"Кәсіпкерлік"

Брикет өндірген бизнесмен атанады

Written by Aray2005

Қалауын тапқандар қалдықтан қалтасын қампайтып жүр

Жылыту маусымында шарықтап шыға келетін тас көмірдің жырын облыстағы көгілдір отынмен қамтылған ауыл тұрғындары таңды таңға ұрып айтуға әзір. Жыл сайын қылышын сүйретіп қыс келген тұста көмір қоймаларын жағалайтын ауылдықтардың жанайқайы негізсіз емес. Жергілікті билік өңірді толық газбен қамту жұмыстарының кезең-кезеңімен 2025 жылға дейін жүргізілетінін айтады. Ал ауылдағы ағайынға оған дейін қыс ызғары сезілгеннен көмір алудың қамымен қомақты қаражатты шығын етуге тура келеді. Дәл осы мәселенің өзектілігін ескерген М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Enactus TarSU» командасының алғыр жастары экономикалық әрі экологиялық тиімді ғылыми жобаны қолға алған. Нәтижесінде көмірден арзан әрі қуатты брикет деп аталатын отын түрінің өндірісіне жол ашылды.

Әртүрлі тұрмыстық және шаруашылық қалдықтары мен көмір күлінен тұратын брикеттің өзіндік құны тас көмірден 8 есе арзан бағаланады. Мәселен, қыс айларында тас көмірмен жылытылатын үйде тұратын бір отбасы жылуға 185 мың теңге жұмсайтын болса, брикетті қолдану бұл шығынды 95 мың теңгеге дейін төмендете алатын көрінеді. Әлем елдерінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылық салаларының қалдықтарынан дайындалатын брикет қолдану тәжірибесі бұрыннан бар.
– Біздің жоба «Warm Box» деп аталады. Бұл тіркесті сөзбе-сөз аударғанда «жылы қорап» деген мағынаны береді. Яғни біздің команда көгілдір отын жоқ ауылдардағы жылыту маусымы кезіндегі шығынды оңтайлауға ден қойған. Оның алгоритмі қарапайым. Біз ауыл тұрғындарына брикетті өз қолымен өндірудің жолын үйретеміз. Ары қарай олар осы әдіспен табыс тауып, бүкіл ауылды жылыту маусымына қажетті отын түрімен қамтиды. Брикет өндірісін қолға алу туралы ой 2017 жылы жылыту маусымына әзірлігі жоқ отбасыға команда болып көмектескеннен кейін келді. Алғашында брикетті механикалық қондырғылармен шығардық. Қазір бұл үрдіс толығымен автоматтандырылды. Бұл құрылғылар тәулігіне 500 дана брикет өндіреді. «Warm Box» жобасын енгізудің тәжірибе алаңы ретінде қалаға жаңадан енген Көлтоған, Құмшағал, Шөлдала аумақтары таңдалып алынды. Бұл ауылдарда көгілдір отынмен қамтылмаған үйлер бар. Әрі ауыл тұрғындары мал шаруашы­лығымен айналыса­тындықтан мұнда брикет өндірісіне қажетті шикізаттың мол қоры бар, – дейді «Enactus TarSU» командасының мүшесі Диана Нарбаева.
Алғыр жастар жасампаз жобаны жүйелі жүзеге асыруда сан түрлі сала мамандарымен байланыс орнатқанын айтады. Әсіресе брикеттің химиялық құрамын түзуде «Enactus TarSU» командасының мүшелері М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің химик-ғалымдарымен байланыс орнатқан. Ал қазір жоба авторлары жамбылдық брикеттің құжаттарын реттеп, оны нарыққа шығаруға әзірленіп жатыр.
– Брикеттің негізін құрайтын малдың көң-қиының ауылдық жерлерде тау болып үйіліп, елді мекеннің көркін қашыратыны өз алдына, олардың жергілікті жердің экологиясына тигізер зардабы да мол. Ал біз брикет өндірісін жолға қою арқылы қалдықтарды шикізатқа айналдырамыз. Сондықтан да бұл жобаның экономикалық тиімділігі зор. Әрі қоршаған орта тазалығын сақтауға да өз үлесін қоса алады.Қазір әлгінде айтылған 3 ауылда біздің жоба аясында 7 кәсіпкер пайда болды. Олар брикет өндірісін қолға алып, ауылдастарының қатты отынға сұранысын өтеуде. Алдағы уақытта бұл жобаның ауқымын мейлінше кеңейтіп, оны облыстың көгілдір отынмен қамтылмаған басқа ауылдарында қолжетімді ету жоспарда бар, – дейді Диана Нарбаева.
Жалпы, студенттер арасындағы белсенді әрі халықаралық дәрежедегі ұйым саналатын «Enactus» кәсіпкерлікке бағыттау, бизнес бастауға көмектесумен айналысады. Ал жақында осы ұйымның ұлттық кубогы сарапқа салынып, 50 жоғары оқу орнының намысын қорғаған
1 000-ға жуық студент өз жобаларының үздік екенін дәлелдеуге тырысып бақты. Алайда олардың арасынан көмірге баламалы отын түрінің өндірісін қолға алған жамбылдық жастардың жобасы оқ бойы озып шықты. Осылайша ауыл тұрмысын түзеудің жолын қарастырған жастар өз дегеніне жетті. «Enactus» қозғалысының байқауында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанды. Ауылдықтардың жылыту маусымына жұмсайтын шығындарын қысқартуға қол жеткізіп, жұмыссыз ауыл тұрғындарын кәсіпкерге айналдырды. Ендігі жерде алғыр жастардың жобасына жауапты мекемелер мен ұйымдар тарапынан лайықты қолдау ұйымдастырылса, тұрмыстық қалдықты отын ретінде пайдалану мүмкін болмақ.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР