Брюммердің бізге қалдырған мұрасын білесіз бе?

0 2

Леонид Владимирович Брюммер – кеңестік суретші. Ол 1889 жылы Херсонда дүниеге келген. Брюммер гимназияны аяқтай салысымен 1910 жылы Киев көркемсурет училищесінің натюрморт класына оқуға түседі. 1915 жылы Санкт-Петербургтегі императорлық көркемсурет академеясының табалдырығын аттағанда жас суретшінің шығармаларын профессор А.Х.Дубровский «Бейнелеу мен бояуларды жақсы сезіне білген» – деп жоғары бағалайды.

1917 жылы суретші өмірінде үлкен өзгерістер болады. Өзінің орыс емес тегіне байланысты Л.Брюммерге күллі Ресейді кезуге тура келеді. Бірақ ол бұл қиыншылықтың барлығын үлкен жігерлілікпен көтере білді. Оның салған суреттеріне қарағанда ол әр жылдары Қырымда, Украинада, Кабардин-Балкар елдерінде тұрған. Осы жылдары салған суреттерінде оған қиын-қыстау кезеңдерде ерекше серпін берген табиғат көріністері айрықша орын алады. Атап айтқанда, Ялта теңізінің жағалауы, Украинаның көктемі мен күзінің ландшафтары, Кабардин-Балкардың қатал табиғаты бейнеленген. Әсіресе Брюммердің дала гүлдерін салған суреттері теңдесі жоқ шығармалар болып саналады. Ол өз шығармаларына ерекше «брюммер» көңіл күй дарытып, бұл оларды басқа авторлардың суреттерінен дәл ажыратып, тануға мүмкіндік береді.
Л.Брюммер «неміс ұлтының өкілі» ретінде соғыстың бас кезінде тағы да саяси қуғын-сүргінге ұшырап, Нальчиктен Қазақстанға, яғни Павлодар облысына жер аударылады. Ол кезде мұнда да сұрапыл соғыстың салдарынан халық аш-жалаңаш, күйзелісті күн кешіп, қара жұмыс істеп жатқан болатын. Жергілікті тұрғындармен бірге Брюммер де жұмыс істеді. Алайда өмірінің мәніне айналған бейнелеу өнерінен қол үзген жоқ. Өз әлемімен ғана өмір сүретін өзге де талант иелері секілді ол да басқаларға түсініксіз өмір сүрді. Жартылай қираған лашықта жалғыз өзі тұрып, аштық пен суықтың тауқыметін тартты. Дүние-мүлкі мен азық-түліктерін өзі үшін теңдесі жоқ құтыдағы бояуларға айырбастап, керемет картиналарды салды.
Өмірінің соңғы 15 жылын суретші Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында өткізген. Ол уақытта Л.Брюммер 66 жаста болатын. Жасының келіп қалғандығына қарамастан, ол мұнда да өнімді еңбек етеді. Күнделікті нан тауып жеп отырған безендірушілік жұмысымен бірге сурет салуын да тоқтатпайды. Кәсіпқой суретшілер оның бұл кезеңдегі салған суреттерінде шынайылықпен қатар, өмірлік тәжірибесінің де ұштасып жатқандығын айтады. Табиғаттың қай мезгілінде де адамдар қолына қолшатыр мен этюд ұстаған егде тартқан суретшіні парктен, орталық алаңнан немесе өзеннің жағалауынан көретін. Міне, сол кездегі қаланың тыныс-тіршілігін қылқаламмен қағаз бетіне түсірген. Жыл өткен сайын жасарған Жамбыл қаласының бет-бейнесі уақыт ағысымен айналып, сурет күйінде бізге жетіп отыр.
Ол қиындық көріп, кедейшілікте өмір сүрсе де өзінің бірде-бір жұмысын сатпады. Оның өмірлік философиясы «Менің әйелім– кескіндеме, ал картиналар – менің балаларым» деген тұжырымға тоқтаған. Яғни ол балаларын сату мүмкін емес екенін айтты.
Әйгілі суретші 1971 жылы 1 қарашада 82 жасқа қараған шағында қарттар үйінде көз жұмды. Қайтыс боларынан бұрын Леонид Владимирович Брюммер облыстық тарихи-өлкетану мұражайына мыңнан астам картиналарын, көркем көрмелердің бірегей каталогтарын, альбомдарды сыйға тартты. Бүгінде оның шығармалары Херсон облыстық көркемсурет мұражайында, Киевтегі Украина тарихының Ұлттық мұражайында, Алматы және Павлодар, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайларында жеке коллекциялары сән беріп тұр.
Ал Тараздың 2000 жылдығына орай Қазақстандағы Германия, Франция, Ресей елшілігінің қолдауымен салтанатты түрде ашылған Леонид Владимирович Брюммердің көркемсурет мұражайы өз атын алған суретшінің мыңнан астам картинасын сыйдырды. Осы орайда біз қала тұрғындары мен қонақтарды шебердің мұражайына барып, оның өнер туындыларын тамашалауға шақырамыз. Осындай ұлы суретшінің өмірінің соңғы жылдарын біздің өңірде өткізіп, қайталанбас өнер туындыларын жасағанын мақтанышпен айтуымызға болады.

Гүлмира НҰРХАНОВА,
облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты
Көркемсурет галереясының өнертанушысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.