекетке қайтарылыпты. Бұл жердің 21 057 гектары сотпен алынған.
– Біздегі мақсат жерді иесінен тартып алу емес. Басты мәселе – агроөнеркәсіпке қажетті жерлердің тапшылығын жою. Жерді мемлекетке қайтарудағы мақсат сол олқылықтың орнын толтырып, шаруаларға жағдай жасау. Яғни жерді тиімді пайдаланып, жұмыс істейтіндерге беру. Өткен жылдың 26 желтоқсанында шағын және микрокәсіпорындарға тексеруге 3 жыл мораторий жарияланғандығы жөнінде ҚР Президентінің Жарлығы шыққан болатын. Облыста 18 мыңнан аса шаруа қожалығы бар. Бұл қожалықтардың төртеуінен басқасы шағын және микрокәсіпорындарға жатады. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, ешқайсысына тексеру жұмыстарын жүргізе алмаймыз. Соған байланысты қазіргі таңда тек түсіндіру шараларымен ғана шектелуге мәжбүрміз. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде мемлекетке жерлерін қайтарып жатқандар да бар. Айта кетерлігі осыған дейін Бас прокуратураға, Ауыл шаруашылығы министрлігіне арнайы хат жаздық. Өйткені жер пайдаланушылардың көпшілігі оны 49 жылға жалға алған. Ал оларды бақылауда ұстау – біздің міндетіміз. Сондықтан құзырлы органдарға хат жазудағы діттегеніміз сол жерлерге тексеріс жұмыстарын жүргізуге рұқсат алу. Сонымен қатар жер мемлекеттікі болған соң жерді тиімсіз пайдаланып жатқандарға шара қолдану. Біз құзырлы органдарға ұсыныс бердік. Мораторийді алып тастаған жағдайда тексеріс жұмыстарын күшейтетін боламыз. Аймақтағы ірі шаруа қожалықтарына хат жазып, жерді тиімді пайдалану туралы түсіндірдік. Сол секілді аудандарға тапсырмалар беріп, тиімсіз пайдаланған шаруа қожалығы иелеріне шара қолдану қажеттігін ескерттік. Биыл 70 мың гектар жерді қайтару жоспарланып отыр. Бұл бойынша әр ауданның жоспары бекітілген. Нақтырақ айтқанда, Шу ауданы 11 000 гектарды қайтару керек болса, нақты жағдайда 22 150 гектар жерді қайтарды. Ал Байзақ ауданына 5 500 гектар жерді қайтару туралы жоспар қойылғанымен бүгінгі күнге дейін бар-жоғы 267 гектарды қайтара алды, – дейді Әбілқайыр Ғалымұлы.
Дегенмен аудандар басқарманың жоспарды 1 желтоқсанға дейін орындау туралы межесінің үдесінен шығуға сендіріп отыр екен.
Жалпы пайдаланусыз жатқан жерлерді мемлекетке қайтару туралы Президенттің өткен жылғы Жолдауында да айтылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы соңғы өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да аталмыш мәселені тілге тиек етті.
Негізінен мемлекеттің жері егістік, тәлімдік, суармалы егістік, шабындық деп бөлінеді. Мәселен тозған суармалы жерлерді жайылымға ауыстыру, су баратын жайылым жерлерді егістікке ауыстыру секілді мәселелер де қарастырылған. Бұл жұмыстармен облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасы айналысады екен.
– Былтырғы қайтарылған 38 750 гектар жердің 2 170-сі егістік болса, қалғаны – жайылым жерлер. Биыл қайтарылатын 70 мың гектардың 10 мыңы егістік, 60 мың гектары жайылым жер. Бүгінгі күнге дейін қайтарылған жердің 32 161 гектары жайылым, 2 332 гектары тәлімді егістік, 1 216 гектары суармалы егістікті құрайды. Осы жылғы жоспар бойынша 10 000 гектар егістік жер қайтарылу қажет. Сол секілді 60 000 жайылым жер мемлекетке өтуі тиіс, – дейді Ә.Тамабек.
Сондай-ақ кәсіпкерлерге берілген жерлердің тиімді пайдалануы бойынша өткен жылы Тараз қаласына 149 іс тапсырылса, оның 27-сіне нұсқама беріліпті. Қазіргі таңда жер бойынша 5 іс сотқа жіберілген. Айта кетерлігі, басқарма құрылған 2012 жылдан бері тәжірибеде кәсіпкерлік нысанды сотқа беру мүлде болмаған. Мұндай жағдай биыл бірінші рет орын алып отыр. Басқарма 5 жер иесін сотқа берсе, төртеуі бойынша талап-арыз дайындалып қойыпты. Сонда сот арқылы 9 жер мемлекетке қайтарылатын болады. Жалпы сот арқылы жерді мемлекетке қайтару тәжірибесі облыста алғаш рет қолданылып отыр. Тілге тиек ететіні, бұл жерлердің басым көпшілігі 2000 жылдары кәсіпкерлік нысандарын салуға берілгенімен онда тиісті жұмыстар мүлде жүргізілмеген. Жалпы құрылысқа арналған жерлер 3 жыл ішінде нысаналы мақсатында пайдаланылмайтын болса ол игерілмеген болып саналады екен.
– Қалалық және аудандық жер қатынастары бөлімдері осындай жерлер бойынша далалық акт жолдайды. Біздің тарап сол бойынша шара қолданады. Алдымен тексеріс ашып, сатуға шектеу қояды. Мемлекеттік кірістер басқармасына хат жолдап, ол жердің салығын 10 есе көтереді. Келесі жылы қайтадан тексеріп, игерілмегендігі анықталатын болса іс сотқа жолданады. Осы жылға дейін кәсіпкерлік нысандардың басым көпшілігі Тараз қаласында тексеріліп келсе, биылдан бастап аудандардағы кәсіпкерлік нысандарына 2012 жылдан бергі жағдайына талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде әр ауданнан игерілмей жатқан 10-15 нысанның бар екендігін анықтап үлгердік. Бұлардың барлығына біздің тараптан нұсқама берілетін болады, – дейді басқарма басшысы.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жерлері бойынша шаруа қожалық ашылып, мемлекеттік кірістер басқармасына тіркелмеген бизнес иелерін де анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни ондай қожалықтарға жеке тұлға ретінде тексеріс жүргізуге аталмыш басқарманың толықтай құқығы бар көрінеді. Осылайша облыс әкімдігінің жер пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасы саладағы серпінді жұмыстарын одан ары жүйелендіре түсіп, бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтара бермек.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.