"Заң және біз" Елбасы Жолдауы

Браконьерлер бой бермей тұр

Written by Aray2005

Сайын даламыздың сай-саласын қан сасытып, қызық қуған браконьерлер «аңның киесі бар» деген қағидаға әсте мойынсұна бермейтін секілді. Олар тіпті заңға да бағынбайтын болып алған ба дейсің. Түз тағысына аяусыз оқ атуда ешкімнен жасқанбайтын олардың еркінсігені соншалық, осы күні қаруын адамға кезейтінді шығарды. Осыны ескерген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев браконьерлердің жолын кесуді, оларды қатаң жазалауды мемлекеттік деңгейде көтеріп отыр.

Қасым-Жомарт Кемелұлы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Соңғы уақытта болған қайғылы оқиғалар ұйымдасқан қылмыстың тағы бір түрі – браконьерлік проблемасының бетпердесін ашты. Бүгінде браконьерлер сақадай сай жабдықталып, қаруланған және өздерінің жазалана қоймайтынына сенімді. Биылдың өзінде жануарлар әлемін қорғап жүрген екі инспектор браконьерлердің қолынан қаза тапты. Жақында Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл көлінде браконьерлердің қылмыстық тобы ұсталды. Бұл тек бір ғана мысал, алайда браконьерліктің тамыры тереңге жайылған, соның ішінде бұл құқық қорғау органдарының салғырттығынан болып отыр. Браконьерлер ұлттық байлығымыз –
табиғатымызға аяусыздықпен орны толмас зиян келтіруде. Үкіметке екі ай ішінде тиісті заңнаманы қатайту үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын», деді.
Өңірдегі аң-құстың өсіп-өнуіне және қоршаған ортаға залал келтіруші браконьерлермен күрес жүргізетін облыстағы бірден-бір мекеменің бірі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы. Аталған мекеменің аңшылық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрғали Ниязқұловтың айтуынша, былтыр аумақтық инспекция заңсыз аң аулаған 60 заңбұзушылық дерегін анықтаса, биылғы жылдың 8 айында рұқсатсыз аң аулап жүрген 25 браконьер қолға түсіпті. Олар заң аясында жауапқа тартылған. Әсіресе «Қызыл кітапқа» енген аң-құс немесе бауырымен жорғалаушыларды аулағандарға жаза тым қатал. Десе де бағымызға орай, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген аңдарды аулау дерегі әзірге кездеспеген.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында жануарлар дүниесін қорғау бойынша Үкіметке арнайы тапсырма берген болатын. Алдағы екі айдың ішінде браконьерлерге қатысты заң күшейтілетін болды. Соның арқасында арқаны кеңге салған заңсыз аң аулаушыларға нақты тыйым болады деп күтілуде. Қазірдің өзінде инспекторлардың жұмысын күшейту бойынша және заманауи материалдық базаны жаңарту жөнінде министрлік тарапынан нақты жұмыстар жүргізу қолға алына бастады.
Браконьерлермен күрес жүргізу о бастан шешімін таппай келеді. Бірақ елімізде орын алған соңғы қайғылы жағдайдан кейін заңсыз аң аулаушылармен күрес айтарлықтай күшейтіле түсті. Бұл тұрғыда жергілікті атқарушы орган және облыстық полиция департаментімен бірлесе отырып, жануарлар дүниесін қорғау бойынша арнайы жұмыс жоспары бекітілген болатын. Бүгінде сол жоспарға сәйкес нақты жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің осы жылдың маусым айындағы №144 өкімімен облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемелерінің қызметіне ішкі бақылауды және облыс аумағында браконьерлікпен күресу, күзету жұмыстарын жүзеге асыру үшін жедел топ құрамы бекітілген. Топтың құрамына орман шаруашылығы мекеме қызметкерлері енген, – дейді Нұрғали Жұмаділұлы.
