Босқа даурығудың қажеті жоқ

0 0

Коронавирус індетінің алдын алуға Жамбыл өңірі дәрігерлері қауқарлы ма? Індет аймақта тіркеле қалған жағдайда жауаптылардың жоспары қандай? Осы сауалдарға өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов жауап берді.

Басқарма басшысының мәліметінше, бүгінгі күні әлемнің 101 елінде барлығы 114 064 ауру жағдайы тіркелген, оның ішінде 4 018 жағдай өліммен аяқталған. Көршілес Қытай Халық Республикасында 80 754 ауру және 3 136 өлім жағдайы тіркеліпті. Қазіргі уақытта Оңтүстік Кореяда, Италияда, Иранда, Францияда, Испанияда, Германияда эпидемиологиялық жағдай ушығып тұр. Елімізде, оның ішінде аймақта коронавирустық инфекция тіркелген жоқ. Жер жаһанды алаңдатып отырған аурудың айтып келмейтіндігі ақиқат. Сондықтан өңірде облыс әкімінің өкімімен облыстық комиссия құрамы, жоспары мен алгоритмі, міндеттері бекітіліпті. Медициналық ұйымдар коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарды қабылдауға және емдеуге, сондай-ақ қауіптілігі жағынан 1-А санатына жататын ҚХР, Иран және Оңтүстік Корея елдерінен келген адамдарды 14 күн мерзімге стационарлық жағдайда карантинге оқшаулауға дайын көрінеді.
– Барлық медициналық ұйымдарда медицина қызметкерлері үшін жеке қорғану құралдарының, дезинфекциялық препараттардың, дәрілік заттардың қажетті қорының болуы қамтамасыз етілді. Температура мен жөтел белгілері бар пациенттерін қабылдау жеке қамтамасыз етілетін сүзгілер жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 1-А, 1-Б, 2,3-санаттарына жататын елдерден келген азаматтарға медициналық бақылау мониторингі жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 10 наурызына облыс аумағында 1-А санатындағы елдерден, яғни ҚХР, Иран, Оңтүстік Кореядан келген 51 азамат карантинге жатқызылған. Оқшауланған тұлғалардың денсаулық жағдайлары қанағаттанарлық. Бүгінгі таңда 51 азаматтың 10-ы инкубациялық мерзімнің аяқталуына орай үйіне шығарылды.
1-Б-санаттағы елдерден келген 4 адам үй жағдайында 14 күндік карантинге бақылауда, оның ішінде 1 азамат инкубациялық мерзімнің аяқталуына орай бақылаудан алынды. Сондай-ақ 2-санаттағы елдерден келген 11 азамат (Германия, Испания) 14 күнге медициналық бақылауға алынды. 3-санаттағы елдерден келген 195 азамат (Жапония, Тайланд, БАӘ, Франция, Швеция, Малайзия, АҚШ, Сингапур, Кувейт, Бахрейн, Ирак, Ұлыбритания, Швейцария, Гонконг) есепке алынды. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда және күнделікті бақылауда, – деген Марат Сейітбекұлы індеттің алдын алу, профилактикалық іс-шаралар туралы да тілге тиек етті.
Бүгінде өңірде вирус тараған елдерден келген азаматтарды оқшаулау үшін арнайы емдеу-сауықтыру мекемелері дайындалыпты. Онда пандемия таралған аймақтан келгендерді оқшаулау үшін 495 төсек қоры да қарастырылған. Сонымен қатар вирус жұқтырған азаматтарды тасымалдауға арналған арнайы капсула және тиісті дәрі-дәрмектер қоры да дайын. Бастысы, өңірден 4 мың қызметкер оқытылса, 989 медицина маманы арнайы дайындықтардан өтіп келіпті. Әрі адам көп жиналатын орындарда дайындықтар жиі жүргізіліп тұрады екен.
Шарада басқарма басшысы дәріхана сөрелерінен табылмай жатқан медициналық бетперделер жөнінде де айтып өтті. Бүгінде арнайы бетперделер «Әмір және Д» дәріханалар желісінде сатылып жатыр екен. Оның өзінде бір қолға тек 10 данасы ғана берілетін көрінеді.
– Жасыратыны жоқ «Облыстағы дәріханаларда медициналық бетперделер сатылмайды» деген қауесеттер шығып жатыр. Ол шындыққа жанаспайды. «Әмір және Д» дәріханаларында сатылуда. Бүгінде ондай бет перделерді өңірдегі «Суперфарм» зауыты өндіруде. Оларға тәулігіне 20 мың данасын шығару жөнінде арнайы меже қойылған. Себебі, бірінші аймақты қамтамасыз етіп алуымыз қажет. Сондай-ақ бетперделерді шетелге шығармау үшін Шекара қызметінде де шектеу қойылған, – дейді М.Жұманқұлов.
Брифингте коронавирустық инфекцияның пайда болуына және оның одан әрі таралуына жол бермеу үшін медицина қызметкерлерінің күш-жігері жеткіліксіз екенін атап өткен басқарма басшысы қорғанудың қарапайым алдын алу шараларын сақтау маңызды екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар ол аталған аурудан қорқып босқа даурығудың қажеттілігі жоқ екенін баса айтып, індеттен көз жұмып жатқандардың ішінде басқа аурумен ауырғандардың қарасы көп болғанын жеткізді.

Шынболат Сейдуалиев

Leave A Reply

Your email address will not be published.