Жамбыл жаңалықтары

Бұқараның жайы – басты назарда

Written by Aray2005

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев онлайн режимінде халықпен тікелей байланысқа шығып, карантин кезіндегі хал-ахуалға, елдің жайына жан-жақты тоқталып өтті.

Онлайн жүздесу барысында облыс әкімінің орынбасары ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, қазіргідей қысылтаяң уақытта халықты алаңдатып отырған әлеуметтік төлемдер, жұмыссыздықтың алдын алу, індеттің таралуына жол бермеу шаралары секілді бірқатар маңызды тақырыптарды тілге тиек етті. Ержан Жұматұлының айтуынша, әлемді әбірге салған қауіпті індет кезеңіндегі облыстағы жағдай тұрақты. Жалпы кесел қаупімен анықталған 113 адамның 43-і толық жазылып, үйлеріне қайтқан. Оның ішіндегі 66 азаматтың төртеуі Қырғыз Республикасына қайтарылыпты. Қалғаны дәрігерлердің тұрақты бақылауында қажетті ем-шараларын алып жатыр. Жалпы індет кезеңінде аймақта 1364 дәрігерлік төсек жабдығы әзірленген. Халықтың басты байлығын сақтап қалуға 770 медицина маманы жұмылдырылыпты. Осы ретте Ержан Жұматұлы қызметі ерлікпен пара-пар дәрігерлердің еңбегіне ерекше алғыс білдіріп өтті. Сонымен қатар атыраулық «Теңізшевройл» компаниясында вахталық әдіспен жұмыс істеп жүрген 400 азамат өңірге қайтарылғанын, олардың денсаулығы жіті бақылауда екенін және алдағы күндері тағы да осыншама азаматтың аймаққа оралатынын жеткізді. Бұған қоса 6700 маман тестілеуден өткен. Ондағы негізгі басымдық сақтық шараларының басы-қасында жүрген құқық қорғау, медицина, төтенше жағдай салаларының мамандарына берілген. Бұған дейін тәулігіне 600 адам тестілеуден өтіп келсе, енді бұл меже екі есеге артқан. Осы ретте 2 мыңдай ақхалатты абзал жанның қалтқысыз еңбегін қолдау мақсатында үстемеақы төленіпті. Ал стационар, жұқпалы аурулар бағытында жұмыс жасайтын 130-дан аса дәрігер қаладағы қонақүйлерге орналастырылып, күнделікті ыстық тамақпен қамтылған. Және індет кезінде сақтық шараларын қамтамасыз ету, қажетті залалсыздандыру материалдарын алуға 1,5 миллиард теңге қаржы қарастырылған.
Облыс әкімінің орынбасары тұрғындардың мәселелерін де тілге тиек етті. Қазіргі жағдайға байланысты 109 телефоны және аймақтағы 48 блок-бекетте арнайы заманауи құрылғылармен жабдықталған мамандар, сонымен бірге жедел штаб электронды негізде жұмыс істеп жатқандығын айта кетті. Бұл блок-бекеттерде қазір мыңнан астам маман қалыпты сақтық шараларын қамтамасыз етуде. Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде облыста 270 мың адам 42 500 теңге әлеуметтік көмекке қол жеткізген. «Nur Otan» партиясының «Bіz bіrgemіz!» акциясы негізінде 16 768 азамат арнайы белгіленген 7 бағыт бойынша 50 мың теңгеден көмек алған. Сондай-ақ облыстық экономикалық тергеу департаментімен тәркіленген 530 мың дана киім өңірдегі мұқтаж азаматтарға үлестірілмек. Өнер, спорт, кәсіпкерлік саласында жүрген ел мақтаныштарының қолдауымен 3 мыңнан астам отбасыға көмек көрсетілген. Бұған қоса аймақтағы 119 мың тұрғынның 15 мың теңге көлемінде коммуналдық қызмет шығындарын өтеу мақсатындағы тізімі жасалыпты. Жақын күндері бұл көмек те мұқтаж азаматтарға берілмек. Осы секілді аймақтағы жұмыс қарқынын жіпке тізіп атап өткен облыс әкімінің орынбасары әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан туындаған қашықтықтан білім беру, Ұлы Жеңістің 75 жылдығын атап өту сынды сұрақтарына да жауап берді.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

ПІКІР