Босаңсуға әлі ерте

0 4

Қауіпті індетпен күрес баршаның міндеті

«Соңғы аптада Тараз қаласында, Шу, Меркі, Қордай аудандарында індеттің өршігені байқалады. Тапсырма берілген. Бірақ орындалуы көңіл көншітпейді. Әлі де болса санитарлық талаптар толық сақталмай отыр. Медициналық бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты ұстану ұмыт қалды. Дезинфекция жұмыстары жасалмайды. Кейбір кафелер таңға дейін жұмыс істейді». Облыстық әкімдіктегі коронавирустық инфекцияның алдын алу жөніндегі штаб отырысында осылай деген Бердібек Сапарбаев босаңсуға әлі ерте екенін қатаң ескертті.

Штаб отырысында баяндама жасаған облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев өңірдегі коронавирустық инфекцияның эпидемиологиялық жағдайы және жаңа толқынға дайындық туралы баяндады.
Жиынды қорытындылаған өңір басшысы вируспен күрестегі сақтық шараларын күшейтуді тапсырды.
– «Қызыл аймаққа» енген бірқатар облыс, қалалардағы ахуал қазір тұрақтала бастады. Себебі сақтық шаралары толықтай сақталып, бірқатар шектеулер қойылды. Өкінішке қарай облысымызда төтенше жағдай режимі тоқтатылғаннан кейін барлық карантин шаралары босаңсып кетті. Салдарынан індет өрши бастады.
Шын мәнісінде кедергі келтіріп тұрған ешқандай мәселе жоқ. Мәселе – санитарлық талаптардың сақталмауы. Мониторингтік топтардың жұмысы өте нашар. Жұмысты қайта жандандыру керек. Тәртіпке бағынбағандарға қатаң жаза қолданыңыздар. Жай айтқанға түсінбесе, ескертуді елемесе, кафелерді біржолата, жабыңыздар. Тұрғындардың денсаулығы бәрінен де маңызды. Сондықтан кез келген тиісті шаралар жасалсын. Босаңсуға әлі ерте. Қоғамдық көліктердің жұмысын да бақылауға алу керек. Жиырма орынды қоғамдық көлікпен отыз адам тасымалдайды. Әрине мұндай жағдайда вирус жұқтыру қаупі арта түседі. Соңғы айларда дезинфекция жұмыстары мүлдем ұмытылып кетті.
Тағы бір маңызды мәселе – бас дәрігерлердің жауапкершілігі. Дәрігерлердің өз міндеттеріне салғырт қарауынан келеңсіз жағдайлар орын алуда, – деген Бердібек Машбекұлы айтылған мәселелер бойынша жауаптыларға біраз тапсырма жүктеді.
Сондай-ақ өңір басшысы бір аптада эпидемиологиялық ахуал тұрақталмаса, шектеу шаралары күшейтілетінін айтты.

Талғат НҰРХАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.