Бойына төрт мезгілдің сипатын сыйғызған

0 2

Бояуы қанық, ажары алуан мырза күз

Табиғаттың жыл он екі айда алмасып отыратын төрт маусымының бірі – күз. Бұл уақыт дүниедегі барлық өсімдіктің мәуелеп, жеміс берер шағы. Сондықтан да табиғаттың осы шағын халық жомарт күз, дархан күз деп атайды. Дархан десе – дархан, жомарт десе – жомарт! Шіркін! Бақтағы жеміс ағаштары түгел мәуе салады. Қазақстанның орталық, шығыс және солтүстік облыстарында ақ егістен мол астық жинау, қамбаға құю жұмыстары тынар емес. Танаптағы түйнекті дақылдар: картоп, пияз, сәбіз, қант қызылшасы сияқтылар өнім беруге әзір.

Жасыл күздің реңі

Күздің басы – қыркүйек. Түстік өңірде ауыл мен қала аумағындағы тал-дарақ өңін бермей бәз-баяғы қалпында көгеріп, жайқалып тұр. Маусымның осынау құлпырған тұсын қазақ «Жасыл күз» деп атаған. Күзге бейім өлара шақта алқаптағы көкке бой түзеген ару дақыл – жүгері собығындағы құндақтаулы сәбидей сота шашақтары түсін сәл өзгертіп, қоңыр түске бояла бастайды. Танаптың ішіне кіріп кеткен жан мұрнына бірдей келген күннің исі мен дүмбіл исіне кәдімгідей тұшынады. Бұл кезде күздің ілкі белгісі – бірді-екілі жапырақтар сабағынан үзіліп түседі.
Әуелі қырдағы қуқыл тартқан ебелектер пісіп, бойындағы ащы дәмінен арылады. Жаздай мұрын жаратын кермек исінен қашып, маңына жоламайтын қылқұйрықтылар енді оған сүйсіне ауыз қояды. Ебелек пісетін күзгі күннің бұл ыстығына орай келетін амалды халық «Ебелектің ыстығы» деп атайды. Ебелекке тойған биенің сап-сары қымызы қоюланып, бал татиды. Ата-бабамыз осынау қымызды аса қадірлеген.

Күрең күздің көрінісі

Қазанның басына қарай тал-дарақ өңін бере бастайды. Бақшадағы қауын мен қарбыздың желісі қурап, қазан болады. Шын күздің келгенін баян ететін бір белгі үйеңкінің жапырағы сарғыш тартады. Күн ашық, жаймашуақ, жылы күндері адам бойы жетер жерде ұзыннан-ұзақ шұбатылған көзге көрінер-көрінбес мизам керуені қалықтайды. Айдың жарым ортасында түнге қарай күн суытып, ызғарлы демі сезіледі. Жемісінен ерте арылып өңі жұқарған ағаштардың жапырақтары суыққа төзбей, өңін жоғалтып күреңітеді. Өсімдіктің күрең тартуы үсікке ұрынбаса да суыққа шалдығуының белгісі.
Күрең күздің ажарын айқындап, аталмыш тіркесті поэзия айналымына алғаш енгізген ақын – Мұқағали Мақатаев: Күрең күн, күрең мұң. Тап басады.
Жыртылып жатыр күрең жер,
Күрең жер –тозған кілемдер.
Күрең тау анау, күрең бел,
Күрең бел жиған кілемдер.
Қош енді, қош бол, күрең күз! – дейді сезімтал ақын. Мизан. Қазан.

Сап-сары жапырақ жауған сарыала күз

Қазанның аяғына қарай батыстан соққан жел екпіні күшейіп, аспанды бұлт торлайды. Ағаштардың кейбір жапырақтары өзінің әуелгі ажарынан ажырап, қатқыл тартады. Жел тұрса қалтырап, үзіліп түсуге дайын. Ал баз бірі дымқыл ауа мен жауған жаңбыр әсерінен балбырап, жұмсарады. Ол күн өткен сайын кеберсіп, желмен көбелектей шыр айналып жерге қонады да адам аяғы астында шыныдай сынады.

Қоңыр күзде төңірек қарақошқыл

Күздің соңғы айы – қараша. Төңірек қоңыр түспен көмкерілген. Аспанды қорғасындай ауыр қоңыр бұлт торлайды. Желіні жер сызған қоңыр сиырдай, тым төменмен ұшып барады. Даладағы жапырақтан түгел ажыраған бұта мен ағаштардың сидам сабағы да қарақошқыл тартқан. Базарлы дәуренін аяқтап қысқы ұйқыға кіріскен тәрізді.
Сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында әдебиет әлеміне жаңа қадам басқан қазақтың талантты жазушыларының бірі Қалихан Ысқақов өзінің тырнақалды повесін «Қоңыр күз еді» деп атаған болатын. Содан бастап қоңыр күз атауы әдебиетте кеңінен қолданыла бастады. Иә, қоңыр күздің соңы қарлы қысқа ұласуға бейім. Жас кезімізде 7 қарашада тізеден қар жауғаны есте. Ол да сан бояулы күздің тосын суреті болмақ.
Ең бастысы егіс танаптарынан алынған барлық түсім әлдеқашан қамбаға жиналған. Келер өнімге дейінгі халықтың татар ризығы дайын.
Төрт мезгілді табиғаттың барша сипатын бойына сыйғызған пейілі кең – Мырза күз, біз өзіңе ырзамыз!

Қамбар ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ,
журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.