Біз сөз етіп отырған инспекция қызметкерлерінің штаттық саны – 32. Мемлекеттік инспекторлардың қауіпсіздігі үшін оларға 20 қару-жарақ бекітіліп беріліпті. Іссапар кезінде инспекторлар міндетті түрде мемлекеттік қарумен қамтамасыз етіледі екен. Егер инспекцияның материалдық базасы жақсы болса, заңсыз аң аулаушылармен күрес жүргізу айтарлықтай жеңілдей түсетіні анық. Мәселен, инспекция иелігінде 16 мемлекеттік автокөлік бар. Соның ішінде 7 «УАЗ», 1 «Газель» мен 6 «Chevrolet Niva» және «KIA Sportage», «Toyota Fortuner» көліктері браконьерлерді құрықтауға жарап тұр.
Жалпы облыс аумағында 49 аңшылық алқап орналасқан болса, оның ішінде 44 аңшылық алқап 27 табиғат пайдаланушыға бекітіліп беріліпті. Мұнан өзге 5 аңшылық алқап резервтік қор есебінде екен. Бекітіліп берілген аңшылық алқап 107 қорықшының қарауында көрінеді. Ол аумаққа тиесілі 88 автокөлік бөлініп, 54 кордон және 20-дан аса қонақүй орналасқан. Ал «Андасай» секілді мемлекеттік табиғи зоологиялық қорықтарды күзетумен «Охотзоопром» іспетті республикалық мемлекеттік мекемелер де айналысады екен. Олардың да міндеті – «Қызыл кітапқа» енген аң-құстарды қорғау және өсімін молайту.
«Алакөл» аңшылық шаруашылығының директоры Владимир Гришин Ақмола, Қарағанды облысында орын алған оқиғалардан хабардар екенін, браконьерлермен күрес жүргізуде заңды күшейту жөнінде Президент берген пәрмен орынды екенін айтады.
– Менің аңшылық шаруашылығымның аумағы 34 мың 170 гектарды алып жатыр. Ол Мойынқұм ауданында орналасқанымен, Балқаш пен Алакөл көлінің оңтүстік-батыс шеттерін қамтиды. Өзім аңшылық шаруашылық жүргізіп отырған аумақта әзірге заңсыз аң аулау дерегі кездескен жоқ. Бұған сол аумақты қоруда республикалық «Охотзоопром» мемлекеттік мекемесінің мамандары, облыстық қорықшылар, егерлердің қол ұшын тигізіп жүргені сеп болып отыр деп нық сеніммен айта аламын. Оның үстіне біздің аумақта аңшылардың күз айында маусымдық жолдама алып, аң аулауына құқығы бар. Бұл белгілі бір шектеумен ғана жүзеге асырылады. Мәселен, аңшылық алқабымдағы өзен-көлдерде жергілікті тұрғындардың қармақпен 5 келіге дейін тегін балық ұстауына мүмкіндігі бар. Мұны айтып отырған себебім, егер аңшылық шаруашылық иелері жұртшылыққа аң аулау маусымында жолдама беруді ойластырмаса, не болмаса ол тым қымбат болса, олардың заңсыздыққа баратыны анық. Ал біз сөз етіп отырған мәселе киік атуға құнығып, соның бағалы мүйізін саудалау үшін немесе басқа да рұқсат етілмеген аң-құсты аулау үшін қолына қару алғандар жайлы болса, онда әңгіме басқа. Мұндай қадамға барғандарды қатаң жазаламаса болмайды, – дейді Владимир Павлович.
Рас, аңшылық – атакәсіп. Десе де халқымыз кезінде күнкөріс көзіне балаған осы кәсіп түрін аңшылыққа ебі барлар саят құру арқылы ит жүгіртіп, құс салу секілді бекзат өнермен игерген. Олар аң-құсты қай кезде аулап, әлде аулауға болмайтыны секілді табиғат заңынан аттап өтпеген. Ендеше, аң аулауды заңды белшеден басу, көзге түскен аң-құсты «Қызыл кітапқа» енген тізімде бар-жоғына қарамай жаппай қырып-жою деп ұғынған браконьерлерді сабасына түсіретін кез жетті. Ол үшін қатал заң, ал қорықшылар тарапынан қырағылық қажет-ақ.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР